Достық

Жақсы дос дүние үшін де, ахирет үшін де үлкен бақыт. Жақсылармен жолдас болғандар ахиретте өкінбейді. Адамның басына келетін қиыншылықтар жаман дос арқылы келеді. Жаман достан бойды аулақ ұстау керек.  

Жақсы дос жақсылықты өз пайдасы үшін немесе жақыны болғандықтан жасамайды. Жақсылығын тек Аллаһ разылығы үшін жасайды. Жақсы дос адамды жоғары деңгейге көтереді. Жаман дос адамды ең төменгі дәрежеге түсіреді.  Аталарымыз: «Жақсымен жүрсең жетерсің мұратқа, жаманмен жүрсең қаларсың ұятқа» деген.

Сондықтан кез-келген адаммен дос болмау керек. Кез келген адамға сыр шертпеу керек. Адамдардың сөзіне емес, ісіне қарау керек. Өз-өзіне пайдасы тимейтін адамнан сақтану керек. Өзіне пайдасы жоқ адам басқаға пайдалы бола алмайды.

 

Жаман достың зардабы

Мұсылманның ең үлкен үш дұшпаны бар: шайтан, нәпіс және жаман дос. Жаман дос шайтан мен нәпістен де зиянды. Хадис шәрифте: «Адамның діні досының діні сияқты. Кіммен достық құрғандарыңа мән беріңдер!» делінген. (Хаким)

Шайтан мен нәпсіміз жаман дос арқылы бізді пәлекетке итермелейді. Жаман достан арыстаннан қашқандай қашу керек. Хадис шәрифте былай делінген: «Жаман дос теміршінің көрігі сияқты. Үрлеген кезінде оттың ұшқындары сені жақпаса да иісі сенің мазаңды қашырады.» (Бұхари)

Бақытсыздық пен пәлекеттердің басы жаман дос. Дінді, иманды, ғибадатты, халал-харамды ұмыттыратын, мінез-құлықты бұзатын - жаман дос. «Досыңның кім екенін айт, сенің кім екеніңді айтамын», «Жаманмен дос болсаң көңілің азар», «Қазанға жақындасаң күйесі жұғады» деген даналық сөздер де жаманмен дос болған адам, соның жамандығынан үлес алатынын көрсетуде.

Ибраһим бин Әбу Талиб Бәтаиһидің айтып бергені: «Хазреті Әбу Бәкір бин Қаууамның хал-жағдайын сұрайын деп жолға шықтым. Жолда бір керуенге кездестім, сол керуендегілермен дос болып бірге жол жүріп келдік. Олар жол бойы арақ-шарап туралы ауыздары суланып әңгімелесіп келді. Әбу Бәкір бин Қаууам хазреттерінің құзырына барғанымда менен:  

- Ей Ибраһим бұл халің не? – деп сұрады.

- Менің халіме не болыпты, ұстазым?  

- Қолыңда шарап ұстап тұрған сияқтысың ғой.

- Жолда келе жатып керуендегілермен жолдас болып едім. Олар келгенше шарап туралы сөйлесті. Демек әңгімелері маған әсер еткен ғой,- дегенімде бұл сөзіме хазреті Әбу Бәкір бин Қаууам:

- Балам жақсы адамдармен бірге бол! Жаман адамдардан қолыңнан келгенше аулақ жүр! Өйткені олармен сөйлесу дүниеде де, ахыретте де жүзіңді қарайтады,- деді.”

   

Жақсы дос деген кім?

Хадис шәрифте: «Ең жақсы дос – сөздері ілімдеріңді арттыратын, амалы ахиретті еске түсіретін адам» делінген. (Хаким)

Адамның діні досының дініндей делінген. Иманын күшейткісі келгендер, иманы күштілермен бірге болуы керек. Жақсы ғибадат жасағысы келгендер, ғибадатын жақсы, ықыласпен жасап жүргендермен бірге болуы керек. Сонда өзі де солар секілді болып, соларға ұқсай бастайды. Дүние және ахирет бақыты үшін жақсылармен бірге болу керек. Ілімінен, жақсы мінезінен пайдаланылатын салих (жақсы) досқа лайықты құрмет көрсету керек. Кемшіліктерін іздемеу керек. Кемшілігі болса да көрмеу керек және ешкімге айтпау керек. Суизан (жаман ойда,  күмәнда) болмау керек. Орынсыз іс-әрекеттерін көргенде абыржудан немесе ұмытшақтықтан деп жорамалдау керек. Яғни үзірлі себеппен кінәсіз екендігін қабылдау керек. Өйткені жақсы мінезді адам адамдарға кешіріммен қарайды, олардың кемшіліктерін жарияламайды.

 

Бүгін досым мені өлімнен құтқарды

 «Мәснәуи» кітабында мынадай ғибратты оқиға өтеді:

Шөлде жолаушылап келе жатқан екі дос бір мәселеде ортақ пікірге келе алмай ұрысып қалады. Ашу үстінде біреуі екіншісін шапалақпен тартып жібереді. Таяқ жеген баланың беті қызарып, қатты ауырады, бірақ ештеңе деместен құм бетіне «Бүгін менің ең жақын досым маған шапалақпен соққы жасады» деп жазады.

Жолдарын ары қарай жалғап келе жатып, алдарынан бір өзен шығады. Шөлден әлсіреп келе жатқан жолаушылар салқындап, шөлдерін басу үшін дереу өзенге қарай жүгіреді. Досынан соққы жеген бала су ішіп отырып өзенге құлап түседі. Суға батып, тұншыға бастағанында, біраз бұрын ұрған досы оны құтқарып алады. Жағаға шыққан соң өзен шетіндегі жар тастың бетіне «Бүгін ең жақын досым мені өлімнен құтқарды» деп жазады. Сонда құтқарған бала: «Сені ұрып ренжіткен кезімде мұны құм бетіне жазған едің. Ал енді сені суға батудан құтқарғанымда мұны тас бетіне қашап жаздың, мұның себебі не?» деп сұрайды. Ол «Біреу бізді ренжіткен кезде мұны құм бетіне жазуымыз керек. Кешірім желі ескен кезде оны жылдам өшіріп тастасын. Ал егер біреу бізге жақсылық етсе, оны тас үстіне қашап жазу керек, оны ешқандай жел өшіре алмасын» деп жауап береді.

Аллаһу та’ала адамдардың жасаған істерінің бір бөлігін ұнатпайтындығын, бұларды жасағандардан разы болмайтындығын, бірақ өкініп тәубе еткендерді кешіретіндігін білдірген. Сондықтан мұсылман әрқашан жақсыларға жақсылық етуі, ал жамандық еткендерді кешіруі керек.

Қорыта айтқанда мұсылмандардың айыптарын жабу, жасырын күнәларын жарияламау, кек сақтамау және кемшіліктерін кешіру өте үлкен сауап болып табылады. Мұсылман барлық адамдарға жақсылық етуі, қолымен, тілімен ешкімді ренжітпеуі, ешкімге зиян тигізбеуі, қиянат етпеуі, адамдарға пайдалы болуы, ақыларын өтеуі керек.

 

Дос ақысы!

Үш түрлі дос бар. Біріншісі; тағам сияқты, ол әр қашан қажет. Екіншісі; дәрі-дәрмек сияқты, оған кейде мұқтаждық сезіледі. Үшіншісі: ауру сияқты, адам оны қаламаса да оған жармасады.

Шынайы дос - тағам сияқты, әр қашан оған мұқтаж боласың. Бұл адал, салих және пайдалы достар. Осындай адамдармен достасуға тырысу, іздеп табу керек. Хазіреті Әли (радиаллаһу анһ): «Жақсы досы болмаған адам, оң қолы жоқ адамдай» деп айтқан.

Адамның өміріндегі ең жақсы жетістіктерінің бірі, адал және сенімді адамдармен дос болуы. Адал дос, бітпейтін, таусылмайтын қазына іспеттес. Сенімді дос, өмірде кездесетін әр түрлі  жағдайлар мен қиыншылықтарда көмекші болады. Дос ақысын сақтау, өте маңызды міндет. Досыңа мал-мүлікпен және мүмкін болғанша әр түрлі жағдайлармен көмектесу керек. Достың сырын сақтап, кемшіліктерін жасыру керек. Қиын жұмыстарды тапсырмау керек. Қиналған кездерінде оған көмектесіп, көңіл-күйін көтеруге тырысу керек. Оған әр қашан адал және қолдаушы болу керек. Әр түрлі қиын жағдайларды шешуде көмектесіп, күнә жасауда кедергі болып, басына түскен қиыншылықтарда оған жәрдемші болу керек.  

  

Шынайы достар

Мәшһүр хадис ғалымы Уақиди «рахметуллаһи алейһтың» айтып бергені: «Біршама уақыт ақшасыз қалып, қатты қарызданған кезім болатын. Айт мейрамы да жақындаған еді. Әйелім маған: «Біз жоқшылыққа сабыр етерміз. Бірақ мына бала-шағаның жағдайы не болмақ? Олар көршілердің балаларының жаңа, сәнді киінгенін көреді ғой. Ал біздің балалардың барлық киімдері жыртық, жамаулы, тозығы жетіп тұр. Оларға киім әперудің жағдайын қарап көре алмайсыз ба?!» деп мұңын шертті. Үйден шығып Хашими атты досыма бардым. Жағдайды түсіндіріп көмектесуін сұрадым. Ол ішінде 1 дирхам ақшасы бар сырты мөрлі қалташықты берді. Алғысымды айтып үйге келе жатқанымда алдымнан бір досым шықты. Ол да маған жағдайын айтып шұғыл түрде ақша қажет екендігін айтты. Мен қолымдағы мөрлі қалташықты оған бердім. Әйелімнің бетіне қарауға ұялғандықтан ол түні мешітте түнедім. Ертеңіне үйге келгенімде болғандарды әйеліме айтып едім, ол мұны жылы қабылдады, мені жазғырмады. Сәлден соң досым Хашими келді. Менен: «Шыныңды айтшы, кешегі ақшаны не істедің?» деп сұрады. Мен болғандарды айтқанымда, ол да қалтасынан мөрлі қалташықты шығарып, өз басынан өткендерді айтты: «Сен менен көмек сұрағаныңда менде де мынадан басқа ақша жоқ болатын. Менің де қажеттіліктерім бар еді. Сен кеткеннен кейін қарызға ақша табу үшін сыртқа шықтым. Шыға берісте бір досыммен кездестім. Оған жағдайымды айтып қарыз сұрап едім осы қалташықты берді» дейді. (Осылайша ақша үш қолды айналып алғашқы иесіне қайтқан екен) Бұл хабар халифа Мәмунға жеткен екен, мені шақыртып болғандарды өз аузымнан тыңдады. Маған жеті мың динар беріп үш досқа 2 мыңнан, үйдегі жұбайым үшін мың динар үлестіргендігін айтты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз!