Оптимизм – тіршіліктегі қиыншылықтар мен келеңсіздіктерге қарамастан барлық нәрсенің жақсы болатынына жору, үміттену, сену дегенді білдіреді. Яғни үмітсіздікке, күйзеліске түспеу, болашаққа сеніммен қарау деген сөз. Тақырыпты кеңінен ашу үшін оптимисттер мен пессимисттер туралы қысқаша сипаттамаларға көз жүгіртейік:
Оптимисттер:
- Алда жарқын болашақ күтіп тұрғанын, жағдайдың бүгінгіден де жақсырақ болатынынан үміттенеді.
- Мақсатына жететініне сенімді болады.
- Өмір тосынсыйларға толы деп біледі.
- Қиындыққа тап болғанда шешімі табылатынына, жағдайды реттеуге шамасы келетініне сенеді.
- Келеңсіздіктің өзінен ұтымды тарапын көреді, өмірлік сабақ деп қарайды.
- Айналасындағы келеңсіздіктерден шағымдана бермейді
Пессимисттер:
- Не істесем де жағдайым оңалмайды, жұмысым жүрмейді деп ойлайды.
- Үнемі уайымдап, үрей ішінде жүретін себеп тауып алады.
- Барлық келеңсіздіктер маған ғана келеді деп түңіледі.
- Ешбір жұмысым мен ойлағандай жүрмейді деген сенімде.
- Басына іс түссе өзін кінәлап, стресс, күйзеліс ішінде жүреді.
Данышпан бабаларымыз «жақсы сөз – жарым ырыс!» деп бекер айтпаған ғой! Жақсы сөз, болымды ой мен болжамдар болымды сезімдерге жол ашады. Болымды сезімдер болса өз кезегінде позитивті нәтижелерге себепкер болады. Мәселенің шеміміне, жұмыстың қарқынына, өнімділікке, адамдармен жақсы қарым-қатынаста болуға, қысқасы қай жағынан болмасын жақсы әсер етеді.
Бұл дегініміз тек жақсы ойлап, кедергілер мен қауіптерді елемеу керек дегенге келмейді әрине. Келеңсіздіктерді ескере отырып, алға қарай қадамды нық басу деген сөз.
АҚШ-тық жазушы Артур Уорд (W. Arthur Ward) оптимизмді былай сипаттайды: «Шынайы оптимист келеңсіздіктерді мойындайды, алайда шешімін табады, қиындықтарды көреді, алайда төтеп бере алатынына, бұл өтпелі кезеңнен өте алатынына сенеді. Болымсыз күйге түседі, бірақ болымды күйін көрсетеді. Ең жаманына да ашық, алайда ең жақсысын күтеді. Шағымдануға себебі бар, алайда күлімдеуді таңдайды».
Альберт Эйнштейн: «Тым ақылды болғандықтан емес, келеңсіздіктерді шешуден, төтеп беруден бастарпағаным үшін жетістікке жетудемін» деген екен. Яғни келеңсіздікке түскенде түңілмей, мәселенің шешімі жолында құлшынысты арттыру керек.
Жақсы айту, жақсыға жору, жақсы тарапын көру және адамдарға жақсылық жасаудың денсаулыққа, әсіресе рухани саулыққа өте пайдалы екендігі ғылыми түрде көп дәлелденген дүние. Қатерлі ісік секілді ауыр дерттерді жеңіп шыққандарды немесе мүлдем шешілмейді деген келеңсіздіктің түйінін шешкендерді қарайтын болсаңыз қиындыққа оптимистік көзқарас арқылы төтеп бергенін байқауға болады. Тіпті ғылыми зерттеулердің өзі оптимисттердің пессимисттерге қарағанда ұзақ жасайтынын көрсетуде. Өйткені позитивті ой күйзеліс пен стрес атаулыны азайтады. Яғни оптимизмді стреске қарсы ем-шара десе артық етпейді.
Демек өмірге оптимистік көзқараспен қарау жетістік пен бақыттың және салауатты өмірдің кілті деуге болады. Сондықтан жақсы айтып, жақсы ойлауға, жақсы тарапын көруге, жақсы болуға тырысайық...