Бір бай өлер уақытында ұлын шақырып алып:
- Ұлым, мен өлген соң жұма сайын қыз алып, қала сайын үй сал. Ас жесең, бал же, - деп, өсиет айтыпты. Бай дүниеден өтіп, ұлы атасының өсиетін орындай бастайды: жұма сайын қыз алып, қала сайын үй салады. Ас ішсе, бал ішіп, ақшасын бітіреді. Сөйтіп, жігіт жарлы болады. Бір күні жігіт далаға шығып біраз жүріп, бір үйілген тастың тасасына отырып, бөркін қолына алып басын ұстап отырған уақытта, бір жақтан бір шал келіп жігітке сәлем береді. Жігіт сәлемін алған соң, ол адам жанына отырады да жігітке:
- Неғып отырсың? - дейді. Жігіт:
- Жәй отырмын, - деп жауап береді. Шал:
- Шыныңды айт! - деп қыса бастайды. Жігіт еш нәрсе айтпайды. Шал:
- Сырыңды жасырма! Мен саған жақсылық көрсетемін, - дейді. Жігіт:
- Менің атам бай адам еді, сол атамның өлер алдында айтқан өсиетін орындаймын деп, кедей болдым, - дейді. Шал:
- Қандай өсиет айтып еді? - дейді. Жігіт:
- Әуелгі өсиеті: «Мен өлген соң жұма сайын қыз ал», - деп еді, мен атамның сол өсиетін тұтып, жұма сайын қыз алдым. Екінші өсиеті: «Қала сайын үй сал», - деп еді. Мен қала сайын үй салдым. Үшінші өсиеті: «Ас ішсең, бал же», - деп еді. Мен бұл өсиетін де орындап, әр күні бал жедім. Солай етіп, үш жылда барлық ақшам таусылды, - дейді. Шал тұрып жігітке:
- Сен атаңның өсиетін ұқпаған екенсің, өйткені атаңның: «Жұма сайын қыз ал» - дегені: «Әйеліңмен сыйлас бол, қадіріңді кетірме. Сонда ғұмыр бойы тату-тәтті өмір сүресің» - дегені. «Қала сайын үй сал» дегені: «Қала сайын достарың болсын, барғанда түсетін» - дегені еді. «Ас ішсең бал же» - дегені: «Еңбек істеп ас ішсең, балдан тәтті болады» - дегені еді, - деп, қарт өз жөніне кетіпті. Жігіт әкесінің терең мағыналы өсиетіне сонда ғана түсініпті.