Рамазан айын құрметтеуіміз керек. Құрметтеу үшін Аллаһу та’аланың бұйрықтарын орындап, тыйымдарынан, яғни күнәлардан сақтануымыз қажет. Ораза тұтып, ғайбат жасаған, жалған сөйлеген, ренжіткен, харамдардан сақтанбаған адам рамазан айын құрметтемеген болып саналады.
Қандай да бір себеппен ораза тұта алмаған адамның бұл айға құрмет көрсетуі, яғни ораза ұстай алмаған күндерінде тамақты адамдарға көрсетпей жеуі керек. Бұл айға құрметсіздік жасау өте қауіпті.
Рамазан айында күндіздері ресторан, дәмхана сияқты тамақтанатын орындарды жұмыс істеткізу күнә болады. Бұлардың, ораза ұстамайтындардан түскен табыстары халал болса да зиянды, қатерлі. Мұндай орындар ауыз ашқаннан кейін жұмыс істеуі тиіс.
Рамазан айына құрмет көрсету өте маңызды. Бұрындары мүлде басқаша болатын. Мұсылман еместер де мұсылмандардың ұстаған оразаларына құрметпен қарайтын. Олардың көз алдында тамақтанбайтын. Осындай рамазан айының бірінде мұсылмандар тұратын ауданда бір мәжусидің (отқа табынушының) баласы көшеде, ораза ұстаған мұсылмандардың көз алдында нан жеп тұрады. Әкесі мұны көре сала: «Балам, мұсылмандардың алдында осылай нан жеуге бола ма екен? Олар үшін Рамазан айы қасиетті ай, бұл айда олар ораза ұстайды. Бұған құрмет көрсетуіміз керек! Бар, үйге кіріп же!» деп баласын жазғырып, үйіне жібереді.
Осы оқиғадан кейін арада бірнеше жылдар өтіп, мәжуси қайтыс болады. Сол ауданда тұратын бір мұсылман оны түсінде көреді. Түсінде жәннатта жүр екен.
- Қалайша жәннаттық болдың, біз сені мәжуси деп жүрсек, тіпті жаназаңды да шығармадық! - дегенде, мәжуси:
- Иә, дұрыс айтасың. Мен мәжуси едім. Бір күні баламның мұсылмандар тұратын ауданда, Рамазан айында нан жеп тұрғанын көріп, оны қатты жазғырған едім. Осы қасиетті айға құрмет көрсеткенім үшін Аллаһу та’ала өлім аузында мені мұсылман болу бақытына қауыштырды. Мұсылман болып өлгендіктен осындай ниғметтерге қауыштым,- дейді.