Қазіргі таңда әлеуметтік желілер адам өмірімен біте қайнасып кетті. Қолданушылар өмірінде болып жатқан жағдаяттармен бөлісіп, жеке блогын жүргізуде. Тіпті, кейбірі үшін табыстың қайнар көзіне айналған.
Әлеуметтік желілердің ішінде Instagram өзінің ыңғайлы әрі заман талабына сай жасақталуымен есте қалуда. Әнші-әртістер, спортшылар, тіпті саяси тұлғалар аталмыш желінің тұрақты қолданушыларына айналған. Осыны ескере отырып akparat.com сайты Instagram-дағы танымал әрі оқырманы көп 5 аккаунтты анықтады.
5-орын: Дуэйн Джонсон.
Америкалық Дуэйн Джонсонға 127 миллион қолданушы жазылған. «Скала» лақап атымен танымал актер 11 сериал, 40-тан астам киноға түскен. Одан бөлек рестлингтен WWE тұжырымы бойынша 8, WCW-дің ауыр салмақта 2 дүркін чемпионы.
4-орын: Ариана Гранде.
Ариана Гранде – америкалық әнші әрі актриса. Оқырмандар саны 142 миллионды құрайды. Әнші әртүрлі мультфилм кейіпкерлерін дыбыстайды. Шоу бағдарламалардың тұрақты қатысушысы.
3-орын: Селена Гомез.
«Instagram» әлеуметтік желісіндегі тағы бір танымал АҚШ өкілі – Селена Гомез (144 миллион жазылушысы бар). Ол әншілік, әртістік және сән өнерін қатар алып жүруде. Дегенмен парақшасына 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап ешқандай сурет жүктемеген.
2-орын: Криштинау Роналду.
Туриндік «Ювентус» пен Португалия ұлттық құрамасының шабуылшысы Криштинау Роналду екінші сатыға жайғасқан. Футболшыға ұзын-саны 150 миллион аккаунт жазылған.
1-орын: Instagram.
Instagram-ның ресми парақшасына 274 миллион қолданушы жазылған. Желідегі басты аккаунт оқырман арасындағы сапалы әрі креативті фотоларды ұдайы жүктеп отырады.
Дайындаған: Ильяс Сәрсенбай.