Әмәуи халифаларының сегізіншісі, Мысыр уәлисі (әкімі) Абдулазиз бин Мәруанның ұлы. Анасы хазреті Омардың ұлы Асымның қызы. 679 (хижри 60) жылы Мәдинада туылып 720 (хижри 101) жылы қайтыс болды.
(Омар бин Абдулазиз жерленген жер).
Әкесі Мысырдың уәлисі (әкімі) болып тағайындалғанында онымен бірге Мысырға барды. Омар бин Абдулазиз мұнда ислам тәрбиесімен өсіп жетілді. Ілім үйрену үшін Мәдинаға жіберілді. Ол жақта Әнәс бин Малик, Абдуллаһ бин Жафар Таййар, Саид бин Мусәййиб және басқа да ғалымдардан ілім үйренді. Әкесі қайтыс болғаннан кейін көкесі халифа Абдулмәлик оны Шамға әкеліп қызы Фатимамен үйлендірді.
Омар бин Абдулазиз өте дәулетті кісі еді. Жаратылысындағы жомарттығы себебімен адамдардың бәріне байлығын сарп етіп, ешкімнен көмегін аямайтын еді. Өте құрметті, ғалым, әділ және теңдесі жоқ тұлғалардың бірі болды. Халифа Уәлид бин Абдулмәлик оны 706 жылы Харемейн (Мекке және Мәдина қалаларына) уәли етіп тағайындады. Әділеттілігімен ел басқарған Омар бин Абдулазиздің даңқы барлық аймақтарға тарады. Көп адамдар өз елдерін тастап Хижазға қоныстана бастады. 707 жылы “Мәсжиди Нәби”-ді (пайғамбарымыздың мешітін) кеңейту және түбегейлі жөндеу жұмыстарына бастады. Кеңейтуде Мәсжиди Нәбидің төрт дуалы да құлатылып, шығыс тарапындағы “Зәужати тахират” (пайғамбарымыздың мүбәрәк әйелдерінің) бөлмелері де мешітке қосылды. “Хужра-и саадет”-тің (пайғамбарымыздың кесенесінің) төрт дуалы да құлатылып, жонылған тастармен жаңадан тұрғызылды. Ескі дуалдың негізі ашылып жатқанда хазреті Омардың аяғы көрінді. Мүлдем шірімеген еді. Хужраның (кесененің) сыртынан екінші қатар болып тағы бір дуал тұрызылды. Бұл дуал бес бұрышты және мүлдем есігі жоқ еді. Дуалдар, тіреулер және төбесі алтынмен безендірілді. Бірінші болып михрабпен төрт мұнарасын жасатты. Бұл жұмыстар үш жылға созылды. Омар бин Абдулазиз 711 жылға дейін Харемейннің уәлисі болды. Халифа Сулейман бин Абдулмәлик екі ұлы бар болғанымен Ахднама (жарғы) жазып, мүһірлеп, Омар бин Абдулазизді өзіне халеф (өзінен кейінгі халифа) етіп тағайындады. Ахднаманы уәзірі Рәжаға берді.
Сулейман бин Абдулмәлик 717 жылы қыркүйек айында қайтыс болғаннан кейін уәзірі Рәжа әмірлерді жинап, мүһірлі ахднаманы ашып оқыды. Омар бин Абдулазиз ахирет адамы болғаны үшін, халифалықтың ауыр жүгін арқалаудан қатты қорқатын. Есімі аталғанда қатты абыржыды. Қанша бастартқанымен ұсынысы қабыл етілмеді. Әмірлер оның халифалығын қабылдап, қолдады. Омар бин Абдулазиз халифа болғаннан кейін мына хутбаны оқыды:
«Ей адамдар! Бізбенен бірге болатын адамнан мына бес шартты сұраймын. Бұлар: Бізге халін білдірмейтін халқымның халін айтып беру, қайырлы істерде бізге көмекші болу, адамдарды жақсылыққа үндеу, ешкім туралы ғайбаттамау және бос нәрселермен шұғылданбау. Бұл шарттар болмаса бізге жақындамасын.»
Халифалығы кезіндегі атқарған бүкіл істерінде көз алдына қиямет күнін елестететін. Халықтың ақыларын лайықты түрде орындай алмаудан қатты қорқатын. Халифалығын әділетпен өткеріп Хуләфа-и Рашидиннің (төрт ұлы халифаның) жолынан айрылмады. Маңызды лауазымдарға ой-өрісі ояу, зерек және әділ деп білген адамдарды тағайындады. Мұсылман және мұсылман емес тұрғындарға да өте әділ мәміле жасап, атқарған бүкіл істерінде әділеттілікті паш етті. Әһли бәйтке тіл тигізетіндердің опасыз қылықтарымен сөздеріне кедергі болып, мұндай опасыздықтарды тоқтатты. Оның заманында барлық аймақтарда мұсылмандардың саны артты. Ислам әскерлері шығыста және батыста жеңістерге қол жеткізді. Византия империясына қарайтын Малатия қаласы, Византиялықтардан жүзмың тұтқынға айырбастап мұсылмандарға алып берілді. Пиренеи таулары асып өтіліп, Францияға кірілді. Нарбонна қаласы жаулап алынды. Африкада бүкіл берберлер (Солтүстік Африка халқы) оның заманында мұсылман болды. Андалусияда (Испанияда) халық санағын жүргізіп, өлке топырақтарын әділ түрде халыққа үлестіріп, күшті егін шаруашылығын қалыптастырды. Бұл жағдай мұсылмандардың Испанияда тұрақтауын қамтамасыз етті. Омар бин Абдулазиздің Мусауи (яһудилік), Исауи (христиандық) және отқа табынатындармен жүргізген саясаты барысында бұлардың арасында да мұсылмандық кеңінен тарады. Мұсылман, мұсылман емес халқының яғни бүкіл әлеуметтік топтардың сүйіспеншілігіне бөленді.
Омар бин Абдулазиздің құрған бейбітшілік және тыныштық ішіндегі билікті көре алмағандар да бар еді. Бұлар “әһли бидғат”-тан (бидғатшы топтардан) харижилер және мансабынан айрылғандар еді. Халифаны тақтан құлату үшін қызметшісін алдап түсіріп тағамына у қостырады. Омар бин Абдулазиз уланғанын түсінгенінде қызметшісін шақыртты: «Мен саған ешқандай жамандық істемесем де маған бұл қиянатты неліктен істедің? Шыныңды айт мен сені кешіремін» дегенінде, қызметшісі бұл істеген опасыздығына қатты өкініп, жылап: «Ей әмирул-муминин! Маған мың алтын беріп осы қиянатты жасатқызды» дейді. Халифа бұл алтындарды әкелгізіп мемлекет қазынасына қостырды. Қызметшісін кешірді.
Омар бин Абдулазиз төсек тартып, өлім аузында жатқанында бір мезетте жылай бастады. «Не үшін жылайсыз, Аллаһу та’аланың көмегімен қаншама сүннеттерді орындадыңыз. Әділеттігіңіз өте үстем болды» дегендерге жауап ретінде «Мен Аллаһу та’аланың құзырына бүкіл мемлекеттің есебін беруге шықпаймын ба? Барлық адамдарға әділ мәміле атқара алғаныма сенімді емеспін. Істеген кемшіліктерім де бір бөлек. Әлбетте мен осыдан қорқып жылап жатырмын» дейді. Бір кезде өзін отырғызуын сұрап: «Аллаһым! Мен Өзіңнің берген әмірлік міндетін арқалаған құсырлы адаммын. Қате істерді жасаудан қайтарғаныңмен қарсы шықтым» дегеннен кейін «Лә илаһә иллаллаһ, ғибадатқа лайықты болған тек Аллаһу та’ала» деп жанын тәслім етті. 9 қаңтар 720 жылы Шам қаласының маңындағы Хунасиден жаназасы алынып Хумус маңындағы Дәйр-әс-Симан деген жерге жерленді.
Омар бин Абдулазиздің өліміне бүкіл халық қайғырды. Жаназасының артынан жылаған шіркеу попына: «Бұл кісі сенің дініңде емес қой, неге жылайсың?» деп сұралғанда: «Жер бетінде бір күн бар еді, сол қазір батты. Сол үшін жылаудамын» дейді.
Мусаб бин Айунның айтқаны: «Омар бин Абдулазиздің халифалығы кезінде қырда қой бағатын едім. Қойлармен қасқырлар бірге жүретін. Бір түні қасқырлар қойларыма шапты. Ішімнен “Сірә әділ халифамыз өмірден озған болса керек” деп ойладым. Кейін сұрастырғанымда Омар бин Абдулазиздің дәл сол түні қайтыс болғанын білдім.»
Омар бин Абдулазиз екі жыл бес ай жүргізген халифалығын әділетпен басқарып, Хуләфа-и Рашидиннің жолында болды. Асқан әділдігі себебімен екінші Омар (Омарул-Сани) деген атаққа ие болды.