Футзал кіл мықтыларының басын қосып, іріктелген үздіктер өзара сайысқа түсетін «төрттік финал» ойындарын Алматы шаһары қабылдамақ. Бұл туралы akparat.com сайты хабарлайды. 2018-2019 жылғы маусымның «Төрттік финалы» сәуір айында өтеді.
Аталмыш додаға «Қайрат» (Алматы, Қазақстан), «Барселона» (Барселона, Испания), «Спортинг» (Лиссабон, Португалия), «Интер Мовистар» (Мадрид, Испания) командалары қатысады.
Бұған дейін Алматы 2011, 2017 жылдары доп додасын қабылдап, жоғары деңгейде өткізген болатын.
Естеріңізге сала кетейік, «төрттік финалында» ең мол олжаға кенелген ел – Испания. Пиреней түбегінің командалары 14 мəрте ақтық сынға дейін алқынбай жетіп, 9 рет топ жарды. Ресейлік клубтар үш жарыста дара шықса, Алматының «Қайратына» екі бас жүлде бұйырды. Сондай-ақ Италия, Бельгия жəне Португалияда жасақталған командалар бір-бір реттен жеңімпаз атанды.