Ғайбат

Ғайбат – адамның артынан жамандау, өсектеу деген сөз. Белгілі (танитын) бір мұсылманның айыбын, оны жамандау мақсатымен сыртынан сөз айту ғайбат болады. Ғайбат ету харам болып табылады. Мәселен, денесінде, тегінде, мінез-құлқында, жұмысында, сөзінде, дінінде, дүниесінде, киімінде, үйінде, тіпті жануарларында болған бір кемшілігі артынан айтылса, яғни ол адам бұны естіген жағдайда ренжитіндей сөз айтылған болса – ғайбат болады. Естігенде ренжитін сөзді бетіне айту да күнә болып табылады. Астарлап айту, ишарамен, әрекетпен білдіру, жазумен білдіру де сөзбен айту сияқты ғайбатқа жатады.

Бір мұсылманның күнәсі және кемшілігі айтылғанда «әлхамдулилләһ, біз ондай емеспіз» деу, ғайбаттың ең жаманы болып табылады. Біреу туралы айтылып жатқанда «әлхамдулиллаһ, Аллаһ бізді олай арсыз етпеді» деген сияқты сөздермен оны жамандау, өте жиіркенішті ғайбатқа жатады. «Хужурат» сүресінің он екінші аятында: «Бір-бірлеріңді ғайбат етпеңдер!» деп бұйырылды. Хадис шәрифтерде былай делінді:

«Ғайбат еткен адамның дұғасы қабыл болмайды» (Шира).

«Ғайбат еткен адам жаһаннамдық болады» (Исфахани).

«Бір жамағат ішінде болғаныңда бір адам туралы ғайбат айтылғанын көрсең, ол адам үшін көмекші бол. Және жамағатты да оны ғайбаттаудан қайтаруға тырыс немесе ол жерден тұрып кет» (И. Әбиддуния).  

Ғайбаттаудың үш түрі бар. Біріншісінде «Мен ғайбаттаған жоқпын, ондағы нәрсені айттым» дейді. Бұлай айту күпірлік болады. Өйткені, харамды адал деп санау болады. Екіншісі ғайбатталған адамға айту. Үлкен харам болады. Тәубемен кешірілмейді. Одан кешірім сұрау да керек. Үшіншісінде ғайбатталған адам мұны білмейді. Тәубе етумен және оған қайырлы дұғалар оқумен кешіріледі.  

Қасында біреудің ғайбатталғанын естіген адам бұған дереу кедергі болуы керек. Хадис шәрифте: «Діндес бауырына білдірмей көмектескен адамға Аллаһу та’ала дүниеде және ақыретте көмек береді» делінген. Ғайбаттаудың өтеуі өкіну, тәубе ету және одан кешірім сұрау. Өкінбестен кешірім сұрау бөлек күнә болады.

Бидғаттарды, мазһабсыздықты (адасушылықты), күнә істеуді үгіттейтіндердің, зұлымдық ететіндердің, сауда-саттықта айла, қулық жасайтындардың бұл жамандықтарын мұсылмандарға естіртіп, бұлардың зиянынан сақтануына себеп болу және мұсылмандықты қате жеткізетіндердің осы жалаларын айту керек, бұл ғайбат болмайды. Бірақ мұны да фитнаға себеп болмайтындай түрде айту керек.

Ішке симаған ғайбат

Хасан Басри хазреттеріне бір кісі келіп:

- Пәленше сізді жамандады, сіз туралы мынадай, мынадай орынсыз нәрселерді айтты,- дейді. Хазреті Хасан Басри:

- Сен бұл сөздерді сол кісінің өз аузынан естідің бе?- деп сұрайды. Әлгі кісі:

- Иә, мені қонаққа шақырған болатын, дастархан басында сіз туралы осы нәрселерді айтты»- дейді.

- Дастарханда не бар еді, сені қалай күтті, жақсы ішіп жедің бе?

- Ооо, Дастарханда әр түрлі сусындар, етті тағамдар болды, қонақжай кісі екен, жақсы ішіп жедік,- дейді. Сонда Хасан Басри хазреттері:

- Осыншама тағамдарды ішіңе сидырып, екі ауыз сөзді ішіңе сидыра алмай маған неге әкелдің?» деген екен.

Ғайбаттың зияндары   

1) Ғайбаттан құтылу үшін ғайбаттың зияндарын ойлау керек! Ғайбат етумен сауаптарының кететінін, тіпті ғайбаттаған адамының күнәлары да өзіне жүктелетінін білу керек! Хадис шәрифте былай бұйырылды: «Қияметте сауап дәптері ашылған адам, «дүниеде болған кезде мынадай ғибадаттарды жасаған едім, мұнда жазылмапты» дейді. «Олар өшіріліп ғайбаттаған адамыңның дәптеріне жазылды» делінеді» (Исфахани).

2) Ғайбат дүниеде де атыңа кір келтіреді! Өсекші деген атқа қалдырады. Хадис шәрифте былай делінеді: «Ғайбат еткен адамды тыңдаған адам да бұл күнәға ортақ болады» (Табарани).

3) Бір адам басқа бір адамға ренжісе оны жамандауға тырысады, оны ғайбат етеді. Ал біреуге ренжігені үшін өзін тозаққа тастаудың ақымақтық екенін білетін адам ғайбат етпейді.

4) Кейде адамдарды күлдіру үшін де ғайбат айтылып жатады. Адамдарды күлдіру үшін Аллаһтың ашуына ұшырауды қалау ақымақтық. Қазақта «Қалжың – мазаққа апарады, мазақ – тозаққа апарады» деген мақал тегіннен айтылмағанын есте ұстаған жөн!

5) Ғайбат ететін адам, мақтануды, адамдардың өзі туралы айтып жүрулерін қалайды. Ол үшін әр түрлі әдістерді қолданады. Мәселен «пәленше өте нашар тұрады» деп айтады. Бұл сөзімен «менің тұрмыс жағдайым жақсы» дегенді айтпақшы. Өзінің жомарт екендігін білдіру үшін «пәленше өте сараң адам» дейді. Егер тыңдаушы ақылды болса, өзін бұлай мақтаған адамға еш мән бермейді. 

6) Өзгелерді ғайбаттап кемшілік іздейтін адам өз кемшіліктерін көре алмайды. Ал өзінің кемшіліктерімен әуре болған адам басқалардың кемшілігін көре алмайды. Бұдан өзгеден кемшілік іздеп, жамандап жүрген адам, өзінің кемшілігін көре алмайтын надан, ақымақ екендігін аңғарамыз.

7) Іші тарлар (көре алмаушылар) дәулетті, лауазымды адамдарды жамандайды. «Бастық болдым деп кісі болып қалыпты» дейді. Бұлай айтумен ғайбатталған адамның малы да азаймайды, лауазымынан да түсіп қалмайды. Ғайбат ету күнәсына булыққандықтан сауаптарын жақсы көрмейтін адамына берген болады.  

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз!