Еуропа лигасының топтық кезеңі аяқталды, деп жазады akparat.com сайты.
«К» тобында сынға түскен «Астана» соңғы турда «Ренн» командасына қонаққа барды. Кездесуге дейін елордалық ұжымның қоржынында – 8, франциялықтарда – 6 ұпай болған. Яғни, тең ойын «Астананы» келесі кезеңге алып шығушы еді. Дегенмен, «Ренн» ойыншысы Исмаил Саар дубль авторы атанып, плей-офф жолдамасын француз командасы иеленді.
6 турда 11 ұпай еншілеген киевтің «Динамосы» квартетте көшбастап, 1/16 кезеңге өтті.
Матч соңындағы баспасөз маслихатында бас бапкердің қызметін уақытша атқарушы Григорий Бабаян:
«Бізге алдымен ойын тәжірибесі жетіскен жоқ. Себебі, біздің елдегі чемпионаттың аяқталғанына бір айдан астам уақыт өтті. Осыған байланысты, футболшылардың физикалық мүмкіндіктері өте төмен болды, әсіресе екінші таймда. Ал Еуропа Лигасында жылдамдық өте жоғары» деген ойымен бөлісті.
Авторы: Ильяс Сәрсенбай.