Салман Фариси хазреттері Асхаби кирамның ұлыларынан және әйгілілерінен. Әһли бәйттен саналған. Адамдарды Хаққа шақырған, дұрыс жолды көрсетіп, бақытқа қауыштырған және «Силсилә-и алийа» деп аталатын ұлы ғалым және әулиелердің екіншісі.
Хандек соғысынан бастап бүкіл соғыстарға қатысты. Бәдір және Ухуд соғысынан кейін Мәдинаға қарай үшінші рет шабуылдаған мүшриктерге қарсы қалай қорғану керектігі жайында ақылдасу кезінде Салман Фариси Расулуллаһқа арық қазу жолымен қорғаныс жасау әдісін айтқан еді. Оның осы ұсынысы қабылданып, терең етіп арық қазылды. Осы себеппен бұл соғыс Хандек (арық) соғысы деп аталды.
Салман Фариси хазреттері пайғамбарымыздың назарында және сұхбатында кәмілдікке жетті. Захир (сыртқы) және батин (ішкі) ілімдерінде өте үлкен дәрежелерге жетті. Асхаби кирамның бәрі де осындай болған еді. Бірақ Расулуллаһтан әркім өзінің қабілеті және мүмкіндігі шамасында фәйз алатын еді. Хазреті Әбу Бәкір қол жеткізген дәрежелерге ешбір сахаба қол жеткізе алмады. Салман Фариси хазреттері Расулуллаһтан кейін хазреті Әбу Бәкірдің сұхбатына қатысып, оған қызмет етіп, одан да фәйз алды.
Ілім үйретуді қатты жақсы көретін еді. Көп ғалым жетілдірді. Әбу Саид әл-Худри, ибн Аббас, Әус бин Малик – оның шәкірттері арасында еді. Табиинның ұлыларынан және сол замандағы Мәдинада Фукаха-и Сәб'а деп аталған жеті үлкен ғалымның бірі болған Қасым бин Мұхаммед те Салман Фарисидың шәкірті. Оның дәрістерінде және сұхбаттарында кәмілдікке жеткен.
Өте жомарт еді
Салман Фариси хазреттері өте жомарт еді. Күндік табысының көбін тарататын, өз еңбегімен күн көретін еді. Кедейлерді әрдайым тойдырып, олармен бірге отырып тамақтанатын. Хазреті Омар заманында Мәдаин қаласының әкімі болып тағайындалды. Сонда отыз мың адамға хутба оқығанда үстінде екі бөліктен тұратын шапан бар еді. Шапанының бір бөлігін жерге төсеп, үстінде намаз оқитын, екінші бөлігін киетін еді. Одан басқа ешқандай киімі жоқ еді. Әкімдік лауазымы үшін берілген айлығын алған кезінде еш жаратпастан түгелдей кедейлерге тарататын. Өзі еңбегімен күн көретін еді. Саздан ыдыс жасап, үш дирхамға сататын еді. Мұның бір дирхамына тағы табақтар жасауға қажет болатын заттар алатын, бір дирхамын садақаға беретін, қалған бір дирхамымен үйге қажет болған заттар алатын еді.
Мәдаинда әкім болғанында Шамнан бір адам келді. Бір қап інжірі бар еді. Салман Фариси хазреттерін тек бір шапанмен жүргенін көргенде оны жұмысшы деп санады. «Бері кел, мынаны тасы» деп шақырды. Ол қапты көтеріп, жүре бастады. Мұны көргендер әлгі адамға «Сен не істеп жатырсың, ол әкім ғой» деді. Сонда ол «Мені кешіріңізші, сізді танымай қалдым, қапты түсіріңіз» деді. Хазреті Салман «Жоқ, ниет етіп қойдым, баратын жеріңе дейін апарамын» деді де, адамның үйіне дейін апарды.
Күнә істемеген адамға бәрі бағынады
Бір күні жанындағы қонағымен бірге Мәдаиннан шығып, бір жерге бара жатқан еді. Жолда қарындары ашты, жейтін ештеңелері де жоқ еді. Ол жақта киіктер мен құстар бар еді. Салман Фариси хазреттері бір киік пен бір құсты қасына шақырып алды, екеуі де жанына келді. Оларға «Мына кісі – менің қонағым. Сендерді оған ас қылып бергім келеді» деді. Киік пен құс еш қарсылық білдірмейді. Оларды сойып жейді. Әлгі кісі бұл оқиғаға қатты таң қалды және «Мырзам, киік пен құсты шақырып алдыңыз, олар қашпастан жаныңызға келді, мен бұған таң қалдым» деді. Хазреті Салман: «Мұнда таң қалатындай ештеңе жоқ. Кімде кім Аллаһу та'алаға бағынып, Оған ешқандай күнә істемесе, бәрі оған бағынады» дейді.
Қартайған шағында да өз жұмыстарын өзі істейтін. Айналасына халық жиналып, «Заттарыңызды біз тасиық» деп көмектеспекші болғанда оларға: «Жоқ, мен өзім алып барамын» деп бермейтін еді.
Кәрі болуына қарамастан әр уақытта ілім үйренетін. Мұның себебін сұрағандарға «Ілім көп, бірақ өмір қысқа. Олай болса, дінде зәру (қажет) болған ілімдерді үйрен! Жүрек пен дененің жағдайы соқырдың және шолақ адамның жағдайы сияқты. Соқыр ағаштың түбіне барады, бірақ онда жеміс бар екенін көре алмайды. Шолақ ағаштағы жемісті көреді, бірақ ала алмайды. Аллаһтың ниғметтерін жүрек білуі және сенуі керек, ал дене оған талпынуы керек, сонда ахиреттегі шексіз ниғметтерге қауышу нәсіп болады» дейтін еді...
Салман Фариси хазреттері күндердің бірінде бір түйе жүгі азық-түлік сатып алды. Мұны байқап қалған бір кісі:
– Йа, Салман! Осыншама азық-түлікті не істемекшісің? Бәрін бітіруге өмірің жететінін білесің бе? – деп сұрады. Сонда оған:
– Нәпіс напақасын алған кезде адам жайбарақат болады. Одан кейін азығын және басқа бір нәрсені ойламастан Аллаһу та'аланы зікір етумен айналыса алады. Адамның қажетті азығы түгел болса, ол ғибадаттарына сенімді және уәсуәсалардан сақ болады, – деп жауап берді.
Оны мазақтап, жаман сөздер айтқан адамға ол былай деді:
«Егер ахиретте күнәларым ауыр, сауаптарым жеңіл болса, сенің айтқаныңнан әлдеқайда жаманмын. Ал күнәларым жеңіл, сауаптарым ауыр басса, онда сенің сөздеріңнің маған еш зияны жоқ!»
Үш нәрсе
Салман Фариси хазреттері көп жылайтын еді. Мұның себебін сұрағандарға былай жауап беретін:
«Үш нәрсе мені үздіксіз жылатады. Біріншісі, Расул алейһиссаламның қайтыс болуы. Одан айрылуға шыдай алмай, үздіксіз жылай беремін. Екіншісі, қабірден тұрған кезімде жағдайым қандай болады, соны білмегенім үшін жылаймын. Үшіншісі, Аллаһу та'ала мені есепке тартқан кезде жәннаттық боламын ба, әлде тозақтық боламын ба, білмеймін. Ол кезде жағдайым не болады, білмеймін?!»
Өте қарапайым өмір сүрген Салман Фариси хазреттері хазреті Осман дәуірінде ауырып қалды. Осы кезде көңілін сұрап келген Сад бин Әби Уаққасқа «Бұл өмірден кетіп барамын, бүкіл мүлігім – бір табақ, бір леген, бір кілем және бір тоқыма» деп айтты. Көңілін сұрап келген сахабалар насихат сұрағанда оларға, ауырып жатса да, үздіксіз насихат айтып тұратын еді. Осы ауруының салдарынан Мәдаинда қайтыс болды.
Жұбайы айтып берген: Қайтыс болуына жақын маған: «Үйде бірақ миск бар еді, соны суға сал да, бас жағыма сеп, адам және жын болмағандар (періштелер) жаныма келеді» деді. Айтқанындай істедім. Сыртқа шықтым. Бөлмеден «Әссәләму алейка, Ей, Аллаһтың уәлиі (әулиесі) және Расулуллаһтың досы» деген дауыс естідім, ішке кіргенімде жан тапсырып қойған екен. Төсегінде ұйықтап жатқандай жатыр еді.
Саид бин Мусәййәб Абдуллаһ бин Сәламнан жеткізіп айтып берген:
«Салман Фариси маған: "Ей, бауырым, екеумізден қайбіріміз бұрын қайтыс болсақ, қайтыс болған тірі болғанына өзін көрсетсін" деді. Мен "Бұл мүмкін бе?" деп сұрағанымда, "Иә, мүмкін, өйткені мүминнің рухы денеден айрылған кезде қалаған жеріне бара алады. Кәпірдің рухы Сижжинде қамалған" деп жауап берді. Салман қайтыс болды. Бір күні қайлулә жасағанымда (түсте ұйықтағанымда) Салманның келгенін көрдім. Сәлем берді. Сәлеміне жауап бердім. "Орныңды қалай таптың" деп сұрадым. "Жақсы. Тәуәккүл ет. Тәуәккүл – қандай жақсы нәрсе" деді және үш рет қайталады.»
Салман Фариси хазреттерінің білімі мен үстемдіктері көп еді. Діни білімдердің барлық салаларында ғалым еді. Хазреті Әли «Салман Фариси бұрыңғылардың және кейінгілердің ілімін үйренген бітпес, таусылмас теңіз» деген. Расулаллаһқа деген адалдығы және сүйіспеншілігі себепті Асхаби кирамның таңдалғандары арасына Расулуллаһ өзі қосқан еді. Мухажирлар мен Ансарлар арасында «Салман Фариси мухажир ма, әлде Ансар ма» деген мәселеде келіспеушілік шыққан кезде сүйікті пайғамбарымыз «Салман бізден, ол әһли бәйттен» деді.
Салман Фариси хазреттерінің құнды насихаттарынан кейбірлері:
«Дүниеге ашкөзділікпен жабысқан, бірақ өлім оны іздеп жүрген адамға қалай таң қалмайсың? Ол ұмытты, бірақ ұмытылмады. Күледі, бірақ білмейді ғой, Раббы одан разы ма, әлде разы емес пе?»
«Ілім көп, бірақ өмір қысқа. Олай болса, алдымен дінде зәру қажет болған ілімдерді үйрен!»
«Жүрек пен дененің жағдайы соқыр мен аяқсыз мүгедектің жағдайына ұқсайды. Соқыр бір ағаштың түбіне барады, бірақ онда жемістің бар екенін көре алмайды. Аяқсыз мүгедек ағаштағы жемісті көреді, бірақ ала алмайды, Аллаһтан келген ниғметтерді жүрек деп білу керек, сену керек, дене де онымен амал етуі керек, осылайша ахиреттегі шексіз ниғметтерге қауышу нәсіп болсын.»
«Сендер мүмкіндігінше таңертең базарға бірінші болып баратын және кешке ең соңғы қайтатындардан болмаңдар. Өйткені бұл екі уақыт – шайтандардың соғыс ететін уақыты.»
«Парыздарын толық орындамай нәпілдер арқылы дәрежесін көтеруге тырысатын адамың жағдайы капиталы біткен (банкрот) бола тұра, пайданың соңынан жүгірген саудагердің жағдайына ұқсайды.»
«Мүминнің өлім сәтінде маңдайының терлеуі, көздері жасаурап, мұрын тесіктерінің ісінуі Аллаһу та'аланың мейіріміне қауышқанының белгісі.»
«Намаз – өлшеу құралы. Кімде-кім толығымен өлшеп, құрметін орындап оқыса, үлкен сауабымен қарымтасын алады. Кімде-кім кем өлшесе (әдебіне сай оқымаса) Аллаһу та'ала айтқан уәйлді (тозақты) есіне түсірсін.»
«Дүниеде Аллаһ үшін қарапайым болыңдар. Дүниеде қарапайым болғандарды Аллаһу та'ала қиямет күні көтереді.»
«Расулуллаһ өзімізде болмаған нәрсені қонақ үшін алу арқылы әуреге түспеуімізді және қонақжайлылықты үйдегі барымен атқаруымызды бізге әмір етті.»