Жақсы жар таңдау

Жар таңдауда ата-ана, аға-әпке, ағайын-туыс, көрші, дос-жаран сияқты жақындардың кеңесіне, көмегіне міндетті түрде жүгіну керек. Аталмыш жандардың тәжірбиесіне, ақыл-кеңесіне құлақ түрген жөн. Ата-ана, аға-жеңгелер де өз кезегінде ұл-қыздарының есейген шақтарында ақырындап болашақ жұбайының қандай қасиеттеріне қарауы керектігін айта жүргені жөн. Жастардың өз бастарымен жар таңдау жөнінде, оның келешекте қандай жар бола алатынын болжай алу, адам тани алу қабілеттері бәсеңдеу болуы мүмкін. Өйткені көбінесе жастар ақыл, тәжірибеге емес, сезімге сүйеніп әрекет етеді. Ал сезімдер адамды көбінесе жаңылыстырады. Сондай-ақ жастар бір-біріне тек жақсы қырларымен ғана көрінуге тырысады, бір-біріне шынайы бетпердесін аша бермейді. Ал ата-ана немесе ағайындардың пәлен жерде пәлен қыз бар өте діндар, сыпайы, пысық, өте қарапайым деген сияқты кеңестерімен жар таңдау өте жақсы дәстүр. Мұны кей жерлерде «қыз көру» әдеті, кей жерлерде «жеңгетайлық» деп те жатады. Бұрындары «атастыру» дәстүрі де бар болатын. Бұл да екі жақты бір-бірін жақсы танитын ата-аналардың балалары үшін жақсы жар болатын адамды таңдап беруі еді. Бір-бірін бұрыннан танитын, бұрыннан сыйласып жүрген адамдар болғандықтан құдалар арасында кикілжің бола бермейді, өзі таңдап бергендіктен келін-ене араздығы болмайды және «құдалардан ұят болады» дегендей сөздермен балаларының ұрыстарының ұзамауын, үлгілі болуын құлақтарына құйып отырады. Отбасы құру, ажырасу істерін зерттеген мамандар осы әдіспен үйленгендерде ажырасу өте сирек кездесетінін айтады. Бұл әдісті батыстың жетегіндегі кейбіреулер әдейлеп жамандайтындар болуы мүмкін. Жастардың бір-бірін көруіне жол бермей, келіспей мәжбүрлеп үйлендіреді екен деп те ойлайтындар аз емес. Ал негізінде бұл олай емес. Екі жақты ата-аналар өздері немесе жеңгетай арқылы сөйлескен соң, жастарды әрине кездестіреді. Бұл онсыз да дініміздегі сүннет амал. Үйлену мақсатындағы жастар қылует болмайтындай жерде (адамдардың көзінен таса болмайтын жерде) кездесуіне, сөйлесуіне болады. «Көрмей тұрып үйленудің арты қайғы мен өкініш» деген хадис шәриф некеден бұрын кездесудің маңыздылығын білдіреді.

Ата-ананың да пікірін алу керек, бұл маңызды шешімде олардың да рөлі, үлесі болуы қажет. Ата-анасын тыңдамай, қарсы шығып үйленгендердің опық жеп, кейін өкініп жататыны, ажырасып жататыны көп кездеседі. Олардың өмірлік мол тәжірибелерінен пайдалану керек. Әрине соңғы шешімді жастар береді.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз!