Он жұмбақ

Төле би тоқсан жасқа келгенінде Қаз дауысты Қазыбек сәлем бере барыпты. Елдің жақсылары, шешендер, ойшылдары жиналып, әңгіме-дүкен құрып отырғанында:

- Қаз дауысты Қазыбегім келді. Бәрің түгел жиналдыңдар. Сендерге айтар он түрлі жұмбағым бар, соны шешіңдер, - дейді Төле би.

- Айтыңыз, айтыңыз?

Айтсам, он түрлі жұмбағым мұнау: бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз,тоғыз, он.

Отырғандар таң-тамаша болады.

- Бұл не деген жұмбақ! Осындай да жұмбақ бола ма?

- Төке, жұмбақты мен шешейін, рұқсат етіңіз? – дейді Қаз дауысты Қазыбек.

- Рұқсат, рұқсат.

- Бір дегеніміз – бірлігі кеткен ел жаман.

Екі дегеніміз – егесіп өткен ер жаман.

Үш дегеніміз – үш бұтақты шідерден шошынған ат жаман.

Төрт дегеніміз – төсектен безген жас жаман.

Бес дегеніміз – белсеніп шапқан жау жаман.

Алты дегеніміз – асқынып кеткен дерт жаман.

Жеті дегеніміз – жас келіншек жесір қалса сол жаман.

Сегіз дегеніміз – серпілмеген қайғы жаман.

Тоғыз дегеніміз – торқалы той, топырақты өлімге бас көрсетпесе сол жаман.

Он дегеніміз – оңалмас кәрілікке дауа болмас деген, - деп сөзін аяқтайды Қаз дауысты Қазыбек.

- Рақмет, дәл тауып шештің. Ойы да тілі де жүйрік тұлпарым, -деп Төле би Қазыбекке разы болыпты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз!