Киберспорт – жаңа заман спорты
Киберспорт – компьютерлік ойындардың жиынтығы. Киберспорттың пайда болуы алғашқы видео ойындардың шығуымен басталады.
Бастапқыда компьютерлік ойындар кез келген адам ойнайтын күнделікті ойын ретінде бағаланып, жыл сайын танымалдығы арта түсті. Нәтижесінде «Киберспорт» деп аталатын ресми спорт түрі пайда болды.
Киберспорт 1997 жылдан бастап қарыштап дамыды. Сол жылы «СРL» (The Cyberathlete Professional League) атты алғашқы лига құрылды. Лиганың алғашқы жарысы Quake ойынына арналды. Кейінірек Doom 2 ойыны бойынша топтық жарыстар өте бастады. 2001 жылы Counter Strike симуляторы жарық көріп, киберспорт әлемініне жаңа серпіліс алып келді.
Қазіргі таңда киберспортшылар арасында Counter Strike, Dota 2, Call of Duty, League of Legends, Starcraft, CS:GO секілді ойындар танымал.
Киберспорт – ресми спорт түрі
2008 жылы Сеулде (Оңтүстік Корея) алғашқы киберспорт қауымдастығы құрылды. Қауымдастықтың табысты жұмысының арқасында киберспорт – екінші дәрежелі спорт санатына қосылды. Бүгінде ұйым киберспортты олимпиадаға қосуға жұмыс жасауда.
Қазақстанда киберспорт 2018 жылдың 25 маусымында ресми спорт түрі болып тіркелді. Артынша Qazaq Cybersport Federation құрылды. Федерацияның президенті болып Қуанышбек Есекеев сайланды. Ұйым аз уақыттың ішінде қарқынды жұмыс жасап, Астана, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар қалаларында және Түркістан, Батыс, Шығыс Қазақстан облыстарында филиалдарын ашып үлгерді. Федерацияның маңызы жайлы Азия киберспортының вице-президенті Сәкен Мұсайбеков:
«Бүгінде жеке командалардың сапында, бірақ Қазақстанның туымен өнер көрсететін қазақстандықтар бар. Егер әлем, Азия, Еуропа чемпионаттары, яғни Халықаралық Олимпиада комитеті мойындаған жарыстар өтіп жатса, онда сол балаларды құрамаға шақырамыз» деді.
Қазақстандағы алғашқы киберспорт чемпионаты
2018 жылы Қазақстанда тұңғыш киберспорт чемпионаты өтті. Киберспортшылар Counter-Strike, Dota 2, Star Craft 2, Hearthstone, Pro Evolution Soccer 2019 секілді ойын түрлері бойынша бақ сынады. Жарыстың жүлде қоры 5 миллион 500 мың теңгені құрады.
Чемпионат бірнеше ойын дисциплинасына бөлінді. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған командалар Қытайда өтетін әлемдік турнирге жолдама алды. Бұл чемпионат еліміздегі киберспорт деңгейі мен әр ойын түрі бойынша үздік киберспортшылар мен командаларды анықтауға мүмкіндік берді.
Олимпиада бағдарламасына енуі мүмкін
Халықаралық киберспорт өкілдері киберспортты төртжылдықтың басты додасына енгізуді мақсат етуде. 2017 жылы ХОҚ (Халықаралық Олимпиада Комитеті) шешімімен серфинг, бейсбол, құзға өрмелеу, карате мен скейтбординг Токио олимпиадасына енгізілген болатын. Комитеттің заңнамасына сәйкес «2020 жылғы олимпиадаға енген бес спорт түрі келесі олимпиадаға енуі шарт емес». Демек, киберспорттың жазғы олимпиада ойындарына енуі мүмкіндігі бар.
Қазақстандық киберспортшылар
Қазақстанда халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрген бірнеше команда бар. Дәурен Қыстаубаев, Рүстем Телепов және Абай Хасеновтен тұратын (және екі ресейлік ойыншы бар) «Gambit Esports» командасы 2017 жылы Польшада өткен жарыста чемпион атанды.
Dota 2 дисциплинасында «xGame.kz» өкілдері Ернар Оразбаев, Нұрсұлтан Әскеров, Илья Дорман, Андрей Райлян дүниежүзілік іріктеуде өз тобының жеңімпазы атанған.
Жекелей сында жанкүйерлерге CS:GO ойыншысы Дәурен Қыстаубаев танымал. «AdreN» лақап атымен белгілі киберспортшы америкалық «FaZe Clan» командасына мүше. Аталмыш команда CS:GO бейне ойыны бойынша әлемдік рейтенгте ТОР-10-қа кіреді.
Дайындаған: Ильяс Сәрсенбай.