Элекронды пошта

Жұмыс іздеп жүрген бір кісі Майкрософт компаниясының еден жуушы керек деген хабарландыруына көзі түсіп, сонда барады. Бөлім басшысымен кездесіп, сынама тазалық жасаған соң, басшы: "Жұмысқа қабылдандыңыз, маған электронды поштаңызды қалдырыңыз, сізге қашан келетініңізді және қандай құжат әкелетініңізді жазып жіберемін" дейді. Жұмыс іздеп келген кісі компьютерінің жоқ екенін, соған байланысты электронды почтасының да жоқ екенін айтады. Мұны таңырқай тыңдаған бөлім басшысы инновациялық технологиядан бейхабар жандарды саналы тұрғыда тірі деп санамайтынын, ондай адамды жұмысқа қабылдай алмайтындығын бетіне басады. Әлгі кісі басы салбыраған күйде сыртқа шығады. Қалтасында соңғы 10 доллары қалған болатын. Тәуекелге бел буып кішігірім саудамен айналысуды ұйғарады. Көтерме сауда орталығынан 10 кг қызанақ сатып алып, үйлерді аралап қызанақ сатып, ақшасын екі еселейді. Осы тірлігін тағы үш қайталағанында тапқан ақшасы 160 долларды құрайды. Енді осылай күн көруге болатынына көз жеткізген болатын. Күнде үйден ерте шығып, кеш қайтып, әр өткен күн табысын еселеп, көбейтіп отырады. Бірнеше аптадан соң жеңіл машина сатып алады. Осы арада тұрақты тұтынушылары көбейіп, бір өзі үлгермейтіндіктен жұмысшы жалдайды. Араға уақыт салып жеңіл машинасының үстіне ақша қосып, жүк көлігіне қол жеткізеді. Осылай айлап, жылдап еткен еңбегінің арқасына азық-түлік тасымалдау мекемесінің иесі атанады. Тағы бес жылдан кейін азық-түлік саласында АҚШ-тағы ең ірі дистрибьютерлердің біріне айналады. Материалдық жағдайын мейлінше жақсартқан ол ендігі отбасының болашағын ойлап, өмірін сақтандыруды ұйғарады. Сақтандыру ұйымына телефон шалғанында тұтқадағы маман өмірді сақтандырудың артықшылығын егжей-тегжейлі түсіндірген соң, ұсыныс жолдау үшін электронды поштасын сұрайды. Электронды поштасының жоқ екенін айтқанында сақтандырушы маман: "Мәссаған, міне ғажап, электронды почтаңыз жоқтығына қарамастан осыншама алып империя құрған екенсіз. Егер де электронды почтаңыз бар болғанда қазір қандай деңгейге жетер едіңіз?!" дейді. Бұған әлгі кісі сәл ойланып: "Егер электронды поштам болғанда, майкрософт компаниясында еден жуушы болар едім" деп жауап берген екен... 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз!