«Аузы дұғалы кісі екен, дұғасы тез қабыл болады екен» деп естіген аталарымыз көп өткенін білеміз. Аталарымыздың бұлай атануының бірден бір себебі дінді берік ұстануы еді. Дұғаның қабыл болуы үшін күнә істемеу және халал азықпен қоректенуге мән беру керек. Әулиелерден Әбу Исхақ хазреттері бір саяхаттан қайтып келе жатқанда алдынан екі адам тым абыржыған күйде қарсы алады да, айтады:
- Біз үлкен қиыншыққа тап болдық, өміріміз қауіпте. Біздің басшымыздың екі аты бар еді, ақырларынан босап, қашып кетті, енді тауда жүр, оларды ұстап алмасақ, екеумізді де жазалайды. Аттарға жақындасақ қашып, ұстатпауда. Не істерімізді білмей жатырмыз,-дейді. Мұны естіген әулие кісі атынан түсіп, екі рәкат намаз оқып, қолдарын жаяды да, дұға етеді. Жайылып тұрған қолдарын әлі түсірмей тұрғанында-ақ аттар өздері келіп, бағынады. Мұны көрген әулиенің шәкірті:
- Ұстазым, бұл қандай дұға еді? Мұны бізге де үйретіңізші, біз де қажетті жағдайларда осы дұғаны оқиық, - дейді, сонда мынадай жауап алады:
- Бұл дұғаның осылай дереу қабыл болуына – отыз жыл бойы аузымнан харам азық өтпеуі себеп,- дейді.
Осы сияқты Иса алейһиссаламға да бір топ адамдар келіп: «Сіз дұға еткенде аурулар бірден дерттерінен айығады. Қандай дұғаны оқисыз? Бізге де сол дұғаны үйретіңізші» дейді. Иса алейһиссалам оларға дұғаны үйретеді. Әлгі адамдар біраздан кейін қайтып келеді. «Мырзам, біз әлгі дұғаны қанша оқысақ та, ештеңе өзгере қоймады. Әлде сіз бізге қате дұға үйреттіңіз бе?» дейді. Сонда Иса алеһиссалам: «Дұға дұрыс дұға, тек ауыз қате» дейді. Яғни дұға дәл сол дұға, бірақ ауыз сол ауыз емес, күнәсыз ауыз емес дегісі келген еді.
Бұл – күнәсы барлар дұға етпесін дегенге келмейді әрине. Болмасаң да ұқсап бақ демекші, осындай аузы дұғалы кісілерге ұқсауға, күнә істемеуге тырысу керек. Күнәһардың дұғасы қабыл болуға лайықты болмаса да Хақ та’ала дұға еткен адамның қолын бос қайтармайды. Дұғаның себебімен күнәлары кешіріледі немесе келе жатқан бір бәлеге тосқауыл болады немесе басындағы бір қиыншылық шешіледі немесе ахиретте үлкен сауапқа қауышады. Сондықтан күнә атаулыдан мейлінше ұзақ жүріп, дұға етіп жүруді әдетке айналдыру керек.
Хадис шәрифтерде былай делінген:
«Раббыларың әлбетте хая (ұяттылық) және ұлылық иесі. Құлдары алақан жайып бірнәрсе тілегенде, олардың қолдарын бос қайтарудан ұялады.» (Тирмизи, Әбу Дауд)
«Дұға еткен адам үш нәрседен құр қалмайды: Күнәсі кешіріледі немесе дұғасының қайырлы нәтижесін (сияпатын) көреді немесе ахиретте марапатқа ие болады.» (Дәйләми)
«Күнә болған нәрсе үшін және туыстық ара-қатынастың үзілуі үшін дұға етпейінше немесе асығып “Дұға еттім, бірақ қабыл болмады” демегенше жасалған дұға қабыл болады.» (Мүслим)
Бір-бірімізге, яғни ата-анамызға, ұстазымызға, досымызға, бауырымызға игі дұға етіп жүрейік. Пайғамбарымыз «Аллаһу та’алаға күнә істелмеген тілмен дұға етіңдер» деп айтқан екен. Ондай тілді қайдан табамыз деп сұрағанда «Бір-бірлеріңе дұға етіңдер! Өйткені сен оның, ол да сенің тіліңмен күнә істеген емес» деген екен. (Тәрғиб-ус-салат)