Ата-бабаларымыз қалай мұсылман болды?

Ата-бабаларымыз, яғни осы Орталық Азиядағы түркі халықтары қылыштың күшімен емес, көңіл разылығымен мұсылман болғандары айдан-анық. Өйткені ислам құқығында адамдарды күштеп исламға кіргізуге жол берілмейді. Түркі халықтарының ислам дінін қабылдауларының бастауы VIII-ші ғасырдың басы еді. Х-шы ғасырдың басында жаппай исламға кіре бастады. Бұл уақыт аралығында мұсылман болғандары кездесетін. Алайда, олар көпшілікті құрамайтын. Бұл да түріктердің қылыштың күшімен емес, көңіл разылығымен (түсініп, ықыласпен), өз еркімен исламды қабылдағандықтарын көрсетеді. Бұл кезең түркі халықтары үшін исламды жақыннан тануларына және зерттеулеріне үлкен септігін тигізді. 751 жылы қытай мен арап әскерлерінің арасында өткен Талас шайқасында аталарымыз мұсылмандар тарапында соғысты. Бұл өз кезегінде түркі тарихындағы ең маңызды кезеңдердің бірі болды.

 

Түркі елдерінің жаңа билеушілерінің діні болған мұсылмандық ең әуелі Мәуеренахр аймағындағы көктүріктер арасында тарала бастады. Уақыт өте келе түркі елі ислам өркениетімен жете танысты. Шалғайда қалған аз ғана топтардан өзге түркі халықтары толығымен мұсылмандыққа өтті. Түркілердің исламды қабылдаулары түркі тарихындағы ең маңызды кезеңдердің бірі болып табылды. Алғаш мұсылман түрік билеушісі ретінде танылған Қарахан мемлекетінің негізін қалаушы – Сатұқ Боғра хан.  

Негізінде Боғра хан алғаш мұсылман түрік билеушісі емес. Алайда хандық (патшалық) сипаты жағынан алғанда Мұсылман болған алғаш түрік билеушісі. Сатұқ Боғра хан Ислам дінімен 25-тен кіші жас шамаларында мұсылман саудагерлер арқылы таныс болады. Олардың көркем мінездері жан дүниесін баурап алады. Кейбір риуаяттар бойынша түсінде пайғамбарымызды көріп өзіне: “Мұсылман болатын уақытың келмеді ме?” деген үндеуінен кейін дереу мұсылман болғаны, Әбділкәрім есімін атанғаны айтылады. 924 жылы хандық таққа отырған Боғра ханның исламға кіруімен түркілердің мыңдаған халқы мұсылман болды.

Түркі халықтарының Ислам дініне кірулеріне түрткі болған себептердің бірнешеуі:

1) Діни себеп. Түркі халықтарының сенімі мен өмір сүру салты исламға өте жақын еді. Жаратушының бір екеніне, ахирет күніне, рухтың өлмейтініне иман келтіру және жаратушыға құрбандық шалу сияқты негізгі сенімдері исламда да бар. Сонымен қатар зина, ұрлық, біреудің малын күштеп тартып алу, адам өлтіру, өтірік айту және сөз тасу сияқты жаман мінездер де исламда қатаң тыйым салынған. Түркі халықтарында да көп әйел алушылық бар еді. Олар да доңыз етін жемейтін, доңыз асырамайтын. 

2) Экономикалық себеп. Түркістан (Орталық Азия) мұсылмандар билігіне өткеннен кейін жергілікті халық пен мұсылмандар арасында тығыз сауда байланыстары қалыптаса бастады. Сауда-саттық қатынастар мұсылмандар мен түркілердің бір-бірлеріне деген тығыз байланысуына және түркілердің жаңа дінді жақыннан тануларына себеп болды. Осылайша алғаш болып қалаларда тұратын және сауда-саттықпен айналысатын түркілердің арасында ислам тарала бастады.

3) Әлеуметтік себеп. Сол замандағы мұсылмандардың ахлақ ұстанымдарына бағынуы, саудадағы турашылдығына, адалдығына және әділеттікке деген құрметі, саудаласу немесе көрші болу арқылы бір ортаға жиналу мүмкіндігіне ие болғандары жергілікті халыққа оңтайлы әсерін тигізді. Оның үстіне кейіннен мұсылман болған ұлттардың көбісі мәселен Малайзия халқы да өздерімен сауда жасауға келген мұсылман саудагерлердің көркем мінездерін көріп, жаппай мұсылман дінін қабылдаған. Тіпті мата сатқан кезінде босаңқы өлшеп, алған кездерінде керіп өлшеуімен, яғни саудадағы әділеттіктері Орта Азия халқын “Расында бұлар адам ба? әлде періште ме?” деген ойда қалдырған.

4) Саяси және әскери себеп. Әсіресе Аббасилер заманында түріктерді жақын тарту мәселесі қозғалған еді. Халифалар жаңа көршілерінен әскер жасақтарын құрып, олар үшін Самарра сияқты әскери бөлімдер орналасқан қалалар құрды. Соғысу қабілеті жоғары болған түріктер әскери қызметте де жоғары шендік қызметтерге ие болды. Мемлекет басқаруда да түріктерден қызмет атқарғандар болды. Осылайша әскери және мемлекет басқару қызметтерінің маңызды бөлігі түріктердің қолына өтті. Бұл да түрік қауымының исламға дағдылануына себеп болды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз!