Тек қана Құран дейтіндер

Заманымызда «Мен үшін тек қана Құран дәлел, басқа ешнәрсені мойындамаймын. Құранмен ғана амал етемін. Хадистердің (пайғамбардың), дін ғалымдарының керегі жоқ» дейтін адасқандар шыққан. Бұлай айтатын адам негізінде Құран кәрімге де сенбейді. Өйткені Құран кәрімге сенетін адам Құран кәрімдегі мына аят кәрималарға да сенуі керек:

«Аллаһ және расулына мойынсұныңдар!» (Әнфал 20)

«Аллаһ және расулына мойынсұнған адам құтылады.» (Ахзаб 7)  

«Ей Расулым оларға “Маған мойынсұныңдар сонда Аллаһ сендерді жақсы көреді” деп айт!» (Али Имран 31)

«Аллаһқа және расулына сенбеген кәпірлер үшін өте азапты от дайындадық.» (Фәтх 13)

«Расулымның бұйырғанын алыңдар, тыйым салғандарынан сақтаныңдар!» (Хашр 7)

«Ол пайғамбар, әдемі нәрселерді халал, жаман нәрселерді харам етеді.» (Араф 157)

«Дұрыс жолды табу үшін расулыма бағыныңдар!» (Араф 158, Нур 54)

«Расулуллаһқа бағынған адам, Аллаһқа бағынған болады.» (Ниса 80)

«Аллаһ және расулына мойынсұнған адам жаннатқа, қарсы шыққан адам тозаққа кіреді.» (Ниса 13, 14)

«Біз барлық пайғамбарларды оларға адамдар мойынсұнсын деп жібердік» (Ниса 64)

«Аллаһ пен расулдарының әмірлерін бір-бірінен ажыратып екеуі арасынан бір жолды ұстанғысы келген адам кәпір.» (Ниса150,151)

«Сендерге кітапты, хикметті алып келген және білмегендеріңді үйрететін бір расул жібердік.» (Бақара 151)

Бұл тақырыптағы хадис шәрифтердің бірнешеуі:

«Жәбрейіл Құранмен бірге оның түсіндірмесі болған сүннетті де алып келді» (Дарими)

«Тек қана Құрандағы халал-харамдарды қабыл етіңдер дейтіндер шығады. Біліп алыңдар, пайғамбардың харам қылуы Аллаһтың харам қылуы секілді.» (Тирмизи, Дарими)

«Маған мойынсұнған адам Аллаһқа мойынсұнған болады. Маған қарсы келген, Аллаһқа қарсы келген болады» (Бұхари)

«Кейбір тәкаппар адамдар шығады “Аллаһ Құранда білдірілгеннен басқа нәрсені харам қылмады” деп айтады. Ант етіп айтамын менің де тыйым салған, қойған үкімдерім бар. Бұлардың саны Құрандағыдан да көп.» (Әбу Дауд)

 

Сахабаның жауабы

Имам Шарани хазреттерінің «Мизан-ул-кубра» кітабында және Имам Бәйһақидің «Дәлаил» кітабында былай делінеді: Сахабалардан Имран бин Хусейн (радиаллаһу анһ) шапағат туралы хадис шәрифтерді айтып отырғанында сол жердегілердің бірі:

- Сіз тек хадистерден айтудасыз, ал біз Құран кәрімде ондай ештеңе таппадық. Бізге Құраннан айтыңыз,- дейді. 

- Сен Құран кәрімді оқығансың ба?

- Иә.

- Құранда таң намазының парызы 2 рәкат, шам намазының парызы 3 рәкат, бесін мен екіндінің парызы 4 рәкат екендігін таптың ба?

- Жоқ.

- Ал бұларды кімнен үйрендің? Бізден (сахабалардан) үйрендің емес пе? Ал біз пайғамбарымыздан үйрендік. Сосын Құранда қырық қойдың біреуін зекет ретінде беру керектігін, түйенің зекеті қанша екенін, қанша ақшаға қанша дирхам зекет беру керектігін көрдің бе?

- Жоқ.

- Олай болса бұларды кімнен үйрендің? Бізден үйрендің емес пе? Ал біз Расулуллаһтан үйрендік. Хаж сүресінде «Ескі үйді (Қағбаны) тауаф етсін» деген аятты оқыған шығарсың. Алайда Қағбаны 7 рет тауаф етсін деген мәтінді көрдің бе?

- Жоқ.

- Аллаһу та’аланың Құран кәрімде «Расулымның бұйырғанын алыңдар, тыйым салғандарынан сақтаныңдар!» (Хашр 7) деген әмірін естімедіңдер ме?- дейді.

 

 Хазреті Омардан «Парыздардың сапарда қанша рәкаттан оқылатынын біз Құраннан таба алмадық» деп сұраған адамдарға ол: «Аллаһу та'ала бізге Мұхаммед алейһиссаламды жіберді. Құран кәрімде таба алмағандарымызды біз Расулуллаһ алейһиссаламнан көргеніміздей орындаймыз. Ол сапарда төрт рәкат парыздарды екі рәкат қылып оқитын еді. Біз де солай істейміз» деді.» (Мизан-ул-кубра)

Сахих Мүслимде былай делінеді: «Асхаби кирамнан Ибн Мәсуд хазреттері «Тату жасаған және жасатқан адамға лағнет болсын» деген хадис шәрифті айтқан кезде бір кәрі әйел «Мен Құранды оқыдым, бірақ ондай лағнет жоқ қой» деді. Ибн Мәсуд хазреттері «Мұқият оқысаңыз, міндетті түрде көретін едіңіз» деп Хашр сүресінің «Расулуллаһтың сендерге бұйырғанын алыңдар, тыйым салғандарынан сақтаныңдар!» мағынасындағы жетінші аяти каримасын оқыды.» (Мүслим)

Демек, Құранды түсіну үшін оның түсіндірмесі болған хадис шәрифтерге қажеттілік бар. Ал хадис шәрифтерді түсіну үшін ғалымдарға қажеттілік бар. Әркім Құранды өз бетінше түсіне алса, онда пайғамбардың не қажеті бар еді? Егер әркім Құран кәрімді түсіне алғанда, 72 адасқан ағым пайда болмас еді. Заманға қарай өзгеріске ұшырайтын дүние – ол әдет-ғұрыптар. Дін болса, заманға қарап өзгермейді.

Демек, дінімізді дұрыс үйрене алу үшін әркім Құран кәрімнен және хадис шәрифтерден тікелей өзі түсінуге тырыспай, өз мазһабының үкімін ұстануы керек.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз!