Хадис шәрифте: «Мінездеріңді жақсартыңдар!» делінген. Яғни, мінезді өзгерту мүмкін болғандықтан солай айтылған. Жаман мінездің алпыс түрі белгілі. Әрбір мұсылман жүрегінен барлық жаман мінездерді шығарып, орнына жақсы, көркем мінездерді орнықтыруы қажет. Жаман мінездің барлығы үшін ортақ шара – бұлардың не екенін, зияндарын, пайда болу себебін, терісін және оларға жасалатын шараның пайдасын білу болып келеді. Кейін бұл ауруды өзінде іздеу, табу өзіне диагноз қою керек. Мұсылман – мұсылманның айнасы. Адам өзінің кемшілігін көруі қиын. Сондықтан кемшіліктерін сенімді досынан сұрап білсе болады.
Адамға дұшпандарының айтқан сөздері де, өз айыбын, кемшілігін білуіне себеп болады. Өйткені дұшпан адамның айыбын іздеп, бетіне басады. Ал жақсы достар айыбын көрмейді. Біреу хазреті Ибраһим Әдхамға келіп айыбын, кемшілігін айтуын өтінеді. Сонда «Сен менің досымсың. Барлық әрекеттерің маған әдемі көрінеді. Кемшілігіңді басқалардан сұра» дейді. Біреудің кемшілігін, жаман қылығын көргенде оны өзінен іздеп, өзінде бар болса, одан құтылуға тырысу да жаман мінезден құтылудың шараларына жатады. «Мұсылман – мұсылманның айнасы» хадисінің мағынасы да осы. Яғни, өзгенің айыбы мен кемшілігінен өзінің кемшілігін көру. Иса алейһиссаламнан біреу «Бұл көркем мінезді кімнен үйрендің?» деп сұрағанда, «Адамдарға қарадым, ұнамаған мінездерді алмадым, ұнағандарын амалға асырдым» дейді. Лұқман Хакимге «Әдепті кімнен үйрендің?» деп сұрағанда, «Әдепсіздерден» деген екен. Сәләф-ус-салихиннің (алғашқы үш ұрпақ мұсылмандар), сахабалардың, әулиелердің «рахметуллаһи та’ала алейһим әжмаин» өмір-баяндарын, бастарынан өткен ғибратты оқиғаларын оқу да жақсы мінез-хұлықты қалыптастыруға себеп болады.
Жаман нәрсе жасап қойғанда артынша риязат жасау, яғни нәпсіге қиын келетін нәрсені жасауды өзіне әдет ету де жаман мінезден құтылу жолында пайдалы. Мәселен, бір жамандық жасасам пәлен теңге садақа беремін немесе ораза тұтамын, түнде тұрып намаз оқимын деп ант етуі керек және аталған олқылыққа жол берген жағдайда айтқан уәдесін орындау қажет. Нәпіс мұндай қиын нәрселерді жасамау үшін бұларға себеп болатын өзінің жаман әдеттерін жасамайтын болады. Жаман мінездің зияндарын оқу, есіту де пайдалы шара. Хадис шәрифтерде былай делінді:
«Аллаһ алдында жаман мінезден үлкен күнә жоқ». Себебі, адам оның күнә екенін білмейді. Білмегендіктен тәубе етпейді (өкінбейді). Жасаған сайын күнәсы қат-қат көбейе береді.
«Адамдардың еш тартынбай, қысылмай жасайтын күнәлары – жаман мінезді болу».
«Ыстық судың мұзды ерітетіні сияқты, жақсы мінез де қателерді ерітеді. Сірке суы балды бұзатыны сияқты, жаман мінез де жақсылықтарды жояды».
«Құлдың ғибадаттары көп болса да, жаман мінездері оны жаһаннамның түбіне апарады, кейде күпірге апарады».
«Мінезі жақсы адам дүние және ахирет бақытына қауышады».
«Ғибадаты аз болған құл, қияметте жақсы мінезімен жоғары дәрежелерге қауышады».
Жақсы мінезді болу үшін және мінез-хұлқын сақтай алу үшін, салих және жақсы мінезді адамдармен дос болу керек. Хадис шәрифте «Адамның мінезі, досының мінезі сияқты болады» делінген. Мінез – ауру сияқты жұқпалы болады. Жаман мінезді адаммен дос болмау керек. Пайдасыз нәрселерден, ойындардан, әбес қалжыңдардан және дауласудан аулақ болған жөн. Ғылым үйреніп, пайдалы нәрселермен шұғылдану керек. Мінез-хұлықты бұзатын және шәхуатты оятатын ұятсыз, жаман кітаптарды оқымау керек және мұндай радио, теледидар көрсетілімдерінен сақтану керек. Жақсы мінездің пайдалары, жаман мінездің, харамның зияндары және жаһаннам азаптары әр уақытта есте болу керек.