“Салат” - дұға деген сөз. Ал “салауат” дегеніміз “салат” сөзінің көпше түрі, дұғалар дегенді білдіреді. Салауат қысқаша: “АЛЛАҺУММӘ САЛЛИ АЛА МУХАММӘД УӘ АЛА АЛИ МУХАММӘД” деп айту. Пайғамбарымыздың есімі аталғанда “алейһиссалам”, “алейһиссалату уәссәләм” немесе ”саллаллаһу алейһи уәсәлләм” деп айтумен де пайғамбарымызға дұға етілген, яғни салауат айтылған болады.
Құран кәрімде былай делінеді:
«Аллаһ және періштелері расулуллаһқа салат етеді. Ей иман келтіргендер! Сендер де оған салат етіңдер, салауат айтыңдар.» (Ахзаб 56)
Аллаһтың салат етуі рахмет етуі, періштелердікі дұға етуі, мұсылмандардікі болса оның шапағатын сұрауы деген сөз.
Көргеніміздей расулуллаһқа салат, яғни салауат айтуымызды Аллаһу та’ала тікелей өзі Құран кәрімде әмір етуде. Сондықтан Расулаллаһ алейһиссаламға өмірде бір рет салауат айту парыз. Есімі аталған кезде яғни оқығанда, жазғанда, естігенде ең алғашында бір рет салауат айту уәжіп, кейінгілерде айту мүстаһаб болады.
Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Маған бір рет салауат айтқан адамға Аллаһ және періштелері жетпіс салауат айтады.» (И. Ахмед)
«Шапағатыма ең лайықты болғандарың – маған ең көп салауат айтатындарың.» (Тирмизи)
«Маған көп салауат айтқан адамның дерттері кетеді, күнәлары жойылады.» (Тирмизи)
Аллаһу та’аладан бір нәрсе тілеп дұға еткен адам алдымен Аллаһу та’алаға хамд (мадақ) пен шүкіршілік еткеннен кейін расулуллаһқа салат айтуы керек. Осылай жасалған дұға қабыл болуға өте лайық болады. Екі салауат арасында (дұғаның басында және соңында) жасалған дұға кері қайтарылмайды (қабыл болады).
Кейбір салауат шәрифтер мынадай:
«Алейһиссалам», «Саллаллаһу алейһи уә сәлләм», «Аллаһумма салли ала сәййидинә Мухаммәд», «Аллаһумма салли ала Мухаммәдин уә ала әли Мухаммәд, кәмә саллайтә ала Ибраһимә уә ала әли Ибраһим...», «Аллаһумма салли ала Мухаммәдин уә ала әлиһи уә сахбихи әжмаин», «Аләйһиссалату уәссәләму уәттәхиййә», «Алейһи уә ала жәмии минәссалауати әтәммуһә уә минаттахийати әймәнуһә».
Ұрланған түйе
Бір күні яһудилердің бірі, екі өтірікші куәгер табады да пайғамбарымыздың жанына барып: «Ей, Мұхаммед! Сахабаларыңнан пәлен кісі менің түйемді ұрлап алды. Оны көрген куәлар да бар, міне олар» деп қасындағыларды көрсетеді. Пайғамбарымыз куәлардан сұрағанында “иә, дұрыс айтады” деп оның сөзін растады. Кейін сахабаларынан болған ол кісіні шақыртып оған былай дейді:
-Саған шағым түсті.
-Не болды, Йа, Расулаллаһ?
-Сен осы өткен түнде түйе ұрлапсың.
-Мен бе, кімнің түйесін?
-Міне, мына яһудидің түйесін.
-Ол түйені мен сатып алдым, ұрлағаным жоқ.
-Жарайды, ал сенің сатып алғаныңды көрген куәгерлер бар ма?
-Йа, Расулаллаһ, мен осы біраз бұрын ғана алдым, әлі ешкім көрген жоқ.
-Мына куәгерлер түйенің яһудидікі екендігін айтты. Сондықтан түйе яһудиге беріледі.
Осы кезде бұл мүбәрәк сахаба пайғамбарымыздан “Йа, расулаллаһ! маған аз уақыт бересіз бе?”-деп өтінеді. Кейін мешіттің бір бұрышына 2 рәкат намаз оқып, сосын қолын ашып дұға етеді: «Йа, Раббым! Мен күнде жатар алдында пайғамбарымызға 10 салауат оқимын. Йа раббым егер сенің құзырыңда осы оқыған салауаттарым қабыл болған болса, мені бұл қиыншылықтан құтқара гөр! Мен бұл түйені сатып алдым, бірақ куәгерлер яһудидікі екенін айтуда.»
Сахаба қайтып келгенінде түйе орнынан тұрып “Йа, расулаллаһ! Бұл яһуди өтірік айтып тұр. Мен мына кісінің түйесімін.” деп тілге келеді.
Түйенің сөйлегенін көрген яһуди және куәгерлері қорыққандарынан тұра қашады. Олар кеткеннен кейін пайғамбарымыз мұның себебін сұрағанында сахаба:
-Йа, расулаллаһ! Менің бір әдетім бар! Әр түні жатудан алдын сізге 10 салауат айтамын. Аллаһу та’ала бұл 10 салауатты қабыл етіп, түйеге тіл бітірді,-дейді. Сонда пайғамбарымыз былай деді:
-Сенің маған әр түні 10 салауат оқығаның үшін Аллаһу та’ала дүниеде кезіңде сені бұл қиыншылықтан құтқарғанына қарағанда ахыретте жаһаннам отынан да құтқарады.
Жазбаларда салауат жазу
Ислам ұлыларынан Әбу Хафс Қағиди қайтыс болғанда бір адам оны түсінде көріп, оған «Аллаһу та’ала сенімен қандай мәміледе болды?» деп сұрады. «Маған рақымдылық жасап, кешіріп, жаннатқа кіргізді» деді. «Не себептен?» дегенінде «Мені періштелердің арасына тұрғызды. Күнәларым мен расулуллаһқа айтқан салауатымды есептеді. Салауатым көп екен. Аллаһу та’ала оларға «Ей, періштелерім! Істерің бітті. Басқа есеп сұрамаңдар. Оны жұмаққа жіберіңдер» деді»,- деп жауап берді.
Сәләфтардан (Исламның алғашқы ғасырларында өткендерден) бірі айтады: «Бірге хадис үйреніп жүрген бір досым қайтыс болды. Түсімде оның жасыл жаннат киімін киіп жүргенін көрдім. Себебін сұрағанымда «Әр хадисте көрген Расулуллаһтың есімдерінің қасына «саллаллаһу алейһи уә сәлләм» деп жазатын едім. Хақ та’ала оның сыйын осылай берді» деді».
Әбу Сүләймән Дарани айтады: «Хадис жазғанда, Оның мүбәрәк есімдерін жазған кезде «саллаллаһу алейһ» деп жазып, «уә сәлләм» сөзін жазбайтын едім. Түсімде Оны көрдім. Маған: «Ей Әба Сүләймән, хадисте есімімді жазған кезіңде салатпен бірге «уә сәлләм»-ді де қосып жаз. Ол төрт әріп. Әр әрпінде он сауап бар. Жазбасаң қырық сауаптан айырыласың деген сөз»- деді. Тағы бір адамның да осындай әдеті бар еді. Оған да Расулуллаһ түсінде көрініп, «Саған не болды, салауатты толық жазбайсың?» деген.
Әбу Бәкір Сыддық: «Ұмытып қалудан қорыққан адам Расулуллаһқа көп салауат айтсын»- деген.
Шәйх Әбу Мұса Дарири айтады: «Теңізде дауылға тап болдық. Барлығы өлеміз деп қорқып жылауда еді. Сол кезде мені ұйқы қысты. Түсімде Расулуллаһ алейһиссаламды көрдім. Ол «Кемедегілерге айт, мың рет «Аллаһуммә салли ала сәййидинә Мухаммәдин уә ала Али сәйидинә Мухаммед, салатән тунжинә биһә мин жәмиил әһуали уәл афат уә тақди ләнә биһә жәмиәл хажат уә тутаххирунә биһә мин жәмиис-сәййиат уә тәрфәунә биһә индәкә аләд-дәрәжат уә тубәллиғунә биһә аксал-ғаят мин жәмиил хайрати фил хайати уә бадәл мәмәт» деп оқысын» деді. Үш жүз рет оқығанымызда дауыл басылды, құтылдық. Бұл салауатты әр маңызды істе және әр бәледе, апатта, зілзалада оқыуға кеңес берілді. Сенімді кітаптарда салауаттың қандай екендігі туралы қырықтан астам хадис жазылған.
Кейбір салауаттар:
Аллаһумма салли ала Мухаммәдин уә аъла Али Мухаммәд, кәмә саллайтә ала Ибраһимә уә аъла Али Ибраһим, уә бәрик ала Мухаммәдин уә аъла Али Мухаммәд, кәмә барәктә аъла Ибраһимә уә аъла Али Ибраһим, иннәкә хамидун мәжид.
Аллаһумма салли уә сәллим уә бәрик уәрхам алә сәййидинә Мухаммәдин һуә сәййид-ул Араби уәл Ажәм. Уә имами Мәккәт-ил мүкәррамәти уәл-Мәдинәт-ил мунәууәрати уәл харем. Алләм-әл инсанә маләм йә’ләм.
Аслүһу нурун уә нәслуһу Адәм. Бә’сүһу муаххарун уә халқуһу муқаддәм.
Исмуһ-уш шәрифу мәктубун аләл Ләух-ил махфузи бийак-ил қаләм.
Уә жисмуһ-уш шәрифу мәдфунун фил Мәдинәтил-мунәууәрати уәл харем.
Йә ләйтә әктәхилу тураббәлләзи тахт-әл қадәм.
Фә туба суммә тубә лимән дәа уә тәбиаһу уә лимән әсләмә сахиб-әш шәфаати лил аләмин.
