Жаңа Зеландияның Крайстчерч қаласында жұма намазы кезінде екі мешітке ланкестік шабуыл жасалып, автоматты қарулармен оқ жаудырылуы нәтижесінде 50 адамның өмірі қиылып, 40-тан аса адам жараланды. Қастандықтың артынша шыққан ақпараттар бойынша 28 жасар Брентон Таррант атты содырдың, мұны айлап жоспарлағаны және тіпті мұны әлеуметтік желілер арқылы жариялағандығы анықталды.
Әлеуметтік желіде тікелей эфир
Мұсылмандарға қастандық әрекетін ұзақ уақыттан бері жоспарлап, дайындалған Таррант 15 наурыз жұма күні көлігін қару-жараққа толтырып, мешітке беттейді. Нұр мешітінің ауласына кірісімен мылтықтың тетігін басып, алдына кезіккен жанның бәріне оқ жаудырады. Қастандығын маңдайына орналастырған камерасы арқылы әлеуметтік желіден тікелей эфирде трнасляциялайды. Нұр мешітінен шыққаннан кейін Линводтағы мешітке жол тартып, дәл осындай қанды қырғынды ол жақта да жалғастырады. Содыр қастандыққа аттанар алдында форумдардың бірінде «Басқыншыларға шабуыл жасаймын. Фәйсбукта тікелей эфирге шығамын. Егер өлсем қош болыңдар. Тәңір сендерді қорғасын. Жәннатта көрісерміз» деген мәтін қалдырған.
Жарылғыш заттар табылды
Жаңа Зеландия Премьер-министрі Жасинда Ардерн мұның «Егжей-тегжейлі жоспарланған ланкестік шабуыл екендігін» мәлімдеп, ланкестің көлігінде қолдан жасалған жарылғыш заттар табылғанын, оны қауіпсіздік өкілдері залалсыздандырғанын айтты. Сондай-ақ ланкестік шабуылға қатысы бар деген айыппен 4 адамның қамауға алынғанын мәлім етті. Содырдың қолданған қарулары мен оқсауыттары жазбалармен шимақталған. Жазбаларда Еуропа елдерінің мұсылмандармен (Осман империясымен) соғысқан жылдары және осы соғыстарда орын алған басты тұлғалардың есімдері және Исламға қарсы жазылған сөздер орын алған.
Манифест
Жаңа Зеландияда жасаған жауыздығымен әлемді дүрсілкіндірген Брентон Таррант есімді ланкестің қанды жоспарын екі жыл бұрыннан бастағанын және бұларды Ютуб каналында 74 беттік манифесті арқылы әлемге жариялағандығы мәлім болды. Қанішер манифестінде өткен тарих, жоспарлары және ой-пікірлері туралы егжей-тегжейлі мәліметтермен бөліскен. Расизмге негізделген монифестінде ланкес «халқының келешегі үшін бірнәрсе жасауға» шешім қабылдағанын айтады. Манифестінде қантөгістің себебін «Еуропа жерлеріне келімсектердің көшін азайту үшін», «Басқыншыларға жерлерімізге мүлдем қол жеткізе алмайтындықтарын, бұл жерлердің бізге тиесілі екендігін, ақ (тәнді) адамдар барда оған мүлдем қол жеткізе алмайтындықтарын көрсету үшін» деп топшылайды.
Содыр ланкестік жасау үшін Жаңа Зеландияны таңдауын былай түсіндіреді: «Жаңа Зеландиядағы осы бір шабуыл – мәдениетімізге жасалған шабуылға, дүниенің ешбір жерінің қауіпсіз еместігіне, барлық жақта жерлеріміздің жауланып жатқандығына және дүниенің ең ұзақ жерінің де сырттан келетін жаппай көштен азат бола алмайтындығына ишара етеді».
Өзін миллиондаған еуропалық және басқа да этнорасист адамдарың өкілі ретінде танытқан ланкес «Халқымыздың тіршілігінің тұрақтылығы мен ақ (тәнді) балаларымыздың келешегін қамтамасыз етуге тиіспіз. Бұл ісім тарих бойынша жат елдік басқыншылардың Еуропа жерлеріне шабуылдап жүзмыңдаған адамдарды өлтіріп, миллиондаған еуропалықтарды құлдандырып, Еуропа аумағында ланкестік шабуылдар жасап мыңдаған еуропалықтардың өлімі үшін қайтарылған кек» деген. Сондай-ақ 2017 жылы Стокгольмдегі ланкестік кезінде ажал құшқан 11 жасар қыздың кегі деп келтірген.
Жүректегі жара
Жаңа Зеландиядағы бұл қантөгіс бүкіл мұсылмандардың және бойында адами қасиеті қалған барша адамдардың жүрегіне жара салды. Әлемнің әр жерінде өзге дін өкілдерінен кейбіреулер мешіттегілерге гүл ұсынса, кейбіреулер мешіттегілерді қорғаймын деген жазба асынып, жылы ілтипат білдірді. Әлеуметтік желілер, ақпарат құралдары арқылы содырлардың әрекеті жазғырылып, мұсылмандарға көңіл айтылды. Әйтсе де бұл озбырлықты құптап, қошеметтеген расисттер де баршылық.
Заты емес, аты мұсылманша көрінген кез келген қылмысты “ислам терроры” деп жар салатын батыстық кейбір ақпарат құралдары, бұл ланкестікті тіпті “террор” деп атаудан тартынып, “қарулы шабуыл” деп қысқа қайырғандығы байқалды.
Елбасы жеделхаты
Болған ланкесттікке байланысты Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жаңа Зеландияның Генерал-губернаторы Пэтси Реддиге желелхат арқылы көңіл айтты: «Біз жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікке қатер төндіретін терроризм мен экстремизмнің кез келген түрін қатаң айыптаймыз. Қазақстан біздің елдеріміздің бейбіт өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қазіргі заманның қауіп-қатерлеріне қарсы ынтымақтастықты жалғастыруға әрқашан дайын».
Жаратқаннан заманымыз тыныш болғай деп тілейміз! Қаза тапқандарға Аллаһ рахмет етсін, жаралыларға шипа тілейміз. Ланкестік пен эктремизмнің барлық түріне, ланкестерге Аллаһ лағынет етсін!