Жеңіл салмақта ресейлік M-1 Global тұжырымының чемпионы Дамир Исмагулов UFC ұйымымен келісімшарт жасасты, деп хабарлайды akparat.com сайты.
Бұл туралы спортшының менеджері Саят Әбдірахманов желідегі парақшасында жазды.
Спортшының өзі: «Құрметті достар, бауырлар! Әлемдегі ең мықты саналатын UFC ұйымымен келісімшартқа қол қойғанымды зор қуанышпен хабарлаймын. Алғашқы жекпе-жегім жақын күндері өтеді. Қарсыласым өте мықты болмақ. ММА спортындағы үздіктердің талайын жеңген. Бұл қазақтың кім екенін дәлелдеуге берілген мүмкіндік! Менеджерлеріме атқарған жұмысы үшін алғыс білдіремін» деген қуанышымен бөліскен еді.
Дамир Исламгулов – Ресейдің Орынбор қаласының тумасы. Ресей Федерациясының атынан жарысқа шығады. Дегенмен, қазақстандық файтерлермен тығыз байланыс орнатып, жақын уақытта Қазақстан туы атынан шығуды жоспарлап жүр.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қытайдың «Кун-лун файт» тұжырымының жеңімпазы, қытайлық қандасымыз Жұмабек Тұрсын да әлемдегі ең мықты ұйымға мүше болған болатын. 3 кездесуге қол қойып, 2 рет сегізбұрышқа көтеріліп үлгерді.
Ал, қазақстандықтардың арасынан Жалғас Жұмағұлов, Қайрат Ахметов, Бейбіт Назаров секілді спортшылар UFC-ге мүше болуға жақын.
Себебі, Жалғас Жұмағұлов «Файт найтс Глобал» чемпионы. Келісімшартқа сүйенсек соңғы жекпе-жегі қалды. Ал, Қайрат «Қазақ» Ахметов «ONE FC» ұйымдастыратын жарысқа қатыспақ. Бейбіт Назаров та желтоқсанда Алматыда өтетін америкалық промоушынның жарысында бақ сынамақ.