Әбу Аббас Нихавенди хазреттеріне саудамен айналысатын бай шәкірттерінің бірі келіп, зекетін кімге берсе дұрыс болатынын сұрайды. Әбу Аббас хазреттері: «Көңілің кімге бергісі келсе соған бер!» дейді. Алған жауабынан кейін сыртқа шыққан шәкірті біршама жүргеннен кейін жол бойында қайыр тілеп отырған соқыр кісіні көреді. Оның халіне жаны ашып зекеті болып табылатын бір қалта алтынды оған берді. Алтындарды қолымен тінтіп шыққан соқыр кісі қуанып ол жерден дереу ұзап кетті. Ертеңіне дәл сол жерден өтіп келе жатып, кешегі соқыр кісінің басқа бір қайыршымен сөйлесіп отырғанын көреді. «Кеше бір байбатша келіп маған бір дорба алтын беріп кетті. Соның арқасында шарапханаға барып жақсылап тойлаттым» деп айтып жатқанын құлағы шалып қалады. Мұны естіген шәкірттің көңілі қалады. Әбу Аббас хазреттеріне барып болған жағдайды айтпақшы болып оқтала бергенінде Әбу Аббас хазреттері біраз бұрын сатылған бас киімнің ақшасын қолына ұстатып: «Мына ақшаны ал да алдыңнан бірінші шыққан адамға бер» дейді. Шәкірті ойындағын айта алмастан айтылған міндетті орындау үшін шығып кетеді. Ұстазы айтқанындай алдына алғаш кезіккен адамға ақшаны береді. Бірақ ішін жеп тұрған қызығушылықпен әлгі кісіні алыстан бақылап аңдып жүреді. Ол кісі қаланың сыртқы жағына келіп қойнынан өлі кекілікті шығарып қоқысқа тастайды. Әрі қарай кетіп бара жатқанында шәкірт алдынан шығып: «Әй бауырым, Аллаһ үшін айтшы бұл не жағдай, мына тастаған өлі құсың не?» дейді.
Өзіне ақша берген адамды алдынан көрген әлгі кісі кекештеніп былай дейді: «Жеті күн болды бала-шағамызбен аштықтың зардабын тартудамыз. Әйелім екуміз сабыр етерміз, бірақ бала-шаға шыдай алмай шырылдап кетті. Тіленіп, алақан жаюға қолым бармады. Өстіп шарасыз келе жатқанымда өлі кекілікті тауып алдым. Зәру жағдай болғандықтан осыны жей тұрайық деп үйге алып бара жатқан болатынмын. Ішімнен “Йа Раббым өзің кешіре гөр” деп жалбарынып келе жатқан едім, алдымнан сіз шыға келдіңіз. Мен Аллаһқа шүкір еттім де, жеуге жарамсыз өлі құсты қоқысқа тастадым. Енді базарға барып берген ақшаңызбен азық аламын.»
Болған жағдайларды ойға салып, ұстазына келгенінде, әлі шәкірт ештеңе айтпай тұрып Әбу Аббас хазреттері: «Балам, демек сен табысыңа күмәнді немесе харам нәрсе араласқанына мән бермеген көрінесің. Осы себепті таңдап, саралап жүріп берген зекетің шарапқа кетті. Ал табыс қалай, қандай жолмен келсе, солай кетеді. Сенің бір қалта алтыныңа қарағанда, менің бір ғана ақшам салих бір адамның қолына түсуінің хикметі халал жолмен келуі себепті. Табысың күмәнді екен...»