Тәкаппарлық

Адамның менменшіл болуы, өзгелерді менсінбеуі, өзін басқалардан жоғары санауы, жақсылықтарын, ғибадаттарын үстем деп көруі жаман мінез және күнә болып табылады. Аллаһу та’ала өзін басқалардан үстем деп көруді және үстем деп білуді харам еткен. Сүйікті пайғамбарымыз: «Көңілінде зередей (титімдей) тәкаппарлығы, үстемдік сезімі болған адам жәннатқа кіре алмайды» деген (Мүслим).

Тәкаппарлық – өте жаман мінез. Аллаһу та’аланы ұмытудың белгісі. Тәкаппарлық барлық жақсылықтарға тосқауыл болады, барлық жамандықтарға жол ашады.

Хадис шәрифтерде былай делінді:

«Аллаһу та’ала тәкаппар адамның дәрежесін түсіреді, қарапайым адамның дәрежесін көтереді» (Табарани).

«Өзіне басқалардың құрмет көрсетіп, басын иіп тік тұруын қалайтын адам тозаққа дайындала берсін!» (И. Ахмед).

Адамдардан надан болғандары жеті нәрсеге қауышқанында өзін басқалардан үстем деп көреді. Тәкаппарлануға себеп болатын жеті сипат мыналар: Дін және дүниелік ілімдерде ілгерілеу, жасалған ғибадаттар, текті жанұядан шығу, әдемі болу, күшті болу, мал-мүлікке (байлыққа) және мансапқа (лауазымға, билікке) ие болу. Егер бұлар жақсы ниетпен жасалса, барлығы да Аллаһ разылығына қауышуға себеп болады. Адамдарға пайдалы болуға септігін тигізеді. Бұл сипаттарымен өзін үстем көріп, тәкаппар болғандарды Аллаһу та’ала жақсы көрмейді. Көре алмаушылық, күншілдік, жек көрушілік және риягершілік те тәкаппарлануға себеп болады.

Тәкаппарлықтан құтылудың шарасы қарапайым болу. Қарапайымдылық - кішіпейілді болу тәкаппарланбау деген сөз. Аллаһу та’ала: «Тәкаппарланғандарды жақсы көрмеймін, қарапайым болғандарды жақсы көремін» деген. Сүйікті пайғамбарымыз: «Аллаһу та’ала қарапайым болуды маған әмір етті. Ешбірің ешкімге тәкаппарланбаңдар» деген (Әбу Дауд).

Амалдарын жаңадан бастасын

«Ихия-Улум» кітабында былай делінеді: «Исраил ұлдарынан бір қарақшы қырық жыл күнә істейді. Бір күні хазреті Исаны хауарилерінің біреуімен кетіп бара жатқанын көреді. Бұрынғы жасаған тонаушылықтарына өкінеді. «Мен бұларға қосылайын» деп арттарынан жүреді. Хауаридің жанына жақындап, ішінен «мен сияқты қарақшының мұндай ұлы адамның жанында жүруі дұрыс бола ма екен?» деп ойлайды. Хауари болса «бұл қарақшы қайдан тап болды? Қалайша менің жанымда жүр» деп ойлап одан алыстап Иса алейһиссаламға жақындайды. Сонда Аллаһу та’ала хазреті Исаға уахи жібереді: «Екеуіне де айт! Екеуінің де өткен өмірлерін жойдым. Амалдарын жаңадан бастасын. Өзін ұнатқаны үшін хауаридің ғибадаттарын жойдым. Өзін төмен санағаны үшін қарақшының күнәларын кешірдім». Хазреті Иса болған жағдайды екеуіне де айтып, қарақшыны хауарилердің қатарына алады (И. Ғазали). 

Тәкаппарлықтың белгілері

Әр адам өзінің тәкаппар немесе тәкаппар емес екенін біле алады. Мысалы, төмендегі әдеттер бар болса тәкаппар болады:

1) Адамдармен ақылдаспау, сұрақ сұрамау, қатесін мойындамау, кешірім сұрамау, ешкімнен дұға сұрамау, болмашы нәрсеге ренжіп, ашулану, адамдарды ұнатпау. 

2) Туыстарының, кедейлердің, жағдайы мүшкілдердің халінен хабар алмау, олармен араласпау.

3) Үнемі өзінікін дұрыс деп ойлау.

4) «Менің айтқаным дұрыс» немесе «Менің айтқаным болады» деп сөз таластыру.

5) Тәкаппарлығын жасыру үшін кішіпейіл және әдепті көрінуге тырысу. «Біз мұндай істерді түсінбейміз» деген сияқты сөздер айту.

6) Насихат айтқан адамның сөзін қабылдамау.

7) Адамдарға қиындық туғызып, әркімнен шағымдану.

8) Әркімнен кемшілік іздеп, оларды надан деп біліп, өзін олардан үстем көру.

9) Қылт етсе өзінің жақсы екенін айтып, мансабын айтып мақтану.

Қарапайым мінезділік

Ескі үмбеттердің бірінде бүкіл өмірін тауда ғибадат етумен өткізіп жүрген бір кісі түнде түс көреді. Түсінде бір періште келіп: «Қаладағы пәлен жердегі аяқ киім шебері Аллаһу та’аланың таңдаулы, дұғасы қабыл құлдарынан. Соған барып дұғасын ал» дейді. Оянғанында дереу қалаға түсіп әлгі аяқ киім шеберін тауып, одан қандай ғибадат жасап жүргендігін сұрайды. Ол «отбасымның напақасын аяқ киім жөндеп табамын, артылған ақшаны кедейлерге таратамын» дейді. Бүкіл өмірі ғибадат ішінде өтіп жатқан әлгі салих кісі «мен бұдан қаншама есе көп ғибадат етудемін, мұның дұғасын қайтем» деп ойлап қайта тауға кетіп ғибадатын жалғастырыпты. Сол түні тағы осындай түс көреді, періште: «Аяқ киім шеберіне бар, жүзінің неге солыңқы екенін сұра» дейді. Салих құл тағы да аяқ киім шеберіне келіп неге жүзінің солыңқы екенін сұрайды. Аяқ киім шебері: «Кімді көрсем бұл кісі құтылады, ал мен құтыла алмай азапқа душар болсам керек деп ойлап, құтылуым үшін адамдардың дұғасына мұқтаж екендігіме сенемін. Осы себепті жүзім солыңқы» дейді. Салих құл мұны естігенінде алдыңғы ойына тәубе етіп, аяқкиім шеберінің қарапайым, кішіпейіл мінезділігі себепті Аллаһу та’аланың ең сүйікті құлдарынан екендігін түсінеді.  

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз!