Баяғыда ағаш шабумен айналысатын екі адам болған екен. Кәсіптері күнде орманға барып ағаш шабу болыпты. Бірінші кісі күн шығуымен ағаш шабуды бастап, күн батқанша тынбайды екен. Тіпті тынығып алу, тамақтануға да оншалықты уақыт бөлмей тек ағаш шабады екен. Екіншісі күндегі уақытында келіп, қажет кезінде тынығып, түскі уақытта асықпай тамақтанып, жұмыс істейді және үйіне ерте қайтады екен. Әйтсе де бірінші кісінің тынбай шапқан ағаштарының көлемі екіншісі кісінің шапқанынан аз шығады екен. Бір күні әлгі бірінші отыншы келіп: «Осы сіздің асықпай, аз уақытта істеген жұмысыңыз, менің ерте келіп кеш қайтып, тынбай істеген жұмысымнан асып түседі. Мұның сыры неде?» деп сұраған екен. Сонда ол: «Мұның ешқандай сыры жоқ. Мен жұмыс арасында тынығып отырып, балтамды қайрап аламын, өткір балтамен жұмыс тезірек бітеді, әрі шаршамайсың. Ал сен өтпес балтамен өзіңді де, балтаны да шаршатасың, әрі уақыт жоғалтасың» деген екен.
Кәсіпкерлік сабақтарында батыл болу, жігерлі, табанды болу жетістік кілттерінің бірі екендігі көп айтылады. Мұндағы бірінші адам еңбекқор, табанды болғанымен, балтасын қайрамағандықтан жұмысының өнімділігі аз болды. Бұл мысалдан табанды болумен қатар, сол табандылықты ақыл-оймен басқару, әрбір кедергі мен мәселелерден сабақ алу, анализ жасау, шешімін табу, қысқасы өзіңді жетілдіру қажеттігін көруге болады. Демек әр адам өз саласында табандылық танытумен қатар өзін жетілдіре түссе, құрал-жабдығын да заман ағымына сай шыңдай білсе, талай асуларды бағындырары анық.