Бүгін – 14 ақпан, халықаралық кітап сыйлау күні. Кітап сыйға тарту күні 2012 жылдан бері аталып келеді. Бұл атаулы күннің шығуына – балалар кітаптары сайтының иесі, үш баланың анасы Эмми Бродмур атты АҚШ-тың тұрғыны себепкер болған екен. Бұл піркідің туындауына баласының «Неге адамдардың бір-біріне ешқандай себепсіз кітап сыйлайтын күн жоқ?» деген сұрағы түрткі болады. Содан әлеуметтік желілер, таныс блогерлер, өзінің сайты және достары арқылы Эмми 2012 жылы 14 ақпан күнін «кітап сыйға тарту күні» ретінде аталу ұсынысын алға тартады. Осылайша кішкентай баланың сұрағы мен анасының оны қолдауы және миллиондаған халықтың бұл жақсы пікірді құптап, іліп әкетуі арқылы осы күн қазіргі таңда халықаралық деңгейде аталып келеді.
Иә, мұндай игі бастаманы неге құптамасқа?! Қазіргі таңда көптеген елде мемлекеттік деңгейде осы күн аталып өтуде. Кітапханалар, кітап дүкендері, кітаппен байланысты сайттар осы күнгі іс-шараларға ат салысуда.
Расында кітап ең жақсы сыйлық! Ең есте қаларлық білім кітаптан алынады. Кітап оқу - сөз қорының көбеюіне, сөйлеу мәнерінің жақсаруына септігін тигізеді, есте сақтау қабілетінің жақсаруына әсере етеді. Зерттеулер кітап оқудың стреске қарсы жақсы шара екендігін көрсеткен. Көп кітап оқу мидағы нейрондық байланыстарды арттырады, яғни зеректікті қалыптастырады. Ал дәрігер мамандардың айтуынша кітап оқуды әдетке айналдыру егде жаста алжымауға, альцгеймер ауруына шалдықпауға септігін тигізеді.