Қазақ халқының ұлттық тағамдарының бірі – талқан. Талқан – қуырылған бидайдан, тарыдан, арпадан, жүгеріден ұнтақталып дайындалады. Талқан аса дәмді, әрі күш-қуат беретін құнарлы тамақ. Құрамында С дәрумені және В тобының дәрумендері толық дерлік кездеседі. Бұл өз кезегінде иммунитетті күшейтеді және жүйке жүйесінің жақсаруына әсер етеді. Ферум (темір), кальций, магний, мырыш секілді микроэлементтері арқылы қан аздығына, сүйек, шаш, тырнақ саулығына пайдалы келеді. Ана сүтінің құнарын арттырады. Асқазан, ішек жолдарының жұмыстарын жақсартады. Мамандардың айтуынша кебегі мен талшықтары бойында сақталатындықтан асқазанда ұзақ қорытылып, тоқ жүруге себеп болатындықтан және күш-қуат беретіндіктен талқанды ораза кезінде тұтынудың пайдасы мол.
Талқанды сүтке, айранға, сарымайға, сорпаға, қаймаққа араластырып жеуге болады. Әркім талғамына қарай әртүрлі дайындайды. Сүтке немесе айранға талқанды араластырып, шекер қосып жеуге болады. Талқаннан жасалатын жент тағамы дастарханның сәнін келтіріп қоймай, құнарлы азықтың қайнар көзі болады. Талқанды сарымай және шекер араластырып, оны уыстап пішінге келтіріп немесе тұтастай күйде тоңазытқышқа салсаңыз жентіңіз дайын болады. Оған миіз немесе кепкен өрік қоссаңыз пайдасы тағы күшейе түседі. Қорыта келе айтарымыз құрамы белгісіз әріптер мен қоспалардан тұратын шетелдің азықтарын тұтынғанша құнары жоғары тұратын ұлттық тағамдарды тұтынған жөн.