Қаилән йа Рабби! Сәллим уммәти, уммәти уә умммәтә йаз әл лутфи уәл кәрәм.
Фә йунәд-ил мунәди мин кибәл-ир Рахман, қабилту шәфаатәкә йа нәбиййәл мухтәрәм. Удхул-ул жәннәтә лә хауфун алейкум уә лә хузнун уәлә әләм.
Суммә радиаллаһу та’ала ан Әби Бәкрин уә Умәра уә Усманә уә Алийин зил-Кәрәм.
Уә саллаллаһу ала сәййидинә Мухаммәдин уәл хамду ләкә йа Рабб-әл аләмин.
Уә бихурмәти Сәйид-ил мүрсәлин.
100 Салауат
Осман патшасы Явуз Сұлтан Сәлим ханның заманында қатты қарызданып, мүшкіл жағдайға түскен кедей кісі патшаның алдына келеді. «Сұлтаным маған бір қалта алтын береді екенсіз, соны алуға келдім» дейді. Сәлим хан: «Берейін, неге бермеске, тек себебін айтсаң болғаны» дейді. Сонда әлгі кісі: «Мен 63 жасар Ыстанбұлдың тұрғынымын. Кезінде бай болатынмын. Бірақ бір замандары басыма түскен қасірет салдарында мал-мүлкім, барлық жиған тергенімнен айрылдым. Қарыз деген нәубеттен құтыла алмай қойдым. Кеше тәһәжжүд намазын оқып: “Йа, Раббым! Қартайған шағымда мені жұбайымның, бала-шағамның, достарымның алдында масқара ете көрме! Дерт жіберетін де Сенсің, дертті кетіретін де Сенсің! Мына мүшкілден мені құтқара көр!” деп дұға еттім. Түсімде Расулуллаһ алейһиссалам келіп: “Әй Махмұд, қамықпа балам! Ертең сарайға бар да, біздің Сәлимге менен сәлем айт, саған бір қалта алтын берсін. Егер себебін сұраса, күнде 100 салауат шәриф оқып менің рухыма бағыштап жүрген еді, кеше соны оқуды ұмытты. Оқымаған салауаттарының құрметіне сені қуантсын” деді.» Сәлим хан дереу бір қалта алтын беріп: «Тағы да айтасыз ба не деді пайғамбарымыз?» дейді. Махмұд ата айтқанын қайталайды. Сәлим хан тағы бір қалта алтын беріп, пайғамбарымыздың не дегенін тағы қайталауын өтінеді. Осылай 17 қалта алтын бергенінде уәзірі Хасан Жан: «Сұлтаным, Махмұд ата әкелген хабарының арқасында қуанышты болды. Алған хабардың арқасында сіз де қуандыңыз. Енді Махмұд атаны үйіне қайтарайық, қиналған жағдайда тағы келер, не дерсіз тақсыр.» дейді. Хасан Жан қарт кісіні шығарып салып келгенінде патша сәждеде еді. Басын көтеріп былай дейді: «Естідің бе, Хасан? Расулуллаһ “біздің Сәлим” депті. Мың да бір шүкір. Бізді осындай мәртебеге қауыштырды. Пайғамбарымыздың осы бір ауыз сөзі үшін алтын ғана емес, бүкіл патшалығымды пида етуге даярмын.»
Қарайып кеткен жүзі нұрланды
Хазреті Суфйан Сәури айтады:
Қағбаны тауаф етіп жатқанда әр қадамында салауат айтып жүрген біреуді көрдім. Оған «Сен керекті дұғаларды оқымай неге тек салауат айтып жүрсің. Әр жердің оқылатын өз дұғалары бар» дедім. «Сен кімсің?» деді. Мен де өзімді таныстырдым. «Сен қара халықтан емессің, ғалым екенсің, саған түсіндірейін» деп, әңгімесін бастады:
Әкеммен бірге Бәйтуллаһқа бару үшін жолға шыққан едік. Жолда әкем науқастанып қайтыс болды. Қайтыс болғаннан кейін жүзі қарайып кетті. Бетін жауып қойдым. Сөйтіп, қасында ұйықтап қалдым. Түсімде өте ажарлы адам көрдім, одан асқан көркем жүзді адамды көрген емеспін. Үстінен жұпар иіс аңқып тұрған еді. Әкемнің жанына келді. Бетіндегі жамылғыны түсіріп, қолымен әкемнің бетінен сипады. Әкемнің қара жүзі нұрланып, ағарды. Бұл кісіден кім екендігін сұрағанымда, «Мен расулуллаһпын. Әкең, өмірін босқа өткізді. Бірақ, маған көп салауат айтатын, қазір азапталып жатқандығы білдірілді, ол өзі де менен жәрдем сұрады. Көп салауат айтқан адамға мен әлбетте көмектесемін» деді. Оянып кеттім, әкеме қарағанымда жүзі ағарып, нұрланғанын көрдім. Сол кезден бері барлық жерде пайғамбарымызға көп салауат айтамын.