Бәхлүл Дана хазреттері Бағдатта өмір сүрген әулие, ғалым адам болған. Адамдарға айтқан насихаттарымен мәшһүр. Қабірі Бағдатта. Аббаси халифаларынан Харун Рашидтің заманында өмір сүрген.
Бұл кісінің бір көршісі бар еді. Бәхлүл Дана хазреттерін жақсы көретін. Бірақ діннің әмірлеріне мойынсұнбайтын. Бірақ әр түні жатарда: «Йа, Раббым! Маған жәннатыңды нәсіп ете гөр!» деп дұға етіп, сосын жататын. Бір түні тағы осылай дұға етіп, төсегіне жатқаны сол еді үйдің шатырындағы дүрсілден шошып оянады. Тамның төбесіне шыққанында бір адамды көріп:
- Не істеп жүрсің мұнда?- дейді.
- Түйем жоғалған еді, түйемді іздеп жүрмін,- деп жауап береді әлгі адам.
- Құдай сақтай гөр! Тамның төбесінен түйе іздегені несі,- деп таң қалады. Ал әлгі кісі хазреті Бәхлүл Дана болатын. Жақындап келіп:
- Дұрыс айтасың, шатырдан түйе іздеу таңқаларлық іс. Бірақ сенің істеп жүргенің бұдан да оғаш тірлік емес пе?!
- Не тірлік ол?
- Төсекте жатып жәннатты іздеу. Сен төсекте жатып алып, жәннатты сұраудасың. Ал ешқандай ғибадат жасамастан жәннатты дәметуің ақымақтық емес пе?!
- Дұрыс айтасың Бәхлүл,- деп әлгі кісі қатесін түсініп, намаз оқуды бастайды.