Қарындаш

Қарындашпен бірдеңе жазып отырған әжесіне еркелей келген немересі: «Не жазып отырсыз әже, өзіңіз туралы жазып отырсыз ба, әлде мен туралы ма?» деп сұрайды. Әжесі жазуын тоқтатып немересіне қарап отырды да: «Негізінде сен туралы жазып отырмын балам. Бірақ мына қолданып отырған қарындашым, жазған сөздерімнен де маңызды. Сен де өскенде осы қарындаш секілді боларсың деп үміттенемін» дейді. Бала қызыға қарап, қарындашты көзімен сүзіп шықты. Ешқандай ерекше тұстарын таба алмай: «Әже, мынауыңыз күнде көріп жүрген қарапайым қарындаш қой»,- дейді. Әжесі: «Бұл сенің қалай қарағаныңа байланысты құлыным» деді де, сөзін әрі қарай жалғай түсті: «Қарындаштың бес маңызды ерекшелігі бар, сен осыны жадыңа сақтап, өмір бойы ұстанатын болсаң, өмірің бақытты өтеді. Бірінші ерекшелігі: Қарындашты қол басқарады. Керемет дүниелер жасауың мүмкін, бірақ басқан әр қадамыңды бағыттап тұратын қол бар екенін ұмытпа. Бұл мысалдағы қол дегеніміз біз үшін Аллаһу та’ала. Ол құдіретімен бізді бағыттап тұрады. Екінші ерекшелігі: Не жазсам да уақыты келгенде қарындашты ұштап тұруым керек. Бұл қаламға ауыр тигенімен, нәтижеде оның үшкір болуын қамтамасыз етеді. Сондықтан қиындықтарға төзуді үйренуің керек. Бұл қиындықтар сені шыңдап, одан да жақсырақ етеді. Үшінші қасиеті: Қарындашпен қате жазғаныңда оны өшіргішпен өшіріп, түзетуге әрқашан мүмкіндігің бар. Жасаған нәрсеңді кейіннен түзету жаман нәрсе емес екендігін түсіне біл. Бұл әділет жолын ұстануға жарамды ең маңызды қасиет. Төртінші ерекшелігі: Қарындаштың ең маңызды бөлігі, қарындаштың сыртындағы материалы немесе сырт көрінісі емес, ішінде орын алған қорғасыны. Сондықтан ішкі дүниеңнің тазалығына мән бер. Сыртың бүтін, ішің түтін болмасын. Бесінші ерекшелігі: Қарындаштың жүрген жерінде із тастауы. Сол сияқты сен де жасаған әр амалыңның із қалдыратынын ескеріп, әрбір әрекетіңе мұқият болуың қажет...»

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз!