Мазһабсыздар, яғни адасқан ағымдар және олардың зияндары қазіргі заманымыздың өзекті мәселелерінің бірі болғандықтан аздап мәлімет беруді жөн көрдік.
Мазһабсыздар – қысқаша айтқанда дәстүрлі дін жолын ұстанбайтын (әһли сүннет болмаған) адасқан жолдағы ағымдар. Бұлардың тізімінде шииттер, уаххабилер, сәләфилер секілді көптеген ағымдар бар. Бұлардың өздері өз ішінде тағы қаншама тармақтарға бөлініп, былығып жатыр.
Енді мазһабсыздардың араңдатушылықтарымен бүліктеріне тоқталайық. Жалпылама мазһабсыздар дөрекі, тәкаппар келеді, өліге Құран бағыштауға, қабір зияратына қарсы шығады, көрінген нәрсеге ширк, куфр, бидғат деп бөседі, ұрыс, жанжал шығаруға дайн тұрады және т.б. Осыларға жеке жеке және қысқаша тоқталып өтейік:
Ширк деген не?
Мұсылмандар Аллаһу та’аланы бүкіл сипаттарымен танып, "илаһ" ретінде, яғни құдай ретінде қабылдайды. "Аллаһтан басқа құдай жоқ" деп әр намазда қайталаймыз және бұл мәселеде иманы ең әлсіз болған мұсылманның да күмәні жоқ. Ал енді "ширк" немесе "серік қосу" дегеніміз – Аллаһтың жұмыстарында оған көмектесетін, Оның орнына тілектерді беріп жіберетін, Оның орнына қалағанын жаратып бар, не жоқ қылатын басқа бір тірі-өлі, жанды-жансыз затты да құдай орнына шығару деген сөз. Яғни бір нәрсені құдай ретінде көріп, оны Аллаһтан басқа құдай деп қабылдау ширк болады. Өзін мұсылман санайтын ешбір адам мұндай тентектікке бармайды. Мәселенің анық-қанығын білмей тұрып, көрінген нәрсеге ширк, күпір, бидғат деп лай шапқылай беруден аулақ болу керек. Қазіргі таңда мұндай әрекеттер ең көп мазһабсыздардан (уаххаби, сәләфилерден) шығуда. Фитнаға себеп болуда. Ондай адасқандардан аулақ болу керек. Мұндай адасқандар өздерінен басқаның бәрін кәпірге санап, жау қылып көреді. Көрінген нәрсені ширк, күпірге балап, ананы баладан, бауырды бауырдан айырып, ата-баба, әдет-ғұрып, отан ұғымдарын ширк деп атап, адамды рухани құндылықтардан жұрдай етеді. Сыртқы жаулар осындай адасқандарды пайдаланып елде іріткі, бүлік шығаруды көздейді.
Серік қосу басқа, құрмет басқа
Мазһабсыздықтың әкелген ең үлкен зардабы – әдеп, құрмет деген қасиетті жою болды. Әдеп, құрмет болмаған жерде бұзақылық, қараңғылық орнайды. Қажылыққа барғандар біледі, ол жақтағы мазһабсыздар Құран кәрімді басына жастанып, аяқтарын Қағбаға қарай созып жатады. Бұдан ол жақта құрмет ұғымының қаншалықты жойылғандығын көруге болады. Ал бізге ата-апаларымыз кішкентайымыздан Құран кәрімді кіндіктен төмен түсіруге болмайтындығын, жоғарыға қою керектігін, құбылаға аяқ созбауды үйретіп келген. Мұсылмандардың ешқайсысы Құран кәрімге немесе Қағбаға табынған емес. Құран кәрім – мұсылмандардың қасиетті кітабы, Аллаһу та’аланың «кәламы» (сөзі) болғандықтан, ал Қағба мұсылмандардың құбыласы, «бәйтуллаһ» мәртебесіндегі қасиетті жер болғандықтан құрмет көрсетеді. Құрмет басқа, табыну басқа. Екеуі екі түрлі нәрсе.
Адамдар қоғам халінде өмір сүруге, мәдениеттер құруға, өзара құрмет ішінде өмір сүруге мәжбүр. Ата-бабаларымыз үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді дәріптеп өткен. Мәдениет, үлкенге құрмет, отанға құрмет, өзара құрмет, жалпы құрмет ұғымы қалмаған жағдайда жабайылық, озбырлық, мәңгүрттік, сауатсыздық басталады. Қате түсініктер көбінесе сауатсыздықтан және өмірінде әһли сүннет кітабын оқымаған, біреуден естіген бір-екі ауыз арапша сөз жаттап алып халықты бұзатын дүмшелердің сөзіне еруден туындайды. Сондықтан дінді әркімнің аузынан емес, әһли сүннет кітаптарынан оқып үйрену керек. Мұсылмандар сауатты, білімді болуы тиіс, дінін, әдет-ғұрпын, тарихын білуі, әлемде не болып жатқандығынан хабардар болуы тиіс. Көбінесе сауатсыздар адасқан топтардың арбауына түсіп жатады. Ланкестік жасап құдайға құлшылық қылып жатқанын ойлайтын адасқандар бар. Ал негізінде өзге елдердің байлығына, мұнайына, кен орындарына көз тіккен сыртқы дұшпандардың қолшоқпарына, күшігіне айналғанынан хабары жоқ.
Сауатсыздық
ХІ-ХІІІ ғасырларда мұсылмандардың басына қара түнек тудырып, қаншама мұсылмандардың қанын төккен Хасан Саббах атты қанішер көш бастаған Хашхашилер (ассасин) сектасында ғылым үйренуге тыйым салынған болатын, бұл адасқандар көсемдерінің бұйрығын орындаған адам жаннатқа барады деп сенетін. Оларға харам деген тыйым, шектеу жоқ деп сенетін, есірткі шегетін, қысқасы шектеу болмағандықтан білгенін істейтін. Шақыруларына бас имегендерді қырып салуды, тонауды міндет деп білген. Қысқасы бұлар дінді жамылған қарақшылар еді. Дәл осындай жағдайды бүгінгі мазһабсыздардан да көруге болады. Мазһабсыздардың көпшілігі бала-шағасын мектепке жібермейді. Айтатындары мектепте ширк, мектепте харам т.б. Өздерінен болмағандарды кәпір деп санап өлтіру, мал-мүлкін тартып алу керек деп сенеді. Мұның ең ауқымды мысалы Батыс Африка елдерінде бүлік шығарып халықты қанға бояп жатқан Боко Харам сектасы. (Боко харам - Дүние жүзінде және Қазақстан Республикасында тыйым салынған террористтік топ) Бұлар да сәләфилік ағымды ұстанады, ғылым үйренуге тыйым салады. Батыстың ғылымына тыйым саламыз дей отырып, адамдарды сауаттылықтан мақрұм етуде. Өйткені сауатсыздарды басқару, дегеніңе көндіру оңай. Бірақ сөйте тұра батыстың жасаған қаруларын қолданып қан төгуде. (мұсылмандардың қанын төгуде.)
Сирияда ИГИЛ (ДАИШ) деген бүлікшілер шықты. (ИГИЛ (ДАИШ) - Дүние жүзінде және Қазақстан Республикасында тыйым салынған террористтік топ.) Көп дінтанушылар мен саясатшылар мұндай топтар мен ланкестік ұйымдар алпауыт елдердің қолдауынсыз бой көтере алмайтындығын айтады. Бұлар суық соғыстың және отарлаудың құралы болып табылады дейді. Бұлардың барлығы алыптардың саясаты мен стратегиялық мақсаттарына қызмет етеді. Ал алыптардың стратегиялары кем дегенде 20-30 жыл бұрын жоспарланады екен. 2000 жылдары “хизбуд-тахрир” сектасындағы адасқандар: «Жақын күндері Сирияда халифат құрылады, сол кезде сол жаққа аттанамыз» деп айтатын. (Хизбут-тахрир - Дүние жүзінде және Қазақстан Республикасында тыйым салынған террористтік топ.) Арада 14-15 жыл өтіп әлгі ИГИЛ деген бүлікшілер Сирияда «Ислам мемлекеті» деген атты жамылып шыққанда, миына осындай бағдарлама құйылған қаншама мазһабсыз отандастарымыз сол жақа кетті. Демек алыптар бұл ИГИЛ бүлігін 20 жыл бұрын жоспарлаған екен ғой деп жаға ұстаудан басқа амал қалмады. Айта берсек осындай топтар жетіп артылады. Бұл естіп-біліп жатқанымыз, ал естімегеніміз қаншама. Бұлардың барлығы айналып келгенде асыл дінімізді қаралауға себеп болуда. Батыстық ақпарат құралдары осындай дінді жамылған содырларды меңзеп бүкіл мұсылмандарды жаман атты қылуға тырысуда. Демек алып күштердің екінші мақсаты Ислам дінін ланкестікпен байланыстырып жаман атты қылу және осы арқылы Ислам дінінің таралуын тежеу, мұсылмандардың арасына іріткі салу, алауыздық тудыру, бастарын біріктірмеу.
Ғылым
Құран кәрімнің көптеген жерлерінде ғылым үйрену әмір етілген, ғалымдар мақталған. Мысалы, «Білетін адам мен білмейтін адам тең бола ма, білетін адам әрине қадірлі» делінген. (Зумәр 9) Хадис шәрифтерде де былай делінген:
«Ғылым үйрену әйел-еркек барлық мұсылманға парыз». (Бәйһақи)
«Бесіктен мазарға дейін ғылым үйренуге тырысыңдар!» (Шира)
«Ғылым жолын ұстанған адамға Аллаһу та’ала жаннат жолын ашады». (Тирмизи)
Ислам ғылымдары екіге бөлінеді: 1) Ақли (дүниелік) ғылымдар, 2) Нақли (діни) ғылымдар.
Физика, химия, математика, әдебиет сияқты тәжірибелік білімдерге ақли (ақыл) ғылымдар делінеді. Тәфсир, кәлам, хадис, фиқһ сияқты білімдерге нақли (нақл жолымен келетін) ғылымдар немесе дін ғылымдары делінеді.
Хадис шәрифтерде былай делінген:
«Ғылым мен өнер мүминнің жоғалтқан мүлкі. Қайдан тапса алсын!» (Ибн Асакир)
«Ғылым Қытайда болса да алыңдар, үйреніңдер!» (Бәйһақи)
Қытай ежелден келе жатқан елдердің бірі. Ертеден бері мұсылман емес және Арабстаннан ең шалғайда жатқан мемлекет еді. Яғни дінімізде ғылым алыста болса да, кәпір елде болса да үйрену керектігі айтылған. Осы тұрғыдан ешкімнің Ислам дінінің білімге, техникаға, даму, өркендеуге қарсы екендігін айтуы мүмкін емес. Ғылым, өркениет, технология Шығыста бола ма, батыста бола ма, қайда болса да оны алуға, ілгерілеуге тырысу керек. Әрине жаман әдеттерін, жамандықтарын алу қажет емес.
Мазһабсыздық тарихы
Тарих ғылымы – дүниелік ғылымдардың ішіндегі ең маңызды пәндердің бірі. Ғалымдар өткенін, әдет-ғұрпын білмейтін елді жою оңай болатынын айтады. Сондықтан өз тарихын, әлем тарихын оқу, білу әсіресе бұларды ел басқаратын ағалардың, саясаткерлердің білуі өте қажет. Тарихтан алатын көп сабақ, көп ғибрат бар. Бұл ұзақ тақырып негізінде мұны да қысқа қайырдық.
Мәселен уаххабилік, сәләфилік қалай, қайдан пайда болды? Бұл да бір тарих. Кім, қандай мақсатта шығарды? Жаһандық дәуірде емеспіз бе, мұның бәрін іздеп табуға болады.
Мазһабқа деген дұшпандық ертеректе де болған бірақ сүннилердің арасында жаппай етек жаюы XX ғасырдың басында орын алды. ХVIIІ ғасырдың аяғында туындаған уаххабилік ағымы «Мазһабтың не керегі бар, дінді әркім өзі Құран мен хадистен үйренсін» деген ұран тастады. Бір қарағанда дұрыс сияқты көрінгенмен мұнда үлкен тұзақ бар еді. Өйткені адамдардың түсінігі, ой-өрісі, ақылы әр түрлі деңгейде. Әр адам өз түсінігімен бұрмалаған жағдайда қанша адам бар болса, сонша дін, сонша секта пайда болады деген сөз. Қазіргі таңда шығып жатқан әртүрлі намаз түрлері, әртүрлі дәрет түрлері, қысқасы әртүрлі келіспеушіліктер осындай қате пікірдің салдарынан туындауда.
Бір-екі мысалмен түсіндіруге тырысайық: Конституцияны әркім өзі оқыса түсіне ала ма? Басымызға іс түссе міндетті түрде білікті заңгерлердің көмегіне жүгінеміз. Тек медицина кітаптарын оқу арқылы дәрігер болу, ота жасау мүмкін бе? Міндетті түрде ұстаздан үйренуі тиіс. Барлық адам көлік айдасын, барлық адам көзге ота жасасын деп айту дұрыс па? Сол сияқты ”Барлық адам өзі Құран мен хадистен үкім шығаруы керек” деп айту – бәрінен де қауіпті. Машина жүргізе алмайтын адам апатқа ұшырауы мүмкін және өлім құшуы мүмкін. Ал хадисті, Құранды түсінбейтін адам бұларды оқып, өз ойымен бұрмалап, амал етемін деп жүргенде діннен шығады.
Мазһаб деген не?
Мазһаб сөзінің тікелей мағынасы жол деген сөз. Ал дініміздегі мағынасы «Мутлақ мүжтәһид» деп аталатын ғалымдардың "Құран кәрім" мен "Хадис шәрифтер" және "ижма" мен "қияс фуқаһа" деп аталатын 4 дәлелден шығарған үкімдердің жиынтығы. Дінімізде мүжтәһид емес адамның Құран кәрім мен хадистерден үкім шығаруы рұқсат емес. Сондықтан біз "Мутлақ мүжтәһид" болған "мазһаб имамдары" көрсеткен үкімдерімен жүреміз. Хижри 400 жылдардан (Х ғасырдан) кейін мүлдем мутлақ мүжтәһид ғұлама жетілмеген және мүжтәһидтердің ішінен тек қана төрт Имамның үкімдері ғана кітаптарға толық жазылып үлгерген. Бұлар Ханафи мазһабының имамы - Имам Ағзам Әбу Ханифа, Малики мазһабының имамы - Имам Малик бин Әнәс, Шафии мазһабының имамы – Имам Мұхаммед бин Идрис Шафии, Ханбели мазһабының имамы – Имам Ахмед бин Ханбәл.
Қазіргі уақытта белгілі төрт хақ мазһабтың бірін ұстану керек. Орталық Азия және Қазақстан халықтары 100 пайызға Ханафи мазһабын ұстанады. Яғни біздің елде кітаптары, үкімдері ең көп тараған Ханафи мазһабы. Біз Ханафи мазһабының үкімдеріне мойынсұнуымыз керек.
Елімізде мазһабсыздықтың таралуы
Дінге қарсы болған, коммунистік режим кезінде қанша қысым көрсеткенімен дінді ұстанған адамдар болды. Сол аталарымыз Ханафи мазһабын ұстанып келді. Шет елдермен байланыс қатаң шектелгендіктен ешқандай бұзық ағымдар кірмеген болатын. Ал тәуелсіздік алып, дінсіздік идеологиясының қармауынан шыққан 90-шы жылдары жалпылама халық рухани тұрғыда аш болатын. Сол кезде сырттан әр түрлі жат ағымдар кіре бастады. Руханияты аш жандар бірінші естігенін Ислам екен деп қабылдай берді. Эйнштейн айтқан екен: «Алғашқы тұжырымды бөлшектеу, атомды бөлшектеуден де қиын» деп. Ең алғаш болып бұзық сенімді санасына сіңірген адамдарға одан кейін дұрысты қабылдату қиынға соқты. Мұны имамдар жақсы біледі.
Жиһад деген не?
Жиһад – «әмри маруф» және «нәхи мункәр» деген сөз. Яғни кәпірлерге Ислам дінін таныту, оларды күпір пәлекетінен құтқаруға тырысу, ал мұсылмандарға дұрыс діни білімдерді үйрету, олардың күнә істеулерінің алдын алу дегенді білдіреді.
Жиһад үш түрлі болады:
1) Күш-қуатпен, әртүрлі соғыс құралдарымен жасалады. Қарулы жиһадты, соғысты тек қана мемлекет, яғни мемлекеттің қарулы күштері ғана жасай алады. Бірнеше адам жиналып, қару, күш қолданатын болса, бұл жиһад емес, қарақшылық, лаңкестік болады.
2) Әртүрлі ақпарат құралдарын қолданып, Ислам дінін адамдарға жеткізу, естірту арқылы жасалады. Мұны Ислам ғалымдары жасайды. Ислам ғалымдары болмаған замандарда миссионерлер мен бидғатшылардың азғыруынан қорғану үшін бұл жауапкершілік қатардағы мұсылмандардың еншісіне түседі. Яғни мұсылмандар бүкіл дүниеге ақпарат құралдары арқылы әһли сүннет ғұламаларының сөздерін, мақалаларын, кітаптарын жариялайды.
3) Дұға арқылы жасалады. Яғни бүкіл мұсылмандардың мал-жандарының аман болуын, заманның тыныш болуын және т.б. игіліктер тілеп дұға етуі.
Амал иманның бөлшегі емес
Мазһабсыздар күнә істеген адам кәпір болады деп сенеді. Бұл дұрыс емес. Егер күнә істеген адам кәпір болса, жер бетінде мұсылман қалмас еді. Бұл дүние сынақ болғандықтан мінсіз адам болу қиын екені айтпаса да белгілі. Тек пайғамбарлар ғана күнә істемейтін мінсіз болған. Күпірліктің терісі – иман, ал күнәнің терісі – ғибадат. Иманды тәрк еткен адам кәпір болады. Ал ғибадатты тәрк еткен, күнә істеген адам күнәһар болады, яғни кәпір болмайды.
Мұсылманды кәпір деу
Мазһабсыздар өздерін ғана мұсылман, ал өздеріндей болмағандардың барлығын кәпір деп санайды. Уаххабилер мына кітаптарында Әһли сүннет жолындағы мұсылмандарды кәпір деп жазған: «Әссухубул Уабилә 39 бет, Ажаибул Асар 7/146»
Ал негізінде мұсылманды кәпір деу күпірлік болады. Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«”Лә илаһә иллаллаһ” деген адамға істеген күнәсы үшін кәпір демеңдер! Бұған кәпір деген адамның өзі кәпір болады». (Бұхари)
«Мүминге кәпір деген адамның өзі кәпір болады». (Бұхари)
Қабір зияраты
Мазһабсыздар өліге Құран бағышталуына қабір зияратына, тіпті пайғамбарымыздың қабірін зиярат етуге қарсы шығады. Оларға қысқаша жауап ретінде мына хадис шәрифтер бар:
«Қабірімді зиярат еткен адамға шапағатым уәжіп болды». (Бәйһақи, Дара Құтни, Табарани)
«Қажылық етіп мені зиярат еткен адам, мені тірі кезімде зиярат еткендей болады». (Табарани, Дара Құтни, Ибн Жәузи)
«Ата-ананың қабірін жұма күні зиярат еткен адамның күнәлары кешіріледі, ақыларын өтеген болады». (Тирмизи)
«Мазаратқа кірген адам Ясин сүресін оқыса, ол күні өлілердің азаптары жеңілдейді. Өлілердің санындай ол адамға сауап беріледі». (Әтфалул муслимин)
«Мазардың жанынан өткен адам 11 рет Ихлас сүресін оқып, сауабын қабірдегілерге бағыштаса, оған мәйіттердің санындай сауап беріледі». (И.Ахлақы)
«Бір мұсылманның қабірін зиярат етіп жатқанда, Аллаһуммә инни әс-әлукә би хурмәти Мухаммәд алейһиссалам ән лә туаззибә һәзәлмәйит деп айтылса, ол мәйіттің азабы қияметке дейін тоқтатылады». (Әтфалул муслимин)
Қорқу мен үміт арасында болу
Көбінесе мазһабсыздар өзін жаннатық екеніне сенімді болады. Бір ақпарат құралында өткен мақалада, полиция қызметкері “таблиғи жамағат” ағымының бір өкілін сұраққа алып жатқанда мекен-жайын сұраса, әлгі кісі «фирдаус» деп жауап берген екен. Әлден жаннаттың ең жоғары дәрежесін иеленіп алған көрінеді. Ал негізінде кімнің құтылатыны, ал кімнің тұтылатыны соңғы демінде мәлім болады. Мұсылман қорқу мен үміт арасында өмір сүруі керек. Яғни соңғы демде имансыз өлуден қорқу керек. Аллаһу та’аланың ашуынан, азабынан қорқу керек, бірақ рақымдылығы мен мейірімінен үміт үзбеу керек. Күнә iстеуден сақтану, иманнан ажырап қалудан қорқу керек. Сондай-ақ қаншама көп күнә iстеген болсақ та, Аллаһтың кешiрiмiнен еш үмiт үзбеуіміз, күнәларымыз үшiн тәубе етуіміз керек. Өйткенi тәубе еткен адам ешқандай күнә iстемегендей болады. Қаншама көп ғибадат етсек те құтылатынымызға сенімді болмау керек. Өйткені құтылу не құтылмау соңғы демде мәлім болады. Жастардың қорқулары көбірек, ал қарттардың және науқастардың үміттері көбірек болу керектігі айтылған. Қорқу мүлдем болмай үміттің көп болуы, яғни жәннатқа кіретініне сенімді болу немесе үміт мүлдем болмай қорқудың көп болуы, яғни тозаққа түсетіне сенімді болу дұрыс емес, рұқсат емес. Хадис шәрифте: «Қорқу мен үміт арасында болған мұсылман үміт еткеніне қауышады, қорыққан нәрсесінен амандықта болады» делінген. (Тирмизи)
(Таблиғи жамағат - Дүние жүзінде және Қазақстан Республикасында тыйым салынған террористтік топ)
Өзін жаннаттық, ал күнәһарды тозақтық демеу керек
Күнәһарды ұнатпау керек, бірақ өзін күнәһарлардан үстеммін деп те ойламау керек. Өзін жаннаттық, ал күнәһарды жаһаннамдық деп білмеу керек. Тіпті кәпір үшін де бұлай ойламау керек. Кәпір бір шаһадат кәлимасын айтумен жаннаттық, ал өзі бір күпірге себеп болатын сөз айтып жаһаннамдық болуы мүмкін.
"Ихия-Улум" кітабында былай делінеді: Исраил ұлдарынан бір қарақшы қырық жыл күнә істейді. Бір күні хазреті Исаны хауарилерінің біреуімен кетіп бара жатқанын көреді. Бұрынғы жасаған тонаушылықтарына өкінеді. “Мен бұларға қосылайын” деп арттарынан жүреді. Хауаридің жанына жақындап, ішінен “мен сияқты қарақшының мұндай ұлы адамның жанында жүруі дұрыс бола ма екен?” деп ойлайды. Хауари болса “бұл қарақшы қайдан тап болды? Қалайша мендей ізгі адамның жанында жүр” деп ойлап одан алыстап Иса алейһиссаламға жақындайды. Сонда Аллаһу та’ала хазреті Исаға уахи жібереді: «Екеуіне де айт! Екеуінің де өткен өмірлерін жойдым. Амалдарын жаңадан бастасын. Өзін ұнатқаны үшін хауаридің ғибадаттарын жойдым. Өзін төмен санағаны үшін қарақшының күнәларын кешірдім». Хазреті Иса болған жағдайды екеуіне де айтып, қарақшыны хауарилердің қатарына алады. (И. Ғазали)
Сауатсызды көрген кезде, "бұл адам білмегендіктен күнә істеп жатыр. Мен болсам, біліп тұрып істеймін", деуі керек. Бір ғалымды көргенде, "ол менен көп біледі және ілімінің ақысын беруде. Ықыласпен амал жасайды. Ал мен ондай емеспін", деу керек. Өзінен жасы үлкен адамды көргенде, "ол менен көп ғибадат жасаған", деу керек. Жастарды көргенде, "олардың күнәсі аз, ал менің күнәларым көп" деу керек. Өзімен жастыларды көргенде, "мен өз күнәларымды білемін, бірақ олардың амалдарын білмеймін. Білініп тұрған қылмысқа жаза беріледі, білінбегеніне емес. Олай болса, оған қарағанда мен жазаға лайықтырақпын" деп, өзін төмен санау қажет. Бір бидғатшыны немесе кәпірді көргенде "адамның халі соңғы демінде белгілі болады. Менің халім не болады екен" деп, оларға да тәкаппарлық етпеу керек. (Ислам ахлақы)
Тәкаппарланбау керек. Күнәһар, жаман адамды көргенде ол бір күні тәубе етіп құтылар, Аллаһ сақтасын мен адасуым мүмкін деп өзімізді одан үстем деп қарамауымыз керек. Бүкіл адамдардың әһли сүннет сеніміне, дүние және ахирет бақытына қауышулары үшін дұға етуіміз керек.
Нәпсінің қалаулары
Байқайтынымыз, мазһабсыздардың ағымында нәпіске ұнамды нәрселер көптеп табылады. Елден ерекшеленіп тұру, аттың қасқасындай ажыралып тұру әрбір нәпіске ұнайтын қылық. Адамдар неге мода қуалайды, неге мұрнын, ернін тесіп сырға іліп алады, ешкімде жоқ үлгідегі, жырым-жырым киімдерді киіп алады?! Өйткені өзін өзгелерден үстем көрсету мақсатында өзгеше, ерекше боп тұру нәпсіге қатты ұнайды. «Сен ғана құтыласың басқалар тұтылады», «сен ғана үстемсің қалғандар төмен» деген түсініктің нәпсіге ұнары сөзсіз. Елдің намазына ұқсамайтын түрде намаз оқу, өзгеше көріністе дәрет алу арқылы ерекшелену, жұрттармен сөз таластыру, айқай-шу шығару т.б. озбырлықтар – осы ерекшемін деген менмендіктен туындайды. Дөрекі, тәкаппар болуының себебі де осы. Өзін үстеммін деп, ал қалғандарды тонап, қырып-жоюды дұрыс деп білгендіктен бүлікке даяр тұрады. Сүннет намаздарды оқымайды. Парызды оқи сала қаша жөнеледі. Кей біреулері тіптен намаз оқымайды. Олар Құран кәрімді бұрмалап, намаз оқымаса да болады деген ұғым шығарып алғандар.
Бұлар адамдарға Құран кәрімнің аяттарын бұрмалап айтып, өз ыңғайына тартуға тырысады. Дін білімдерін оқымаған, білмегендер аузын ашып тыңдай кетеді. Ата-анасынан естіп білгендеріне қайшы нәрсе естігенінде тыңдаушы екілене түседі емес пе? Сол кезде әлгі азғындар “өй, сенің иманың әлсіз екен” деп қайрай түседі. Иманың әлсіз екен деген сөз адамға ұнай ма? Тыңдаушы “жоқ, менің иманым әлсіз емес”, деп онымен келісе кетеді немесе келісуге бейімделеді. Білімді адамдар кездессе, “бұл аяттың тәфсирі басқаша емес пе, сен неге бұрмалап жатсың” десе ауыздарына құм толып қаша жөнеледі.
Осы мазһабсыздардың қалтасынан шығын шығармай қыз-келіншектердің басын айналдырып некелеп алып, біраз уақыттан соң талақ беріп тастап кетіп жатқандарын көруге болады. Бала-шағаң қалды емес пе?- десең, Аллаһ ризыққа кепіл, Аллаһ өсіреді деп айтады. Аллаһу та’ала ризыққа кепілмін деген, сондай-ақ бала-шағаның ризығын беру, тәлім-тәрбие беру үшін ата-анасын себепші еткен. Бала-шағаның ризығын табуды әкеге "парыз" еткен. Яғни әйелінің, баласының напақасын қамтамасыз ету әкенің мойнындағы парызы, міндеті. Ал бұл парызды олар мойындамайды, өйткені нәпсілеріне ұнамайды. Бұларды діндегі нәпсіне ұнамды сөздерді өздерінің рахатына қарай бұрмалап алатын екіжүзділер десе артық етпес.
Айтылатын нәрсе көп, әйтсе де оқырманды жалықтырмау ниетімен мақаланы барынша қысқа жазуға тырыстық. Соның өзінде мейлінше ұзап кетті.
Фитна деген не?
Фитна – іріткі, бүлік, жөнсіздік, адамды ақиқаттан адастыратын нәрсе. Адамдарды қиын жағдайға, пәлекетке душар қылатын, мұсылмандардың зиян көруіне себеп болатын сөз, іс-әрекет, дұшпандыққа себеп болатын нәрсе. Яғни Исламның атына кір келтіретін нәрселер фитнаға жатады. Құран кәрімде былай делінеді: «Фитна адам өлтіруден де жаман» (Бақара 191)
«Қиямет қайым болмастан бұрын барлық жерді фитналар қаптайды. Фитналардың зұлымдығы айналаны қараңғы түндей етеді. Сол заманда үйінен мұсылман болып шыққан адам кешке кәпір болып оралады. Кешке мұсылман болып үйіне келген адам азанда кәпір болып шығады. Ол заманда отыру түрегеп тұрудан да қайырлы. Жүрген жүгіргеннен де жақсы болады». (Хадис шәриф – Муснәд-и Ахмед ибн Ханбәл)
«Фитна ұйқыда. Оятқан адамға Аллаһ лағнет етсін!» (Хадис шәриф – Бәриқа)
Фитна шығарған ғалымнан және жаһил (сауатсыз) абидтен (құлшылық етушіден) сақтаныңдар. Олардың халдеріне көңілі ауған адам үшін де фитна болады. Әрі өте қауіпті. (Имам Шаби)
Мұсылман әрдайым Аллаһу та’аланың әмірлеріне мойнсұнуы керек, күнә және қылмыс жасамауы керек. Фитнаның шығуына себепші болмауы керек. Барлық адамға жақсылық жасап, барлық адамның ақысы мен құқықтарына аса мән беруі керек. Ешкімге зұлымдық жасамауы керек. Ислам дінінің әдемі, көркем мінез-құлқын, абыройын барлық жерде барша адамға көрсетіп жүруі керек. Әр халықтың санасында ислам дініне деген сүйіспеншілікті оятып, ислам дініне құрмет көрсетуіне себепкер болуы керек. (Ислам ахлақы)
Ислам – ынтымақ діні
АҚШ-та 11 қыркүйектегі ланкестіктен кейін «Ислам терроры» термині батыстық ақпарат құралдарында әдейілеп қайта-қайта айтыла бастады. Мәселен бейнекөрсетілім ретінде жанып жатқан ғимарат және одан кейін намаз оқып жатқан мұсылмандар көрсетілді. Бұған айтарымыз ланкестіктің діні, тілі, ұлты болмайды. Кез келген христиан қылмыс жасағанда бұған оның діні кінәлі болмайтынындай, кез келген бір мұсмылман қылмыс жасаса, дінді бұрмалап қате пікір шығарса, бұған да ислам кінәлі болмайды. Ол жаман адамдардың ықпалында қалған қылмыскер болады. Мәселен христиандардың «инквизиция соттары», христиан испандықтардың Андалусия мұсылмандарын жойып жіберуі, христиан сербтердің мұсылман босниялықтарды қырғынға ұшыратуы секілді озбырлықтарды «христиан зұлымдығы» немесе «христиан терроры» деп аталды ма? Жалпы осы секілді кез келген діннің, кез келген ұлттың озбырлықтарын тарих кітаптарынан көптеп көруге болады. Ешкім бұларға христиан терроры немесе неміс терроры деген емес. Десе де дұрыс болмайды. Өйткені террордың дінмен байланысы жоқ. Исламмен тіптен байланысы жоқ. Ислам – ынтымақ діні. Ислам дінінде адам түгілі, өсіп тұрған өсімдікке, жануарға, ғимаратқа зиян беру жоқ. Зияны тисе ақы өтеді, ахыретте есепке тартылады. Ал адам өмірін қию тіптен жоқ. Мұсылман – ешкімге қиянат, зұлымдық етпейді, заңға, мемлекетке қарсы шықпайды. Бір адамның жанын қию бүкіл адамзаттың жанын қиюмен тең екенін біледі. Ғасырлар бойы сенімдері, ұлттары әртүрлі халықтар мұсылман елдерінде ешқандай қысым көрмей еркін өмір сүрген. Тіпті өзге елдерде қысым көрген басқа сенімдегілер мұсылмандардан пана іздеп келген жағдайлар көп болған. Өйткені мұсылман мәдениетінде қонақжайлылық, пана сұрап келгенге қамқор болу, оны дұшпандарынан қорғау, қонаққа қызмет ету ерекшелігі бар.
Ланкестіктің діні, тілі, ұлты, отаны болмайды. Ланкестіктің, ланкестің барлығы жаман. Ал ланкестікті дінге байланыстыру болса, жаман ниетті адамдардың әдейілеп жасап жатқан әрекеті. Ланкестік жасаған адам қай дінде болмасын, неге сенсе сенсін, құдайдың әмірін орындадым деп қаншама айқайласа да, ол шайтанның әмірін орындаған болады. Имам Ғазали хазреттері жеткізген хадис шәрифте: «Шығыста бір адам өлтірілсе, батыстағы бір адам бұған разы болса (қуанса), оны өлтіру күнәсына ортақ болады» делінген. Маида сүресінің 27, 28-ші аяти кәрималарында былай делінеді: «Адам пайғамбардың ұлы Қабіл, бауыры Хабілге: “сені өлтіремін” дегенінде, оған Хабіл “сен мені өлтіру үшін қолыңды көтерсең де, мен сені өлтіру үшін қолымды көтермеймін, мен әлемдердің раббы болған Аллаһу та’аладан қорқамын” деді». Шынайы мұсылман адамның жанын қию былай тұрсын, ешқандай жандыға зиян бермейді. Жануар, өсімдікке де зиян тигізуден аулақ болады.
Қорыта келгенде мұсылмандық пен террордың байланысы жоқ. мұсылмандар көзі ашық, сауатты болуы қажет. Ақ-қараны ажырата алатындай, дұшпандардың қырбалаң саясатымен арандатушы ойындарына алданбай еліне, дініне қызмет ете алатындай тәлімді, өнегелі, барлық жағынан озат болуға тырысуы қажет. Мұсылман адамның Аллаһу та’аланың әмірлеріне мойнсұнуы керек, күнә және қылмыс жасамауы керек. Фитнәнің шығуына себепші болмауы керек. Ислам дінінің әдемі, көркем мінез-құлқын, абыройын барлық жерде барлық адамға көрсетіп жүруі керек. Әр халықтың санасында ислам дініне деген сүйіспеншілікті оятып, ислам дініне құрмет көрсетуіне себепкер болуы керек.