Хасед – қызғану, күндеу, көре алмау деген сөз. Яғни Аллаһу та’аланың біреуге берген ниғметін одан кетуін, онда болмауын қалау, басқаның өзінен үстем болуын көре алмау деген сөз. Мәселен, жақсы жұмысы немесе үйі, мал-мүлкі, ілімі болса, ол адамнан бұлардың кетуін, онда болмауын, одан кетіп өзіне келуін қалау нағыз көре алмаушылық болады. Одан кетуін қаламай, өзінде де сондай нәрсе болуын қалау хасед (көре алмаушылық) болмайды. Мұны «ғыбта» (соған ұқсауға тырысу) делінеді. Ғыбта ету күнә емес. Керісінше исламның үкімдеріне мойынсұнатын, әмірлерін орындап харамдарынан сақтанатын салих кісіге ғыбта ету уәжіп болады. Яғни, сол кісідей болсам деп ойлау жақсы болады.
Хасед тәкаппарлыққа, ғайбат етуге, сөз тасуға себеп болады. Жақсылық, игі істерге он есе сауап беріледі. Хасед бұлардың тоғызын жояды. Хасед ететін адамның дұғасы қабыл болмайды. Хадис шәрифте: «Хаседтен сақтаныңдар! От отынды өртеп жоқ қылатыны секілді хасед те жақсылықтарды жояды» делінген (Әбу Дауд).
Хасед ету Аллаһу та’аланың тағдырын өзгертпейді. Босқа күйбеңдеп, шаршаған болады. Күнәға батқаны ғана қалады. Ешбір көре алмаушы мұратына жете алмаған. Ешкімнен құрмет көрмеген. Көре алмаушылық жүйкені тоздырады. Өмірдің қысқаруына себеп болады.
Көре алмаушылықтан, қызғаныштан құтылу үшін жоғарыда айтылған зияндарын білу керек. Күнделген адамға дүниеде де, ахиретте де мұның еш зияны болмайды, тіпті пайдасы болады. Көре алмайтын адамның өмірі күйінішпен өтеді. күндеп жүрген адамдарының жетістігін көрген сайын түңіле береді, ұйқысы қашады.
Хаседтің емі
Хаседке себеп болған нәрселердің терісін істеумен бұл мінезден құтылу мүмкін. Мәселен, көре алмайтын адамыңды жамандағың келсе, дереу оны мақта. Оған қарсы тәкаппарланғың келсе, дереу қарапайымдылық танытып, одан кешірім сұра. Егер одан бір нәрсені қызғанып, бергің келмей тұрса, дереу апарып беруге тырыс. Жасанды болса да жұмсақ және жылы мәміле көп жағдайларда дұшпандықты кетіреді және көңілдерді бір-біріне байлайды. Реніштер ұмытылып, разылық, достық орнайды. Осылайша адам көре алмаушылық ауруынан құтылады. Хасед етілген адам сенің бұлай өзіңді қинап істегеніңді біліп тұрса да бәрібір риза болады және сені құрметтей бастайды, осылайша екі жақтың бір-біріне деген сүйіспеншілігі артып хасед өздігінен жоғалады. Өйткені қарапайымдылық таныту, мақтау, ілтипат айту, адамдарға ұнап жүректеріндегі жек көрушілікті жояды. Өзін қинап, жасанды түрде жасалатын жақсылықтар уақыт өтуімен әдетке, жақсы мінезге айналады. Осылайша адам қалаған жаман мінезінен құтылады.
Біреуге ор қазба...
Біреуді аяқтан шалу, ор қазу көбінесе көре алмаушылықтан, күндестіктен туындайды. Күндеуші адамдар басқаның өзінен үстем болуын, бақуатты болуын көре алмайды. Олардың жетістігін көргенде күндеушіліктері қоза түседі, ал бастарына қиындық түскенін көргенде қатты қуанады. Мұндай жаман мінезді болу өте қауіпті. Хадис шәрифте: «Кімде-кім ұнатпайтын адамына бәле-жала, қиындық келгені үшін қуанатын болса, Аллаһу та’ала ол адамға да сондай бәле-жала жібереді» делінген. «Біреуге ор қазба өзің түсерсің» деген халық даналығының да түбі дінімізден келеді.
Бір күні азулы ислам дұшпаны Әбу Жәһл пайғамбарымызды үйіне қонаққа шақырған екен. Тіпті келемін деген уәдесін алады. Пайғамбарымыз уәдесіне берік екенін білгендіктен келетініне нық сенімді болады. Үйіне келер жолға ор қазып, бетін шырпылармен жауып қояды. Ниеті орға құлаған кезде төбесінен жаншып, өлтіру болатын. Пайғамбарымыз үйіне жақындағанын көргенінде қатты қуанып кетеді. Қазір сәлден соң орға түседі деп күтіп отырады. Орға жақын қалған сәтте Жәбрейіл (алейһиссалам) періште келіп, үйдің алдына ор қазылғанын, Аллаһу та’ала кері қайтуын бұйырғанын айтады. Пайғамбарымыздың кері қайтқанын көргенінде ор бар екенін ұмытқан Әбу Жәһл не болғанын түсінбей, орнынан атып тұрып сыртқа қарай ұмтыла жөнеледі. Қазған тұзағына өзі түседі. Қасындағылар жетіп келіп көмектеспекші болады. Жіп тастайды, ағаш тастайды, төменге түсіп көтереді бірақ Әбу Жәһлді шығара алмайды. Соңында Әбу Жәһл «Мені құтқарса, тек Мұхаммед (алейһиссалам) құтқарады. Соны шақырыңдар» дейді. Пайғамбарымыз келіп, иман келтірсең құтқарамын, әйтпесе көмектеспеймін дейді. Әбу Жәһл иман келтіретініне уәде береді. Бірақ шыққан соң бұрыңғы әдетінше дұшпандығын қайта жалғастырады.