Абдуллаһ бин Тахир Аббасилер заманында өмір сүріп, халықты ең әділ, ең жақсы түрде басқарған уәли (әкім) еді. Баласы Ракка қаласына уәли етіп тағайындалғанында оған насихат ретінде хат жолдайды. Кейіректе бұл хат халифаның қолына жетеді. Бұл насихаттар халифаның көңілінен шығып, оны көбейткізіп бүкіл уәлилерге таратады. Бұл хат мынадай мазмұнда болатын:
♦ Әр сәтте Аллаһтан қорық! Оның әмірлеріне қайшы тірлік жасама! Аллаһу та’аланың саған мейірім етіп берген ниғметтерін ахиретке дайындық жолында қолдан!
♦ Бәрінен де маңызды ісің намаз болғай! Ең жақсы түрде дәрет алып, тадили әрканына мән беріп, бес уақыт намазыңды міндетті түрде уақытында оқы! Намаз адамды жамандықтардан алыстатады. Өйткені Анкебут сүресінде «Дұрыс оқылған намаз адамды үлкен күнәлардан және Аллаһу та’аланың разы болмаған нәрселерінен қалайда алыстатады» делінген.
♦ Қол астыңдағы адамдарға мейіріммен мәміле ет! Олардың ақылары мен құқықтарын қорға! Әрдайым әділ бол!
♦ Ғалымдардың қадірін біл! Олармен кеңесіп отыр! Кеңеспей іс бастама! Сен ғалымдарды құрметтесең, қарамағыңдағылар сені құрметтейтін болады.
♦ Қарамағыңдағы адамға нақты дәлелің болмастан кінә тақпа! Өйткені кінәсіз адамды айыптау харам болады.
♦ Берген уәдеңді міндетті түрде орында! Адамдарға жақсылық жасауға тырыс! Қол астыңдағылардың айыбына көз жұм!
♦ Адал, жақсы адамдарды құрметте! Жақсы адамдарға, жақсы іс жасап жатқандарға көмекші бол! Әлсіздерге көмектес! Туыстарыңмен араласып, оларды зиярат етіп тұр!
♦ Жаман қалаулардан және зұлымдық атаулыдан аулақ бол! Тіпті ондайды ойыңа да алма! Ашуланған кезіңде өзіңе ие бол! “Мен болса да басшымын, қалағанымды істеймін” деп ойлаушы болма! Бұлай ойлау Аллаһу та’аладан алыстаудың белгісі.
♦ Жақсылықтарды, сауапты амалдарыңды көбейт! Малдан гөрі өзіңмен мәңгі қалатын, ахиретте кәдеңе жарайтын сауап жи! Ниғметке шүкір етушілерді жақсы таны, оларды марапатта! Ниғметке шүкір етпей, аяқ асты ететіндерге жақсылық етпе! Қиянат жасайтын, жаман адамдарды жақсы деп қабылдап жүрме! Өзіңді ұнатып, тәкаппарлыққа салынып жүрме!
♦ Қарамағыңдағы адамдардың қажеттілігін қамтамасыз ет! Айлықтарын арттыр! Адамдарға жақсылық жасау, мұқтаждықтарын кетіру үлкен ниғмет! Мұны атқаруды қолдан жіберіп алма!
♦ Бүгінгі ісіңді ертеңге қалдырма! Жасаған ісіңді, жақсылығыңды міндетсінбе!
♦ Лауазымға тағайындау кезінде тәжірибелі, өз ісінің маманы болған адамдарды таңда. Халықтың ризығы жеткілікті болуына мән бер! Бұл өте маңызды мәселе. Басқа істермен әуре болып, бұған немқұрайлы қарап жүрме!
♦ Өткен күндерден сабақ ал! Өткен әміршілердің халдерінен ғибрат ал!