Заманымызда адамдар батыстықтарда қандай жаман әдеттер бар болса алуды, қандай жақсы, пайдалы істері бар болса алмауды жеке ұстанымға айналдырғандай дәрежеде.
Батыстықтар әлдеқашан қателігін түсініп артқа қайтуға, зияндарын жоюға тырысуда, ал біз әлі сол қателіктердің соңында жүрудеміз. Мәселен, ағылшындар отбасы құрылымын сақтап қалу және ажырасу індетін азайту үшін отбасы жағдайын құптайтын үлкен буындардан, яғни ата-әжелерден қолдау сұрауда. Ата-әжелердің жаңа шаңырақ құрған балаларына және туылатын немерелеріне көбірек әсер етуі үшін оларды бірге немесе жақын жерлерге тұруға үгіттеуде.
Ал, қазақ елінің мәдениеті, ата-анаға деген құрметі ерекше:
Батысқа еліктеп, әртүрлі сылтаулар шығарып ата-аналарын қарттар үйіне тапсырып жатқандар көбеймесе азайып жатқаны шамалы. Бұл дәстүрлі отбасылық құндылықтардан жұрдай өскендердің қатарынан көруге болатын үрдіс. Мұндай үрдістер жеке басының рахатын ойлайтын, мейірімсіз ұрпақтардың жетілуіне жол ашуда.
Қоғам адамдардың бір-біріне қамқор болуы, мейірімді болуы, жас-кәрі барлығының бір-біріне деген сүйіспеншілігі, құрметі арқылы көркейеді. Егер кәрілер пайдасы жоқ деп тәрк етілетін болса, ол қоғам құлдырауға ұшырайды. Құлдырамаған күнде де ол қоғамда тыныштық, береке қалмайды.
Егде жастағыларды жалғыз тастамау керек. Олар бұл кезеңде көбінесе жас баладай, сезімтал келеді, бұрыңғыдан да көп сүйіспеншілік, құрмет күтеді. Ізделуін, сұралуын қалайды, қадірлі екендіктерін сезінуді қалайды. Әсіресе бала-шағалары тарапынан зейін, ілтипат көргісі және сыйлық алғысы келеді. «Мен кәрімін ешнәрсеге жарамаймын, сондықтан қадірім қалмады», «айтқанымды ешкім тыңдамайды» деген ойларға түседі. Қарттар үйіне тасталғандары болса, «мені қаламайды», «мені жақсы көрмейді» деп тіптен күйзелістерге түсіп өмірлері түңілумен өтеді.
Дәстүріміз бен дініміз ата-әжелерді қарттар үйіне тапсырып өмірлерінің соңын мұң шегіп өткізуін емес, бала-шаға немерелерінің жанында, оларға жылы шырай, жақсы мәміле етуді, оларды ренжітпеуді, тіпті «уф» деп айтпауды әмір еткен. Аллаһу та’ала Құран кәрімде: «Раббың тек Өзіңе ғана ғибадат етулеріңді және әке-шешелеріңе жақсылық етулеріңді әмір етті. Егер олардың бірі немесе екеуі де жаныңда қартайса, оларға «уф» деуші болма, ауыр сөз айтпа, оларға сыпайы және жылы сөйле, оларға жанашыр бол, қарапайым бол. Ол екеуіне мейірімділік құшағыныңды жай да: «Иә, Раббым! Ол екеуі мені кішкентайымнан тәрбиелеп жетілдіргендей, сен де оларды рахымдылығыңа бөле!» деп дұға ет!» деген (Исра 23, 24).
Қариялардың бізден күтетін ең маңызды нәрсе – құрмет. Өйткені бізден құрмет көрген сайын өткізген күндерінің босқа кетпегенін түсінеді. Лайықты құрмет көрсетіп, кейбір нәрселерде олармен ақылдасып, әлі де оларға мұқтаж екенімізді сезіндіруіміз керек. Олар біздің жастық шағымызды өткермейді, бірақ ертең біз олардың кәрілік шағын өткереміз, осыны ұмытпауымыз керек. Дүние кезек, бүгіннің ертеңі де бар.
Кейбір нәрселерді артқа қайтару мүмкін емес. Перзент ретінде мойнымыздың борышын дұрыс атқарсақ мәселе қалмайды, өмір бойы «әттең былай еткенде ғой» деген уайым жемейтін болады.