Адам ашық қолды, береген болуға дағдылануы керек. Өйткені бір күні ең қымбат нәрсесі болған жанын, рухын береді. Егер адам жомарттықты әдетке айналдырса, жан тапсыруы оңай болады. Дініміз алуды емес, беруді әмір етуде. Адамдардан келетін зияндарға сабыр ету, олардың көрсететін қысымдарына төзу, оларға көмектесу, ауырларын жеңілдету және осы сияқтылардың барлығы өз рахаттын өзгелер үшін құрбан ету, яғни берегендік болып табылады. Хадис шәрифте былай делінді: «Мына үш нәрсе үшін ант етемін: Садақа берумен ешқандай дүние-мүлік азаймайды. Олай болса садақа беріңдер! Зұлымдық еткен адамды Аллаһ разылығы үшін кешірген адам дүниеде де, ахыретте де үстем болады. Олай болса кешіріңдер! Тіленушілік есігін ашқан адамға Аллаһу та’ала кедейлік есігін ашады.»
Үлкен мәртебелерге, биік дәрежелерге қауышқан кісілер, ол дәрежелерге беру арқылы қол жеткізген. Дініміздің негізі өзгеге жүк болу емес, өзгенің жүгін көтеру. Өзгелердің ауыртпашылығы мен жүгін көтерген адам – жетіле бастаған, адамгершілік қасиеттерге қол жеткізе бастаған адам деген сөз. Пайғамбарымыз “саллаллаһу алейһи уәсәлләм”: «Берген қол алған қолдан үстем» деп айтқан.
Жарты қуруш
Аббаси халифаларынан, Мемун, өз орнына баласын халифа етуді ойлап жүреді. Бір күні баласының қызметшіге жарты қуруш ақша беріп: «Базарға барып мына нәрселерді алып кел»,- деп жұмсап жатқанын көреді. Баласына жақындап: «Балам, мен өмірімде жарты қуруш дегенді білмегенмін. Сен қайдан алдың жарты қурушты?» дейді. Баласы: «Әке, ақшаның қадірін білу керек, әсіресе қазіргідей дағдарыс заманында» деген екен. Әкесі басын шайқап: «Солай ма? Олай болса, сені таққа уәкіл етуден бас тарттым, өзіңе басқа жұмыс қарастыра бер» дейді. Не болғанын түсінбеген баласы: «Әке, мен не бүлдірдім, неге олай дейсіз?» деп кінжіле түседі. Әкесі: «Адам халифа, немесе басшы бола алуы үшін бойында мына үш қасиет болуы керек. Осы үш қасиеттің бірі бойында табылмаған адам басшы бола алмайды: 1) жомарт болуы керек. Сараң адам басшы бола алмайды, қол астындағы адамдардың барлығын өзіне дұшпан етеді. 2) Мейірімді болуы керек. Яғни инені алдымен өзіне, кейін жуалдызды басқаға батыруы керек. 3) Қарапайым мінезді, кішіпейілді болуы керек. Ішкен-жегені достарынан және қол астындағы адамдардан өзгеше болса, олармен бір дастархан басына отыра алмаса, ол адам қарапайым бола алмайды» деген екен.
Жомарт адамның табысы, мал-мүлкі берекелі болады. Жомарттығына қарай мүлкі де арта түседі. Қонақтың ризығымен келетіндігі, үйге қырық күндік береке қалдыратындығы, садақа берумен мал-мүліктің азаймайтындығы хадис шәрифтермен білдірілген. Олай болса жомарт болуға тырысып, сараңдықтан сақтану керек. Хадис шәрифте: «Сараңдықтан мейлінше сақ болыңдар! Сендерден бұрынғылардың түбіне сараңдық жеткен» делінді.
Асшының қолындағы ожау
Жомарттық қайтарымын күтпей беру деген сөз. Мұқтаждарға қамқор болу, олар сұрамастан беру және бергенін азсыну жомарттық болып саналады. Адамдар мақтасын деген ниетпен немесе алғысқа бөлену үшін беру жомарттыққа жатпайды. Пайда көздеп, дүниелікке кенелу үшін немесе нәпсінің жаман қалауларына қауышу үшін беру де жомарттық болмайды. Жасаған жақсылығын, бергенін міндетсіну, бетіне басып отыру да жомарттық емес. Бір ауылдағы жомарт кісіден жақындары: «Мұқтаждарға көп көмек берудесің, олар өздерін саған қарыздар деп сезінбей ме?» деп сұрайды. Әлгі кісі: «Ешқайсысы қарыздар емес. Мен олармен қарыздар сезінбейтіндей түрде мәміле етемін. Мен өзімді асшының қолындағы ожаудай білемін. Ожаудың мақтануға, алғыс күтуге, ешкімді қарыздар етуге ақысы жоқ» деген екен.
Қонаққа жақсы мәміле
Мұсылман адам досына, үйіне келген қонағына үйіндегі бар нәрсенің ең жақсысын береді, беруі тиіс. Бұл онсыз да дініміз арқылы біздің әдет-ғұрпымызға сіңген қасиет. Ал қонаққа жақсы мәміле жасамау болса, Аллаһу та’аланың ашуына себеп болады.
Күндердің бірінде басқа қалаға іс сапармен келген саудагер моншаға барады. Моншаның отын жағып, ішін жуып жүрген қызметшінің өзінің бұрынғы ұстазына ұқсайтынын байқайды. Ұстазы ауылдың зиялы, беделді адамы болатын. Сол ма, ол емес пе деп таңданып қарап тұрғанында ұстазы жанына келіп: «Балам қателесіп тұрған жоқсың, мен сенің ұстазыңмын. Неге мұндай күйге түскеніме таңданып тұрған шығарсың, айтып берейін, сен де оны басқаларға айта жүр ғибрат болсын» деп басынан өткендерді айтады: «Бір күні үйге қонақ келген болатын. Қонаққа балық тағамын ұсындым. Алайда оның алдына балықтың қылтығы көп бөлігін беріп, өзіме қылтығы аз бөлігін ажыраттым. Осы ісім Аллаһу та’аланың ашуына себеп болды. Осы күннен кейін жағдайым терісінен кетті. Нем бар болса, бәрінен айрылдым, ешнәрсем қалмады. Тіпті жан-тәнімен жақсы көретін шәкірттерім де мені жек көріп кетті. Бала-шағам мені тастап кетті. Еш жерден жұмыс таба алмадым. Дала кезіп жүріп, көріп тұрғаныңдай осы жұмыс маңдайыма бұйырды. Адамдарға мені айта жүр, ғибрат болсын және ешкім бұлай істемесін!» дейді.
Бұл жерде айта кететін жәйт, қонақты үйдегі күнделікті тұтынып жүрген үйдегі бар тағамдардың жақсысымен күту абзал. Ысырыпшылық етіп, қарызданып шашылуға, қонақты ыңғайсыз жағдайға қалдыратындай әурешілікке салыну дұрыс болмайды.
Мұсылман нандай болу керек
Мұсылман адам дін бауырын өзінен артық көреді. Қолынан келетін жәрдемін аямайды. Әрдайым оны қуантуға тырысады. Мұны кішігірім әрекеттерден де байқауға болады. Мәселен қоғамдық жағдайларда жол беру, орын беру, бөлісетін жағдай болса, жақсырағын, үлкенін оған беру, т.б. Жафар Хүлди хазреттері: «Үлкендеріміз – өз нәпістері үшін емес, дін бауырына көмектесу үшін еңбек етіп табыс тапқан» деген екен.
Мұсылман нандай болу керек. Әр сәтте оған деген қажеттілік білініп тұру керек. Адмадарға беруді, таратуды әдет етіп, өзгенің жүгін мойнына алатын адам нандай қажетті болады. Ал дүниелік қуған, тек қана адамдардан алуды көздейтін адамның басы ұрыс-керістен шықпайды. Мақсаты ахырет болған кісі адамдардың ауырын жеңіл қылу жолында болады, олардың жүгін көтеріп, әрдайым қандайда бір көмек беруді көздейді, жұрттармен татулық ішінде болады.
Адамдардан тиетін ауыртпашылықтарға, олардан келетін қиыншылықтарға сабыр ету нағыз көркем мінез болып табылады. Сондықтан әрбір мұсылман өзі туралы: “Не деген жақсы адам.” деп айтқызуға тырысуы керек. Кімде-кім өзі жайлы айналасындағыларға солай айтқыза алса, оған сүйінші болсын!!!
Біз Аллаһу та’аланың құлдарымен қандай мәміледе болсақ, Аллаһу та’ала бізге солай мәміле етеді. Кешірімді болсақ, бізді де кешіреді. Берсек, бізге де береді. Аллаһу та’ала құлдарына жасалған жақсылықты жақсы көреді. Пайғамбарымыз хадис шәрифте:
«Мұсылман – мұсылманның бауыры. Оған зұлымдық етпейді және қиыншылықта қалдырмайды. Дін бауырына көмектескен адамға, Аллаһу та’ала көмектеседі. Аллаһу та’ала дін бауырының қиыншылығын кетірген адамның қияметтегі қиыншылығын кетіреді. Мұсылманды қуантқан адамды, қияметте қуантады» деген.
Жомарттық – тамыры жаннатта ал бұтақтары дүниеге жайылған ағаш іспетті. Бұл бұтақтар жомарттарды өзіне тартады. Жомарттар бұл ағаштың бұтақтарына қаласа да, қаламаса да жабысады. Магниттің темірді тартқаны сияқты, ол ағаштың бұтақтары жомарттарды өзіне тартады. Кейін ағаштың бұтақтары жаннатқа кіргенінде, бұтаққа жабысқандар да жаннатқа бірге кіреді. Бірақ иманы жоқтар қаншалықты жомарт болса да жаннатқа кіре алмайды. Аллаһу та’ала хадис құдсиде: «Бүкіл діндер арасынан осы дінді таңдадым. Бұл дін жомарттық және көркем мінезбенен толығады. Бұл дінді күнде осы екеуімен толықтырыңдар!» дейді.
Ең үлкен жақсылық
«Пайрыздардан кейін ең үлкен сауап дін бауырына көмектескен адамға беріледі» деген хадис шәриф те жақсылық жасаудың ізгілігін көрсетуде. Ал адамдарға жасалатын жақсылықтардың ең үстемі адамдарды тозақ отында жанудан құтқаруға тырысу. Адамдарға мал-мүлік беру, қаржылай көмек беру жақсылық болғанындай, дінін үйрету немесе үйренуіне себеп болу да ең үлкен жақсылық. Мәселен әһли сүннет ғалымдарының кітаптарынан бір кітап беру. Бұл жақсылық парыздардан кейін Аллаһу та’аланың ең көп сауап беретін амалы. Хазреті Әбу Бәкір Сыддық мұсылмандықты қабылдай салып пайғамбарымызға: «Йа Расулаллаһ, мені жақсы көретін, айтқанымды тыңдайтын алты досым бар, дереу олады шақырайын, олар да иманға қауышсын» деген екен. Міне шынайы жомарттықтың мысалы. Яғни өзі үшін ұнатқан нәрсені, өзі қауышқан ізгілікке басқалардың да қауышуын қалау – шынайы жомарттық.
Қорыта айтқанда жақсылық жасау, жомарт болу, адамдарға қызмет ету Аллаһу та’аланың ең жақсы көретін мінез-құлықтардың бірі. Бұл әр адамда бола бермейтін қасиет. Егер бұл мінез мұсылман емес адамның бойында бар болса, оның иманға қауышуына және иманмен жан тапсыру ықтималдығы жоғары болады.