Мәуліт түні!

Мәуліт – туылған сәт дегенді білдіреді. Мәуліт түні – Рабиул-әууәл айының 11-і мен 12-сі арасындағы түн. Күллі адамзатқа пайғамбар ретінде жіберілген, пайғамбарлардың ең үстемі және ең соңғысы Мұхаммед Мұстафа алейһиссаламның туған күні.

Әлемдердің сұлтаны, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам хижреттен 53 жыл бұрын (қазіргі жыл санаумен 571 ж, сәуiр айының 20 күнiне сәйкес келетiн) 12 рабиәл-әууал дүйсенбi күнi түнде Меккеде, Хашимұлдары ауданында дүниеге келдi. Бұл түн пайғамбарымыз туған мерзім деген мағынаны білдіретін «мәуліт түні» деп аталды. 

Пайғамбарымыз мәуліт түнінде сахабаларға тағам ұсынып, бала кезінде болған оқиғаларды айтатын. Хазіреті Әбу Бәкір халифа болып тұрған кезде сахабаларды жинап, Расулуллаһ туылған кездегі ғажайып оқиғалар туралы айтатын. Бұл түні пайғамбарымыз туылған кезде байқалған құбылыстарды, мұғжизаларды айту, тыңдау, үйрену өте сауапты амал болып табылады. Пайғамбарымызды мадақтайтын түрлі мәуліт қасидалары бар. «Мәуліт оқу» – пайғамбардың дүниеге келуін, миғражы мен өмірі туралы айту, оны еске түсіру, оны мадақтау дегенді білдіреді. Мәуліт түні – қадір түнінен кейінгі ең қадірлі түн. Бұл түні пайғамбарымыздың туылғанына қуанғандар кешіріледі.

Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Мені әке-шешесінен, баласынан және барлық адамнан артық жақсы көрмеген адам шынайы иман келтірген бола алмайды».

«Бір нәрсені қатты жақсы көрген адам, әрине, оны көп есіне алады».

«Пайғамбарларды еске түсіру ғибадат болып саналады».

Хазреті Әбу Бәкір: «Расулуллаһ алейһиссаламның туғанына қатысты жазылған деректердің оқылуы үшін бір дирхам ақша жұмсаған адам жаннатта маған дос болады».

Хазреті Омар: «Расулуллаһтың туған уақытын қадірлеген адам, исламды қадірлеген болады».

Хазреті Осман: «Пайғамбарымыздың мәуліт шәрифі үшін бір дирхам ақша жұмсаған адам Бәдір және Хунейн соғыстарына қатысқандай сауап алады».

Хазреті Әли: «Расулуллаһ алейһиссаламның туған уақытына мән беріп, мәуліт шәриф оқылуына себепкер болған адам иманды күйде дүниеден өтеді».

Хафыз Мұхаммед бин Жазари хазреттері былай дейді: «Әбу Ләхаб түсте көрініп “Жағдайың қалай” деп сұралғанында: “Қатты азап тартудамын. Тек әр жылы Рабиул-әууәл айының 12-ші түнінде  азабым жеңілдеуде. Расулуллаһ дүниеге келгенде сүйінші алып келген күңімді қуаныштан азат еткен едім. Сол үшін бұл түндерде азабым жеңілдейді"» деді.

Құран кәрімде жамандалған Әбу Ләхаб секілді азғын кәпірдің азабы бұл күннің құрметіне жеңілдегеніне қарағанда, бұл ұлы пайғамбардың үмметінен болған бір мұсылман ол туған түнде қуанып, дұрыс жерлерге садақа беріп, ас беріп, пайғамбарға деген махаббатын, құрметін көрсететін болса, Аллаһу та’ала оны жаннатына кіргізеді. 

Пайғамбарымыз туған түні болған оқиғалар:

Жер бетіндегі бүкіл пұттар етбетімен жерге құлады.  

Шам жақта мың жылдан бері суы ақпай тұрған және кеуіп қалған Сәмауа өзенінің арнасы сол түні толып аға бастады.   

Иранда отқа табынатындардың Истахрабад қаласындағы мың жылдан бері жанып тұрған үлкен оттары кенеттен сөніп қалды.

Оттың сөнген түні Мәдаин қаласындағы Иран шахының сарайының он төрт мұнарасы қирады.

Сол түні он төрт мұнарадан басқа Дижла өзенінің жағасындағы сарайы суға батты. Жөндеуден өткізгеннен кейін де тағы суға батты.

Сол заманның зиялылары таңғажайып түстер көрді. Көріпкелдер бұл түстерді Шам, Ирак, Иран жерлері мен Дижла, Эфрат өзендері мұсылман мүлкі болатындығына жорды.    

Мұхаммед алейһиссалам туылған түннен бастап шайтан мен жындар енді Құрайш көріпкелдеріне оқиғаларды хабарлай алмайтын болды. Көріпкелдік амалы тоқтады. 

Бұл түні орындалатын амалдар:

Бұл түні пайғамбарымыздың туғаны үшін қуанғандар кешіріледі. Пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу алейһи уәсәллам туған кезде байқалған құбылыстарды, мұғжизаларды айту, тыңдау, үйрену және салауат айту өте сауапты амал болып табылады.

Бұл түні сазды аспаптар және басқа да харам нәрселерді араластырмай, еркек-әйел араласпай, Аллаһ ризалығы үшін мәуліт жиындарын ұйымдастыру, мәуліт оқу, салауат айту, халыққа дәмді тағамдар ұсыну, жақсылықтар жасау мүстаһаб болады.

Бұл күні Құран кәрім оқу, қаза намаздарды оқу, садақа беру, дұға оқу, Хақ та’аладан күнәларымыздың кешірілуін тілеу және осылардан пайда болған сауапты өлілерге бағыштау керек. Мұндай қасиетті түндерге құрмет көрсету керек. Құрмет көрсету күнә істемеу арқылы жүзеге асады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз!