Хазреті Омар өте қарапайым кісі еді. Бір күні қаланы аралап жүріп бір кемпірдің көшесіне түседі. Кемпір үйінің алдында демалып отыр еді. Халифаның келе жатқанын қызы көріп, дереу анасына:
- Ана, тез үйге кіріңіз!
- Не болды, қызым?, - дейді таңырқап.
- Әмір келе жатыр. Кейуана орнынан тұрып үйіне кіріп кетеді. Бірақ «Әмір дегені кім?» деп терезеден қарап тұрғанда есігінің алдынан өтіп бара жатқан Хазреті Омарды көреді. «А-а, бұл біздің Омар емес пе?» деп қызына:
- Қызым, жаңа сен әмір келе жатыр демедің бе?
- Иә.
- Ол өзіміздің Омар ғой. Қашаннан бері әмір болған?, - дегенін хазреті Омар естіп қалады. Жүзіне күлкі үйіріліп «бұл кім екен?» деп қызықтап басын көтеріп қарайды да:
- Ей, кейуана, дұрыс айтасыз! Мен – сіз білетін сол Омармын! - деп күлімсіреп жүріп кетеді.
Сүйікті пайғамбарымыздың жақын досы және өзінен кейін 2-ші халифасы, яғни орынбасары Омар-ул Фаруқ хазреті былай дейді:
• Тәубе етудегі мақсат – адам істеген күнәсіне өкініп, оны қайталамауы.
Жақсы амал жасаудағы мақсат – өзін ұнатып, өзін өзгелерден жоғары ұстамауы.
Шүкір етудегі мақсат – кісінің жай бір пенде екендігін мойындап, құлшылық етуі.
• Дінін жақсы білмейтін саудагер базарда сауда жүргізбесін. Әйтпесе көпшілікті алдап өзін де өзгерлерді де құртады.
•Мешітке кірген адам Аллаһу та’аланың құзырында екенін ұмытпасын. Өзін соған жарасатындай етіп ұстасын.