Кеш келген құтқарушы

Бір замандары Шам қаласында мата сатумен айналысатын кісі өмір сүреді. Тұрақты алушылары көп болғандықтан дүкенде жұмыстағы қарбаласты сылтау етіп, намаздарын үнемі кеш оқитын. Уақыттың шығуына тым аз қалғанда дүкеннің жанындағы мешітке асыға кіріп намазын оқып үлгеретін.  Мешіттің имамы осы тұрғыда қанша ескертіп, насихат айтса да, ол баяғысынша жүре береді.

Бір күні түнде су тер ішінде оянады. Қорқынышты түс көрген болатын. Түсінде қиямет болған, есепке тарту үшін мизан таразысының басына әкелінеді. «Өмірімде ғибадаттарымды үнемі орындап жүрдім. Харам істегенім жоқ. Мәкрухтарға да бұрылып қараған емеспін. Менің есебім оңай өтсе керек» деп үміттенеді. Періштелер алдымен иман мен дұрыс ақидадан есепке тартады. Амал дәптерінде олар табылады. Одан өтеді. Кейін намазға кезек келеді. Бірақ қанша іздесе де амал дәптерінен намазын таппайды. Әлгі адам

– Мен ешбір намазымды қазаға қалдырғаным жоқ, міндетті түрде табуларың керек,- деп жалбарынады. Ары-бері қараған періштелер:

– Ренжіме, саған тиесілі бірде-бір намаз таба алмадық, бұл сынақтан өте алмадың, енді тікелей тозаққа жібереміз,- дейді. Әлгі кісі жылап жалбарынады:

– Жоқ, мұнда бір қателік бар, мен намаздарымды мүлде қалдырған емеспін,- десе де тыңдамайды, жаһаннамға қарай сүйрей бастайды. Үрей мен қорқыныштан айғалап, келе жатқанында алдарынан нұр жүзді жігіт шығады да:

– Мен бұл адамның оқыған намаздарымын,- дейді. Бұдан кейін оны қайтадан мизан таразысының басына әкеледі. Үрейі кете қоймаған адам:

– Мен мұнда қиналып жатқан кезде сен қайда болдың?,- деп намаздан сұрайды. Оған:

 – Сен мені үнемі соңғы уақыттарға қалдыратын едің, сондықтан қиямет күні мен де соңғы уақытта жетіп келді,- деп жауап береді.

Әлгі адам сол күннен бастап намазын уақыты кіре салысымен оқитын болды.     

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз!