Көп кітап оқу.
Кітап оқу адамның білімін, ой-өрісін, тіл байлығын дамытады. Сөйлемдерді жақсы құра алуды, ділмарлық қабілетін жетілдіреді. Көп оқу, көп нәрсе білу маңызды, сонымен қатар білетін нәрселеріңізді орынды, дұрыс қолдану, қай мәліметті қай жерде қолдануды білетін адам жетістікті бола алады. (Әйтпесе орынсыз көп сөйлеу — мәре емес). Бұл жұмыс барысында, тәжірибе арқылы үйренілетін нәрсе. Сондықтан күніне кем дегенде екі беттен болса да, кітап оқу дағдысын қалыптастыру қажет.
Үлкен мақсат қою.
Алға үлкен мақсат қою керек және сол мақсатқа қарай талпыну керек. Осы тақырыптағы семинарда ұстаз шәкірттердің бірінен: «Өскенде кім болғың келеді?» деп сұрайды. Шәкірт «Дәрігер болғым келеді» дегенінде «Дәрігер болсаң айналаңдағыларға өзіңдей ғана пайдаң болады. Алайда аурухана меңгерушісі болсаң немесе аурухана иесі болсаң, қарамағыңда жүздеген дәрігерлер болады. Көптеген адамдарға пайдаң тиеді» дейді. Басқа бір шәкірт ұшқыш боламын дейді. Сонда ұстазы «Неге ұшқышпен шектелесің, мақсатыңды жоғары тұт. Мақсатың авияциялық компания құру болсын. Қарамағыңда көптеген ұшқыштар болады, көп адамдарға, еліңнің өркендеуіне пайдаң тиеді» дейді. Сондай-ақ таңдаған мамандығыңда жетік білімді болу керек, көздеген мақсатыңа қажетті барлық нәрсені жақсы білу керек.
«Ештеңе білмеймін, меңгермеймін де, бірақ бастық боламын» деу бос сөз. Егер бір мақсат қойған болсаң, сол істі жақсы көретін болсаң, онсыз да соған қажетті нәрселерді бар ынтаңмен жақсы көріп үйренесің. Бірақ мақсатың жоқ болса, қандай іс болмасын оны орындау қиынға соғады.
Өз салаңда жақсы, білікті маман болу.
Өз салаңдағы ең қажетті адам болуға тырысу керек. Сіз туралы «мұны тек пәленше ғана біледі» деп айтатындай болу керек. Айналаңыздағы адамдардан да өз саласында білікті осындай тұлғалардың көп болуы жақсы. Бұл да оқу, үйрену, тәжірибе, ерен еңбекпен келетін дүние. Бір профессор аспирантына былай деген екен: «Ешкімге мүмкіндік берілмейді, мүмкіндік алынады. Сен мұнда менің бірдеңе үйретуімді күтпе, сен өзің келіп менен сұрап алуың керек» деген екен. Яғни ешкім дайын нәрсені алдыңа әкеп қоймайды. Ол нәрселерді алу үшін өзіміз талпынуымыз, әрекет етуіміз қажет.
Жауапкершілік және жақсы қарым-қатынас.
Берілген міндетті атқара білу, жауапкершілікті болу және адамдармен жақсы қарым-қатынас құра алу өте маңызды. Табысты адамдарда көп көрінетін қасиет — адамдармен жақсы қарым-қатынас және адамдарды жақсы басқару. Бизнес жолында жетістікке жеткендердің барлығында дерлік осы қасиет бар.
4 қасиет
Әлемге әйгілі «General electric» компаниясын 20 жыл басқарып, үлкен жетістіктерге жеткізген Джек Уэлч-тен жұмысқа адам алғанда қандай ерекшеліктеріне қарап аласыз деп сұраған екен. Ол: «Мен 4 қасиетіне қараймын:
Біріншісі, жігерлілік, қайраттылық (энергияға толы болу). (Бил Гейст те бір бөлім басшысын тағайындайтын кезінде оның жігерлілік қасиетіне қарайтынын айтқан. Оның резюмесі мен дипломына оншалықты мән бермеген екен.)
Екіншісі, осы жігерлілікті өзгелерге өткізе алатын, айналасындағыларды ынталандыра алатын, күш-қуат, мотивация бере алатын болуы.
Үшіншісі, бірі салада, бір нәрседе үстемдігі болуы.
Төртіншісі, берілген міндетті бітіре алатын болуы, бір істе маған келеңсіздік емес оның шешімін әкелетін адам болуы қажет» деген екен.
Керітартпа пікірлер
Батыл, табанды болу керек. «Адамдар не дейді» деген кедергілерге, керітартпа пікірлерге алаңдамау керек. Технологияда, ғылымда үлкен жетістіктерге жеткен көп адамдар осы принцип арқылы табысқа жеткен.
Томас Эдисон электрлі шамды ашу үшін адамдардың «мұныңнан түк шықпайды» дегеніне қарамастан 10 000 рет тәжірибе жасаған.
Марк Цукерберг фэйсбукты бастаған кезінде идеясының осыншалықты табысты болатынына ешкім сенбеген болатын.
«Жас болғанымда істер едім, қазір болса жасым келіп қалды» деген сияқты себептермен өзіңді шектеу де дұрыс емес. Жасы келіп шаштары ағарған адамдардың да бір іске әуестеніп, соның шыңына жеткен мысалдары көптеп кездеседі. Бәрінің ортақ қасиеті «мен осы тірлікті бастағанымда адамдар не дейді?» деп алаңдаған емес. Әрине бұл жауапкершіліксіз болу, шектен шығу, ешкімнің айтқанын, кеңесін тыңдамау керек деген мағынаға келмейді. Жауапкершілікті жүктене отырып, кеңестерге құлақ түре, мәдениетті бола отырып батыл болу деген сөз. Батылдық өте маңызды. Өмірдегі, отбасындағы келеңсіздіктер, адамдардың сөз айтуы, сәтсіздіктер, жалпы біршама нәрселер батылдығымызды тежеуі, көңілімізді түсіруі мүмкін. Бірақ кешке жатқан кезімізде басымыздан шығарып тастау, келесі күнді тынық мимен бастау керек. Ешқандай жетістік оңай келмейді. Басымызға түскен жағдайлар арине манызды, бiрақ осы жағдайлар қарсаңында қалай мәмiле ететінiңiз одан да маңыздырақ. Келеңсiздiкке қиындыққа тап болғанда ұстамды болу, сабырлы болу сол келеңсiздiктi жеңiп шығу керек. Алдымыздан шыққан әрбiр кедергi сiздi шыңдап, күшейте түседi. Маңыздысы үмітсіз болмау, сабырсыз болмау қажет.
Сабақ алу
Ешқашан «болды, жетілдім» немесе «біттім, тоқырадым» демеу керек. Бабаларымыз «Бесіктен мазарға дейін ілім үйреніңдер!» деген. Әр күніміз, әр көрген-білгеніміз, бастан өткізген оқиғалар да негізі біз үшін сабақ, тәжірибе. Ұтқанымыздан тәжірибе алғанымыздай, ұтылғанымыздан да тәжірибе, сабақ аламыз. Ізденіс ішінде болу керек. Тәжірибедегі қолданымдағы амалдарды жақсы білу мен қатар айналада болып жатқан өзгерістерді де жақсы бақылау керек. Адамдарды тыңдай білу керек.
Пікірлерге ашық болу
Джек Уэлч директорлардан бастап қарапайым жұмысшыларға дейінгі барлық қызметкерлердің жұмысқа қатысты пікірін, ұсынысын тыңдап, осы арқылы келеңсіздіктерді шешу және жұмыс барысын жақсартуды көздегенін, осы арқылы жетістіктерге жеткенін айтады.
Отбасы.
Отбасы ішіндегі жылулық, отбасы бақыты да жетістікке бастар жол. Жұбайымен жақсы мәміледе болу, бала-шағаға көңіл бөлуді назардан тыс қалдырмау керек. Егер үйде тыныштық болмаса, жұмыста жетістікті болуыңыз өте қиын.
Адал, әділ болу керек.
Жұмыс, табыс – тіршіліктің құралы. Тек қана ақша, мансап, атақ қуалап кету дұрыс емес. Осы аталғандар үшін материалдық және рухани құндылықтарды сарп етушілерден болмау керек. Қай істе, қай жағдайда болмасын, көшеде, жұмыс орнында не істесеңіз де осы қағида бойынша әрекет етсеңіз, өзіңізге де, отбасыңызға да, қоғамға да пайдаңыз тиері ақиқат.