Басра қаласында өмір сүрген Мансур бин Аммар хазреттері кішкентай кезінде жерде бір қағаз көреді. Қағазда «бисмилләһ» деп жазулы еді. Мүбәрәк жазудың жерде жатқанына іші сыздап, жерден көтерді. Айналасына қарап қағазды қоятын биік жер таба алмай, соңында аузына салып жібереді. Сол түні түсінде жүзі нұр шашқан қарт кісіні көреді: «Сен Раббыңның есіміне құрмет еттің, сол үшін Аллаһу та’ала саған ғылым мен хикметтің есіктерін ашты» дейді. Оянғанында көңілінің өзгеше әсерленгенін байқайды. Бүкіл күнәларына тәубе етеді. Қысқа мерзімде заманының үлкен әулиелерінен болады. Бірде ол шәкірттеріне «Сендерді тозақ отынан қорғайтын нәрселерді көбейтіңдер» дейді. Шәкірттері «ол не нәрсе» деп сұрайды. Сонда «Аллаһтың құлдарына жақсылық жасау» деген екен.