Тәуелсіздік толғауы

«Бісмілла» деп сыйынып сөз бастайын,
Ортаға салиқалы ой тастайын.
Береке мен бірлігі мықты болса
Ел іргесі мәңгілік тозбас дәйім.

Жыр бәйгесіне қосылған құлындаймын, 
Қыран де емес, бүркіт те... тұрымтаймын,
Жырлау болса Тәңірден тиген үлес
Мәңгі елді мәңгілік ұлықтайын.

Тәуелсіздік – арайлы ақ таңымсың,
Ата-бабам аңсаған шақтарымсың.
Бүкіл әлем көз тіккен – Қазақстан
Кие тұтар мәңгілік мақтанымсың.

Гүлдейсің жаңа ғана қауыз ашқан,
Талай ұлттар өзіңе бауыр басқан.
Айналған бейбітшілік бесігіне
Өзіңе арнап жазады дәуір дастан.

Қазағымның көз салсам өткеніне,
Қуаныш та, қайғы да өтпеді ме?!
Бөтен елге бодан боп қайран қазақ
Көздің жасын көлдетіп төкпеді ме?!

Төтеп берген тағдырдың талқысына,
Қонды келіп еліме бақ құсы да.
Көк байрағы желбіреп көк аспанда
Еліміздің жайнайтын бұл тұсы да.

Еркін елге өр мінез жарасады,
Тәуелсіздік – ертеңге жол ашады.
Ұйып тұрған айрандай татулығы-
Бүгіні мен елімнің болашағы.

Айналды елім ынтымақ тұрағына,
Көкте самғап еркіндік қыраны да.
Арманы еді Мәңгі ел Тоныкөктің-
Бүгінгінің айналды ұранына.

Қайтпас қайсар, өр мінез ұлтымыз бар,
Жайлап жатқан жерімді ұлтымыз бар.
Қазағыма сый қылып тәңір берген
Тепкілесе кетпейтін құтымыз бар.

Имандылық нұр болып тамса көктен,
Жүректерді жылытар ізгі көктем.
Мәңгі елдің ғұмыры мәңгі болсын
Ата-бабам осыны аңсап өткен.

Ел-бәйтерек, жастары-жапырағы,
Кең жазира, ұлан байтақ атырабы.
Қыраны боп елімнің қалықтайын-
Болашағым қол бұлғап шақырады!

 

Авторы: Самғар Жарқынбек. 


 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз!