Бисмилләһ айту

Жақсы істерді бисмилләһпен бастау керек. Дәрет аларда, тамақтанарда, қысқасы әрбір пайдалы істің алдында бисмилләһ айту сүннет. “Бисмилләһ” айтып жасалған істер берекелі, желінген тағамдар шипалы болады. Бисмилләһ-тің толығы «Бисмилләһиррахманиррахим» деген сөз. Ләухул-махфузға (тағдырлар кітабы) алғаш жазылған сөз бисмилләһ болып табылады. Адам пайғамбарға алғаш келген сөз – бисмилләһ еді. Мұсылмандар бисмилләһ сөзін айтып Сыраттан өтеді. Жұмақ шақыруының мөрі бисмилләһ болып табылады.

Хадис шәрифтерде былай делінді:

«Бисмилләмен басталмаған әрбір маңызды іс нұқсан болып қалады». (Бәйһақи)

«Үйге кіргенде шайтан да сізбен бірге кіруге тырысады. Кірерде бисмиллә айтылса, шайтан «бұл үйге кіре алмаймын» деп, кері қайтады». (Тибйан)

«Аллаһу та’ала ісін бисмилләмен бастаған адамды кешіреді». (И. Рафи)

«Ұстаз шәкіртіне бисмиллә оқыса, шәкірті қайталаса, Аллаһу та’ала баланың және ата-анасының және ұстазының тозаққа кірмеуі үшін құжат жаздырады». (С. Әбәдийа)

 

Ғибрат

«Дәлаил-ул-хайрат» атты салауат шәриф кітабында жазылған ғибратты оқиға:

Бір әйел не істесе де, қандай іс бастаса да, барлығын “бисмилләһ” айтып істейді екен. Бай отбасынан шыққан күйеуі “шектен тыс көп айтады” деп оның мұнысына ашуланады екен. Бір күні “бұған сабақ болсын, бисмилләһ айтудың пайдасы бола бермейтінін түсінсін” деп бір қалта алтынды әйеліне беріп: “Мұны бір жерге жақсылап жасырып қой, керек кезде сенен алармын” дейді. Әйелі қалтаны алып, “бисмилләһ” деп сандыққа салып қояды. Мұны сыртынан бақылап тұрған күйеуі әйелі жоқта сандықтағы қалтаны алып, бақшадағы құдыққа тастап жібереді. Кейін әйеліне “алтындарымды алып келші” дейді. Әйелі “бисмилләһ” деп сандығын ашып, “бисмилләһ” деп қолын салып, қалтаны шығарса, қалта ылғалданып су тамшылап тұрады. Таң қалған әйел “қалайша су болды екен?” деп тұрғанда алдында тұрған күйеуі бұл жағдайда қатты таңырқағанымен қоса қатты ұялады. Әйелінен кешірім сұрап: “Сені бір ұялтайын деп, қалтаны құдыққа тастаған болатынмын. “Бисмилләһ”тың құрметіне періштелер құдықтан орнына әкеліп қойған шығар” деп “бисмилләһ” айтудың пайдасы көп екендігіне кәміл сеніп, бұл ісіне тәубе етеді.

Екі шайтан жолға шығып, бір қалаға келіпті. Бірі екіншісіне: “Сен ана үйге кір, мен мына үйге кірейін! Бір айдан кейін осы жерде кездесейік” дейді. Екіншісі “жарайды” деп, екеуінің жолдары сол жерден айрылады. Бір айдан кейін екі шайтан қайта кездеседі. Біреуі әбден азып-тозып кеткен, ал екіншісі семіріп алған. Семізі арығына қарап “саған не болған?” дейді. Сонда арығы: “Мен құрыдым. Мен барған үйдің адамдардары не ішсе де, не жесе де “бисмилләһ” айтады екен. Сондықтан еш жерге кіре алмай, еш нәрсе істей алмадым. Аштықтан өлуге айналдым” дейді. Семізі оған күліп: “Мен барған үйдің адамдары ғафилдықтан (надандықтан) не істесе де  “бисмилләһ”ты айтуды ұмытып кетеді екен” дейді.

 

Білім үйрену

Ибраһим Гүлшани хазіреттері бір күні шәкірттерімен сұхбаттасып отырған еді. Шәкірттерінің бірі былай деп сұрайды:

- Ұстаз! Аллаһу та’аланың рахымдылығымен қабірдегі өлілердің азапта немесе ниғмет ішінде екендігін білуге бола ма? Дұға ету арқылы бұлардың азабын тоқтатуға бола ма?

    Ибраһим Гүлшани хазіреттері былай деп жауап береді:

- Аллаһу та’аланың сүйген құлдарының бірі бір қабірге қарағанында қабірдегі адамның азап ішінде болғанын көреді. Арадан біраз уақыт өтіп тәуәжжуһ етіп тағы бір қарағанында азаптың тоқтағанын байқайды. Таңданысынан ойға түсіп кетеді. Сол кезде бір дауыс естіледі. “Бұл қабірде жатқан адамның кішкентай баласы бар еді. Анасы ол баланы ілім үйренуге жіберді. Бала «Бисмилләһиррахманиррахим» сөзін үйренгенінде, осы сөздің құрметіне әкесінің азабы тоқтатылды.”

 

“Бисмилләһ” сөзіне  құрмет

Бишри Хафидің (рахметуллаһи алейһ) дұрыс жолға түсуі былай болған:

Бір күні мас күйде келе жатып жерде жатқан “Бисмилләһиррахманиррахим” деген жазуы бар бір қағазды көреді. Бұл жағдайға көңілі разы болмай, жерден алып сүйіп, кейін балшықтарын тазалайды. Тазалап болғаннан соң әдемі иіс сеуіп, үйінің дуалына іліп қояды.

Сол түні ғалым және әулие бір кісіге түсінде “Бишриге барып айт, есімімді тазалағаныңдай мен де сені тазалаймын. Есімімді жоғары көтергенің үшін мен де сені көтеремін. Есімімді әдемі иістендіргенің үшін, мен де сені әдемі етемін. Ұлылығыммен ант етемін сенің есіміңді дүниеде және ахиретте таза және әдемі етемін!” деген дауысты естиді.

Бұл түс үш рет қайталанады. Ғалым таңертеңгісін Бишри Хафиді сыраханадан табады. Өте маңызды хабарым бар деп сыртқа шақырады. Бишри келгенінде “Саған Аллаһу та’аладан хабарым бар” деп айтуымен Бишри егіле жылайды. “Маған ашулы ма, қатты азап береді ме?” дейді. Ғалымның көрген түсін тыңдап болғаннан соң достарына бұрылып “Мені шақырып жатыр, бұдан былай мені бұл жерде көрмейсіңдер!” дейді. Күнәларына тәубе етеді. Бұл кезде аяғында аяқ киімі болмағандықтан кейін де мүлдем аяқкиім кимеді. Себебін сұрағандарға “Сөз берген кезімде жалаң аяқ едім, енді қазір киюге ұяламын.” деген екен. Аяқкиім кимегені үшін «жалаңаяқ» деген мағынада «Хафи» деп аталып кетті. Бишри Хафи хазреттері өмірінің қалған бөлігін ілім үйрену және үйретуменен өткізді.

 

Көлікке мінерде оқылатын дұға

 “Бисмилләһилләзи лә йәдурру ма’асмиһи шәйун фил әрди уә лә фиссәмаи уә һууәссәми’ул алим”. Бұл дұғада құрлықта, теңізде, әуеде, яғни қай жерде болмасын бір мүмин қандай да бір ісін “бисмилләһ”пен бастайтын болса, оған ешқандай зиян келмейтіні білдіріледі. Қандай да бір көлікке (ұшаққа, кемеге, автобусқа) мінген кезінде “бисмилләһ” айтқан адам еш қорықпасын! Олай болса, барлық істі бастарда “бисмилләһ” айтуды қолдан жібермеу керек. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз!