Феминизм

Феминизм – әйелдің қадірленбеуі, адам орнына қойылмауы салдарында ХVІІІ ғасырда Еуропада туындаған қозғалыс. Француз төңкерісінің әсерінен феминистік пікірлер Англияға да өтіп, одан кейін АҚШ пен бүкіл Еуропаға тарады. Бастапқыда орынды себептермен құрылғанымен кейіннен асыра сілтеушілік көбейді. Қазіргі таңда бұл ағым шектен шыққандығы соншалық дінсіздікті, арсыздықты дәріптеу, еркекке дұшпандық, еркекті төмендету, үй ханымы болудан жиіркену, ана болудан безу, некелесуді қаламау секілді қылықтарымен адам табиғатына толықтай қайшы жағдайға келді. Феминизм арқылы әйелдерге шартсыз, немқұрайлы еркіндік түсінігі енгізілді, өміріңді қалағаныңша түрлендір деген ой салынды. Бұл алдамшы пікір қоғамның негізі болып табылатын отбасы құрылымының жойылуына себеп болды. Отбасылық жауапкершілік адам көтере алмайтындай ауыр жүк, ал отбасылық өмірге қадам басу қапасқа кірген тұтқындай көрсетілді. Ал бұның салдары некесіз қарым-қатынастарға алып келді. Осылайша «әйел теңдігі» деген ұранға жасырынған феминизм қозғалысы арқылы «отбасы құрылымы» бұзылды. Батыста қазір отбасы ұғымы мейлінше әлсіреді, бала туылуы азайды. Еркіндік деген ұранмен әртүрлі арсыз қылықтар, әдепсіздіктер, қызтеке ерлер, еркекшора қыздар, біржыныстылар жұбы секілді азғындықтар қалыптыдай жарнамаланып келеді.

Феминизмнің таралуы капиталистік жүйеге олжа болды. Өйткені әйелдер жаратуды жақсы көреді. Ақша айналымын арттыру үшін әйелдерді көшеге шығару қажет болды. Әйел көшеге шықса, жұмыс істесе киіну, сәндену, бояну секілді қажеттіліктерге көп қаражат жұмсайтын болады. Ақпарат құралдарындағы деректер бойынша феминизмді «косметика» салалары және «халықаралық қорлар» қаржыландырады екен. Феминизмді жан-жақты қолдап, тіпті еркектердің де боянуын модаға айналдыруда. Батыстың киноларында да жұмыс істеп сыртта жүретін әйелдер дәріптеліп, бала қарап үйде отыратын әйелдер төмендетіліп көрсетіледі. Үйленуді масқарадай, қауіпті тірліктей етіп көрсетеді. Әр кинода кем дегенде бір рет бір жыныстылардың жұбы дәріптеледі. Батыста феминизмді қолдау заманауи адамның өлшемі секілді бояу алды. Тіпті мемлекеттік деңгейде заманауи көріну үшін феминизмді қолдау модаға айналуда. 

 

Дінімізде әйелдің орны

Феминизм батыста философиялық әрекет ретінде бой көтеріп жатқанда Ислам әлемінде әйелдер ғасырлар бойы бақ-берекелі өмір сүрді. Дінсіздікті, арсыздықты дәріптейтін феминизм ағымының дінімізде орны жоқ. Дінімізде әйелдер онсыз да жоғары қадірленген. Пайғамбарымыз: «Мұсылмандардың ең жақсысы, ең пайдалысы – әйеліне ең жақсы, ең пайдалы болған адам», «Жаннат аналардың аяғының астында» деген. Соңғы қоштасу хұтбасында пайғамбарымыз әйелдердің ақыларына мән берілуін, бұл тұрғыда Аллаһтан қорқу керектігін, әйелдің ақылары, еркектің ақылары бар екендігін айтқан. Еуропалықтар әйел ақысын енді ғана ойластыра бастаса, мұсылмандықта 14 ғасыр бұрын белгілеп, қадірлеген. Әйтсе де соңғы кездері заманауи көрінгісі келетін, батыстың модасын іліп әкетуге даяр тұратын мұсылмандар арасында да тарап жатқандығы жасырын емес. Дініміздегі әйелдің қадірі туралы мына сілтемеден кеңірек мәлімет алуға болады: "Дінімізде әйелдің орны"  

Феминизмнің бет пердесі

Феминизмдегі әртүрлі ұрандар нәпіске ұнамды келеді. «мен, мен, мен...», «мен әйелмін, маған еркектің қажеті жоқ...», «мен жеке дара тұлғамын, маған ешкім араласпайды». Мұндай ұстанымдар қай нәпіске ұнамайды?! Бірақ ешкім маған араласпайды дегенмен, дінге де, әдет-ғұрыпқа да, бәріне араласып, жеке өзіне құрмет күткенмен, басқаларға құрмет көрсету назардан тыс қалуда.       

Феминиздегі «еркіндік» ұраны негізінде нәпістің азығы. Еркіндік, бірақ қандай еркіндік? Үй, отбасы әйелге қапастай көрсетіліп, жұбайы мен бала-шағасына қызмет құлдықтай көрсетілетін еркіндік пе?! Бұл еркіндік емес, ананы баладан, ерді зайыбынан ажырататын арандатушы тұзақ.

Феминизмде әйелдердің құқықтары туралы көп айтылады, бірақ жауапкершілік туралы сөз қозғалмайды. Әйелдің жауапкершілігі туралы айтылуын құп көрмеумен қоса, еркектің жауапкершілігі артығымен баяндалады.

Феминизм – қоғамдағы және отбасындағы бүкіл келеңсіздіктерден еркекті жауапкер тұтады. Әйел дербес құқықты, әйелдікі қашанда дұрыс.

Феминизм – жыныстық еркіндікті талап етті, қол жеткізді. Аборт талап етті (көп жерде қол жетімді, еркін жағдайда).

Феминизм – жыныстық озбырлықтың, арсыздықтың барлық түріне қалыпты деп қарайды. Қызтекелік, еркекшоралық, бір жынысты жұп құру секілді т.б. жантүршігерлік опасыздықтардың барлық түрлерін құптайды. 

Феминизм – әйел теңдігі деген пікірмен басталды, бірақ келген жері еркекке дұшпандық болды. Еркектерді төмендету арқылы жоғарылау басты мақсатқа айналғандай. Ал еркегі төмен, қауһарсыз қоғамның алысқа бармайтыны айдан анық.

Батыста феминизмнің қарқыны үдеген сайын некелесу азайып, ажырасу көбейді. Бала туу көрсеткіші едәуір төмендеді.  

Қорыта келгенде феминизмнің әйелге бақыт әкелмейтіндігі батыстың тәжірибесінен мәлім. Тәжірибеден өтіп, сәтсіз шыққан әртүрлі “изм”-дердің соңынан еру ақылды адамның ісі емес. Сондықтан отбасылық өмірдің, қоғамның тыныштығы үшін дәстүрлі отбасылық құндылықтарымызға бекем болуымыз қажет.

 

Шетелде феминизмнің шектен шыққандығының бір мысалын төмендегі суреттерден де көруге болады. «Теңдік сұраймыз» деп мешітте еркектермен араласып отыруға, имам болуға таласып жүргендердің мақсаты дінді бұзу, дінді іштен құлату болмаса, теңдікпен ешқандай қатысы жоқ болса керек...  

Германия / Берлин

 

Нидерланды / Амстердам

 

Әр нәрсе өз орнымен болуы тиіс

Бірнеше жыл бұрын кір жуғыш машинамыз бұзылып, сервис орталығына алып барған болатынбыз. Ұста біздің алдымызда келген кісінің кір машинасын тексеріп шыққаннан кейін «Қалыпты жағдайда дәл бұлай бұзылуы мүмкін емес. Ең соңғы рет не жуған едіңіз?» деп сұрады. Әлгі кісі кішігірім кілемше жуғанын айтқанында «Бұл машина 5 кг-ға дейін және киім жууға арналған. Кілем жууға арналмаған. Бұдан былай нұсқаулық бойынша ғана қолданыңыз» деп ескерту жасап, нұсқаулыққа қайшы қолданғандығы үшін кепілге жатпайтындығын айтып, ақысын өзіне төлетті. Осы сияқты бүкіл құрылғылар нұсқаулығы, тағайындалған мақсаты бойынша қолданылуы тиіс. Мысалы жүк таситын көлікке адамдарды, ал автобусқа қиыршық тас тиеп тасымалдауға кірісетін болсақ, адамдар да, көліктер де зиян көреді. Бұл қағида адамдарға да тиісті. Дүниеде әрбір адамның өзіндік орны, міндеті бар. Міндетінен ауытқитын болса, жүйе бұзылады, отбасы бұзылады. Отбасы бұзылса, қоғам бұзылады. Бұзылған қоғамды сыртқа дұшпандар қалағанынша бөлшектеп, билейтін болады.

Ата-баба дәстүрімен санамызға сіңіп келген, ғасырлар бойы орныққан отбасылық құрылымымыз, ұлттық мәдениетіміз бар. Бұл мәдениетіміздің түбі болса асыл дінімізге сүйенеді. Дінге негізделгендіктен оны қатеге шығару мүмкін емес. Дінімізде барлық нәрсенің үкімдері білдірілген. Әйелдің құқықтары қандай, міндеті қандай, еркектің құқықтары мен міндеттері, қалай жүру керек, қалай тұру керек, қалай тамақтану, қалай су ішу керек, қысқасы ең кішкентай мәселенің де үкімдері бар. Ал батыстан келген феминизм атты жаңалықтың батыста қандай зияндарға себеп болғандығы белгілі. Сондықтан арам ниеттілерге жем болмастан, өз дәстүріміз бен мәдениетімізге ие болайық, сырттан келген араңдатушыларға алданбауға мән берейік.    

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз!