Қазақстандықтар 76 елге визасыз кіре алады, деп хабарлайды akparat.com сайты визалық шектеулер индексін есептейтін халықаралық «Henley & Partners» консалтингтік компаниясына сілтеме жасап.
Аталмыш бірлестік әлем елдері паспорттары индексінің жаңарған рейтингін жариялады. Қазақстан тізімде өткен жылға қарағанда екі саты жоғарылап, 67-орынға көтерілді.
Визасыз қарым-қатынас жасау тізімінде Жапония көш бастап тұр. Олар 190 елге визасыз бара алады.
2019 жылдың алғашқы аптасындағы көрсеткіштерге көз жүгіртсек:
Оңтүстік Корея Үндістанмен визасыз жүру келісіміне қол жеткізіп рейтингте екінші орынға (189 ел) көтерілді. Бұл сатыға тағы бір азиялық мемлекет Сингапур жайғасқан. Дереккөзге сенсек қала-мемлекеттің халқы да 189 елге емін-еркін кіріп-шыға алады.
Үшінші сатыға 188 елге визасыз сапар жасау мүмкіндігіне ие Германия мен Франция тұрақтады.
Ал саяси және сыртқы факторларға сәйкес АҚШ пен Ұлыбритания төменге сырғыды.
Қазақстан 105 елден құралған рейтингте 67-орынға жайғасқан. Бір жыл көлемінде 5 мемлекетпен өзара келісім-шарт жасасып, 76 елге визасыз сапар шегу мүмкіндігіне ие болды. Көш соңына назар салсақ, Ирак пен Ауғанстан рейтингте соңғы орындарға жайғасқан. Бұл елдің азаматтары 30 елге визасыз бару мүмкіндігіне ие.
Дайындаған: Ильяс Сәрсенбай.