Бір күнделік бетінен үзінді:
Қырық жастан үлкендерге уәжім жоқ. Олар онсыз да айтайын деп отырған әдептілік қасиеттерін біледі деп ойлаймын. Менің үндеуім жас жеткіншектерге болмақ. Негізінде оларды мүлдем кінәлі деп санамаймын. Өйткені оларға біз ие бола алмадық. Басқа мәдениеттердің жетегінде кетті. Әлі күнге дейін есімде ауыл-аймағымызда бір кісі ауырып қалса, одан көңіл сұрап бармаған адам қалмас еді. Әркім майда-шүйде де болса кішігірім сыйлық ала баратын. «Қалайсың көрші, жақсымысың, Аллаһу та’ала шипа берсін!» деп хал-жағдай сұралып, дұғалар айтып науқастың көңілін аулайтын.
Жақында үлкен ағамыздың әйелі жол апатынан қаза тапты. Кеш таяп, естігендер жан-жақтан келіп жатты. Қажетті дайындықтар жасалып жатты. Дәл сол күні қарама-қарсы пәтерде жастар жиналып көңіл көтеріп жатқанға ұқсайды. Музыканың үніне, жастардың айғайлап күлген дауыстары араласып келіп жатты. Ағамыз онсызда біреуге бір нәрсе айтатындай жағдайда емес еді. Мен барып есікті қақтым. Есікті ашқан жас жігіт «не керек» дегендей болып қарады. Мен «мұнда адам қайтыс болды, көңіл айтуыңызды күтіп тұрғанымыз жоқ, бірақ мына у-шуды доғара тұрсаңыздар» дедім. Алған жауабым төбеме су құйғандай болды: «Бауырым, ол сенің проблемаң!..».