Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында қазақ күресінен өткен «Әлем Барысы-2018» турнирі өз мәресіне жетті. Дүбірлі додаға әлемнің бірқатар елінен келген 33 балуан қатысса, Қазақстан намысын 5 спортшы қорғады.
Кіл мықтылар арасынан суырылып шыққан Қазақстанның екі балуаны – Айбек Нұғымаров пен Ерсұлтан Мұзафаров финалда кездесті. 4 минутқа созылған белдесуде Нұғымаров қарсыласын таза жеңіп, екі дүркін «Әлем Барысы» атағын иеленді. Жартылай финалдық сайыста Ерсұлтан Мұзафаров Ресей балуаны Роман Бобиковтан басым түссе, Айбек Нұғымаров грузин балуаны Гурам Тушишвилиді жеңген еді. Ресейлік балуан Роман Бобиков белдесусіз-ақ «Әлем Барысында» үшінші орын иеленді. Өйткені оның грузиялық қарсыласы Гурам Тушишвили бозкілемге шықпай қойды.