Қарт ағаш ұстасы әбден қартайып, көзінде нұр, қолдарында дәрмен қалмаған еді. Қолы қалтырағандықтан, қасығын ұстай алмай, тамағын дастарханға төгіп алатын. Баласы мен келіні оған «ұқыпты болмайды» деп ашуланатын. Әсіресе, аузынан аққан тамағы оларды жиіркендіретін еді. Ақыры, қарт кісінің дастарханын бөлек, жерге жасап, өздеріне үстел үстіне дайындайтын болды.
Кішкентай немересі Ерсұлтан атасының бұл халіне жаны ашып, тамақ жегенде атасының қолынан ұстап, төкпей жеуге көмектесуші еді. Бір күні қарт кісі жасқа толы көзімен үстелдегілерге қарап отырғанында, қолындағы табағын түсіріп алып, сындырып қояды. Оның мұнысына бұрынғыдан да қатты ашуланған балалары көңіліне келер сөздер айтты. Осыдан кейін тамақты желім табақпен бере бастады. Бір күні қарт ағаш ұстасының баласы әйелінің жемістерді желім табақтарға салып жатқанын көріп:
- «Таста бұларды» дейді. Ерсұлтан желім табақтардың екеуін алып қалып:
- «Апа, бұларға тиіспе. Келешекте керек болады» дейді. Әкесі білгісі келіп:
- «Не істейсің оларды?» деп сұрайды. Сонда Ерсұлтан былай дейді:
- «Қартайған кездеріңізде сіздерге де осы табақтармен тамақ беремін» дегенде, Ерсұлтанның әке-шешесі «Ата-анаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген нақыл сөзді ұмытқандарын түсініп, істегендеріне өкінеді.