Әстағфируллаһ

Истиғфар ету - күнәның кешірімін тілеу, «Әстағфируллаһ» деп айту деген сөз. Мағынасы: «Мені кешір Аллаһым» деген сөз. Бұрындары апаларымыздың, аталарымыздың аузынан осы сөз түспейтін еді. Тұрғанда, отырғанда, қорыққанда да, қуанғанда да айтатындары осы сөз. Бұл кәлима қысқа болғанымен салмақты келеді. Тілін осындай кәлима айтып үйреткендер әдепке жат қылықтар мен жаман сөздерден аулақ болады. Бақ-берекеге қауышады.    

 «Дүние-мүлкім көп, бірақ балам жоқ. Не істесем болады?» деп сұраған адамға бір сахаба истиғфар айтып жүруіне кеңес берді. Ол күніне 700 рет истиғфар айтуды әдетке айналдырды. Соңында он баласы болды. Адамдар хазреті Хасан Басриге жұттан, кедейліктен, бала болмауынан шағымданатын еді. Барлығына “истиғфар айтыңдар” деді. Себебін сұрағандарға Құран кәрімнен мына үш аятты оқыды: «Көктен мол жаңбыр жаудыруы үшін, сендерге дүние-мүлік және бала-шаға беріп жәрдем етуі үшін, сендер үшін бақтар мен өзендер беруі үшін өте кешірімді болған Раббыларыңа истиғфар етіңдер.» (Нұх 10-12)

Балаларын басқаруда қиналып жүрген бір сахабаға пайғамбарымыз ”саллаллаһу алейһи уәсәлләм”: «Неге истиғфар айтпайсың? Мен күніне жүз рет истиғфар айтамын.» деді. Истиғфар айту дегеніміз - «Әстағфируллаһ мин күлли мә кәрихаллаһ, Әстағфируллаһ әлазим әлләзи лә илаһә иллә һуәл һаййәл қаййумә уә әтубу иләйһ» деп айту. Мағынасын түсініп айту керек. Мағынасы мынадай: «Сен разы болмаған нәрселерден істегендерімді кешіре гөр және әлі істемегендірімді істеуден сақта. Одан басқа тәңір болмаған, Хай, Қаййум, Азыйм болған Аллаһқа истиғфар етемін және жасаған күнәларыма өкініп, Оған сиынамын.» (Азыйм: заты және сипаттары кәміл. Хай: әзәли, яғни ежелден бастауы жоқ және соңы жоқ, тірі. Қаййум: затымен бар болған, жаратқан барлық махлұқтарын бар етіп ұстап тұрған.)

«Фәуаиди Османийа» кітабында: «Шипа үшін оқылатын дұғаны жазып беруімді сұраған екенсіңдер. Шипа үшін, тәубе етіңдер және истиғфар дұғасын көп оқыңдар. Яғни, «Әстағфируллаһ әл-азыим әлләзи лә илаһә илла һу әл хаййул қаййума уә әтубу илайһ» деңдер! Өлімнен басқа барлық дерттерге, ауруларға қарсы пайдалы. Өлім халіндегі адамның ауруын, шаншуын тоқтатып, жеңіл жан тапсыруын қамтамасыз етеді» делінген.

Худ сүресінің 52 аятында: «Истиғфар оқыңдар, көмектеріңе келемін» делінген. Хадис шәрифте де: «Үздіксіз истиғфар айтып жүрген адамды Аллаһу та’ала дерттерден құтқарады» делінген.

Қорыта айтқанда күнәлардан, дерт-сырқаттан, қиыншылықтардан құтылу үшін, дұғалардың қабыл болуы үшін әрқашан, әр жерде мағынасын ойлап көп-көптен «Әстағфируллаһ мин кулли ма кәрихаллаһ» немесе қысқаша «Әстағфируллаһ» деп айтып жүру керек.

 

Ықыласпен айтылған истиғфар

       Имам Ахмед бин Ханбәл хазреттері хадис шәриф жинақтау мақсатында ұзақ сапарға аттанған болатын. Сан-алуан ел кезіп, қаладан қалаға, ауылдан ауылға жол асып жүрген күндердің бірінде ақшам азаны оқылып жатқанда бейтаныс бір қалаға кіріп келеді. Дәл сол сәтте шелектеп жаңбыр құйып кетеді. Имам Ахмед хазреттері сол маңдағы мешітте ақшам намазын оқығаннан кейін түнді осында паналауды ұйғарады. Күн күркіреп, аспан ойылып қалғандай жаңбыр селдей құйылып жатты. Құптан намазы кіргенге дейін Құран кәрім оқып, кейін құптанды жамағатпен оқып болған соң, итиқафқа ниет етіп бір бұрышқа жайғасып отырады. Бірақ сәлден соң жамағат ішінен бір кісі келіп есікті кілттейтінін айтып, мешітті босатуын сұрайды. Имам Ахмед:

- Барар жерім жоқ еді, дала жаңбыр, бір бұрышта түнеп шықсам,- дей бергенінде әлгі кісі:

- Жоқ, бұл жер төсек орын емес, тез босатыңыз,- деп кесіп айтты.

- Мешіттің ішінде қалуға рұқсат бермесеңіз, ең болмағанда ауласында паналайын!

- Жоқ, болмайды. Көп сөзді доғарып шығыңыз сыртқа. Әр өткен кеткен қонатын болса, құрыдық дей бер, бізге намаз оқитын жер қалмас,- деп үзілді-кесілді ол жерден кетуін талап етеді. Бұдан кейін көңілі жасыған Имам «жарайды» деп ол жерден шығып кетеді. Дала тас қараңғы, жаңбыр толассыз жауып жатқан болатын. Имам ахмед Аллаһқа тәуәккүл етіп, қаланың орталығына қарай беттейді.

       Бір наубайхананың алдына келгенінде «жаңбыр тоқтағанға дейін паналайын» деп ойлап ішке кіреді. Жаңбырдан шылқып су болған кісіні көрген наубайшы жылы жүзбен қарсы алып, төрлетуін өтінеді. Жылы жерге кіріп, үсті құрғаған имамның көңілі басылады. Наубайшы:

- Мырзам, дала болса да жаңбыр құйып тұр. Таңға дейін осында қалыңыз, әрі маған серік боласыз.

- Жарайды.

- Олай болса, мұнда жайғасыңыз, жайбарақат отырыңыз, қысылмаңыз.

       Наубайшының жұмысына кедергі келтірмейтін түрде бұрышқа жайғасқан Имам еріксіз наубайшының әрекеттеріне қарап отырады. Наубайшы әр бір нанды шығарып жатқанында «әстағфируллаһ» деп айтады. Бірінші нанды шығарғанында «әстағфируллаһ», екіншісін шығарғанында тағы «әстағфируллаһ» әр ісінде міндетті түрде «әстағфируллаһтан» басқа ештеңе айтпайды. Мұнысы Имамның назарын тартып:

- Машаллаһ балам, истиғфарға тіліңді әбден үйреткен екенсің!- дейді.

- Бұдан өткен көркем сөз, оны айтудан асқан іс бар ма екен жалғанда?!

- Дұрыс айтасың. Ал, сен осы истиғфардың пайдасын көрдің бе, жемісін жедің бе?

- О не дегеніңіз, осы истиғфардың арқасында Раббымнан не сұрасам да қолымды қайтарған емес.

- Не сұраған едің? Не берді саған?

- Не бермеді дейсіз? Жұмыс, бала-шаға, амандық, халал азық тілеген барлық дұғам қабыл болды. Бірақ... Бірақ, бір ғана дұғам қабыл болмады. Соған таңданып жүрмін.

- Қандай дұға еді ол?

- Ахмед бин Ханбәл хазреттерінің мүбәрәк жүзін көріп, сұхбатын, насихатын тыңдасам, дұғасын, батасын алсам деп армандап, дұға етуші едім.

       Имам Ахмед хазреттері таңданыстан не айтарын білмей сәл кідіріп, кейін:

- Өзің жан-дүниең бай адам екенсің балам, сүйінші болсын саған,- дейді.

- Дұғам қабыл болмады дегеніме сіздің сүйінші болсын дегеніңізді түсіне алмадым.

- Аллаһу та’ала дұғаңды қабыл еткені соншалық мені саған жіберіпті, мен Ахмед бин Ханбәлмін,-дейді. Мұны естіген наубайшы орнынан атып тұрып, Имамның қолдарына жабыса кетеді. Көздеріне жас толған наубайшының қуанышында шек жоқ еді...

       Бұдан кейін наубайшы алдына келген кеткеннің бәріне: Дертің бар ма? Шын көңілмен истиғфар ет те дұға ет! Қарызың бар ма? Шын көңілмен истиғфар ет және дұға ет! Балалы бола алмай жүрсің бе? Ықыласпен истиғфар ет және дұға ет! деп айтатын болды. Қиыншылықтардың дауасы ықыласпен жасалатын истиғфар мен дұғалар екенін естен шығармағайсыздар!..

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз!