Мазлұмның дұғасы

Бұрынғы заманда Хорасан өлкесін Абдуллаһ бин Тахир атты уәли (әмірші) билеген екен. Ол өте әділетті кісі болған.

Бірде сақшылары бірнеше ұрыны ұстап, уәлиге хабар береді. Жол-жөнекей қолға түскен ұрылардың біреуі қашып кетеді. Сол тұста Нишапурға іссапармен барған хираттық бір ұста, үйіне қайтып келе жатып Хорасан арқылы өтеді. Сақшылар оны ұры екен деп ұстап алады. Басқа ұрылармен бірге әміршіге алып барады. Әмірші: «Барлығын зынданға тастаңдар!» деп бұйырады.  

Ешқандай кінәсі жоқ ұста зынданда дәрет алып, намаз оқиды. Қолын жайып, «Иә,  Раббым, кінәлі емес екенімді тек сен ғана білесің. Мені бұл зынданнан сен ғана құтқара аласың» деп дұға етеді.  

Әділетсіздікке ұшыраған ұста осыншалықты жалбарынып отырғанда, патша үйінде еш қамсыз ұйықтап жатқан еді. Түсінде өте қуатты төрт адам оның тағын төңкеріп жатқанын көріп, шошып оянады. Шошып оянып, дереу дәрет алып, екі рәкат намаз оқиды да, тәубе етіп қайтадан ұйықтайды. Тағы да сол төрт адамның тағын төңкеріп жатқанын көріп, қайта оянады. Өзінен зұлымдық көрген адамның наласы бар екенін түсінеді де, күндізгі ұрыларды есіне алады. Мүмкін ішінде жазықсыз біреу бар шығар, деп дереу зынданның басшысын шақыртып сұрайды:

- Кеше жазықсыз зынданға тасталған адам болды ма? – дейді.

- Мырзам, ол жағын білмедім. Бірақ, кешегілердің ішінен біреуі намаз оқып, көз жасын төгіп көп дұға етті,- дейді. Сонда әмірші:

- Ол адамды менің алдыма әкеліңдер! - деп бұйырады.

Ұста әміршінің алдына келгенде оқиғаның мән-жайы баяндап, кінәсіз екендігін айтады. Сосын әмірші оған былай дейді:

- Жазықсыз түрде зынданға тастағаным үшін кешіре гөр! Мына мың күміс ақшаны өзіңе сыйға тарттым, егер басыңа іс түссе тікелей өзіме кел! - дейді. Сонда нұрлы жүзімен жымиған ұста былай дейді:

- Мен сені кешірдім, сыйлығыңды қабыл алдым. Бірақ басыма іс түскенде саған келе алмаймын.

- Неге келе алмайсың?

- Өйткені, мендей бір пақыр үшін сендей сұлтанның тағын бірнеше рет төңкерген жаратушы ием тұрғанда, қалауымды сенен сұрағаным құлдыққа жараспайды. Намаздан соң оқыған дұғаларым арқылы мені қаншама қиындықтан құтқарып, арман-мақсатыма қауыштырды. Осылардан соң қалайша басқа біреудің алдына сыйынып бара аламын? Раббым шексіз рақымдылық қазынасының есігін ашып, шексіз ихсан дастарханын баршаға жайып отырғанда басқаға қалай бара аламын? Кімнің қалағанын бермеді? Кімнің қолын бос қайтарды? Әрине, қалай сұрауды білмегендер, ала алмайды. Құзырына әдеппен шықпағандар, рақымдылығына қауыша алмайды...

Ешкімге қарғыс айтпау керек

Мазлұмның (зұлымдыққа ұшыраған адамның) қарғысынан сақтану керек. Әділетсіздікке ұшырап, жәбір көрген, зұлымдық отымен бетпе-бет келген адамның іші өртеніп, жәбірлеушісіне бетдұға етуі (қарғауы) мүмкін. Ондай дұға қабыл болу мәртебесіне жетеді. Сондықтан ешкімнің ақысын жемеуге, ешкімге зұлымдық етпеуге, ренжітпеуге мұқият болу қажет. Адамдардың разылығын, батасын, игі дұғасын алуға тырысқан жөн. Хадис шәрфите былай делінеді: «Әке-шешенің баласына және мазлұмның (зұлымдыққа ұшыраған адамның) залымға жасаған бетдұғасы (қарғысы) бос қайтпайды (қабыл болады)» (Әбу Дауд).

Хазреті Әбуддәрда былай дейді: «Зұлымдыққа ұшыраған адамның қарғысынан, лағынетінен және жетімнің көз жасынан сақтаныңдар. Өйткені, адамдар рахаттанып ұйықтап жүргенде олар дерт, қиыншылық, қайғы-мұңның ішінде көңілі жабырқаулы болады».

Залымнан басқаға бетдұға ету (қарғау) күнә болады. Залымға оның жасаған зұлымдығындай мөлшерде бетдұға ету жаиз (рұқсат). Дегенмен, залымға да қарғыс айтпай, кешіріп, сабыр сақтаған жөн.

Ешкімге қарыс айтпай, бетдұға (қарғыс) жасауға әдеттенбеу керек! Өйткені қарғыс айтылған адам бұған лайық болмаса, яғни әділетсіз түрде айтылған болса, бұл қарғыс айтқан адамның өзіне кері қайтады. Хадис шәрифте: «Бір адам лағынет айтқанда, лағынет айтылған адам бұған лайықты емес болса, бұл лағынеті өзіне қайтады» делінген.

Әбу Хурайра радиаллаһу анһ былай деген: «Бір соғыста кәпірлердің жойылып кетуі үшін дұға етуін сұрадық. Пайғамбарымыз: «Мен лағынет айту үшін, адамдардың азапқа ұшырауы үшін жіберілген жоқпын. Мен адамдарға жақсылық ету үшін, адамдардың бақытқа қауышуы үшін жіберілдім» деген».

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз!