Алматы метросы пойыздардың жүру уақыты сағат 00.00-ге дейін ұзаратын болды. Бұл туралы baq.kz «Метрополитен» КМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап мәлімдеді.
Компаниядағылардың айтуынша, жолаушылардың өтініштеріне байланысты 12 қарашадан бастап алматылық метрополитен сағат 06.20-дан 00.00-ге дейін жұмыс істейді.
«Біздің мақсатымыз - мегаполис тұрғындарына метромен жүру үшін барынша қолайлы жағдай жасау. Келесі жылдан бастап платформалар мен станциялардың касса залдарында келесі пойыздың қай уақытта келетіні көрсетілетін ақпараттық дисплейлер пайда болады», - дейді «Метрополитен» компаниясының баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, 24 қазанда Алматы метросына сегіз пойызды жеткізу туралы келісімшартқа қол қойылғаны айтылады. Айтуларынша, 32 вагоннан, әрқайсысында төрт вагоннан болатын сегіз жылжымалы пойыз жеткізіледі.