Күмістелген күмбір-күмбір сырғасы,
Күміс сырға ғасырлардың сырласы.
Бәйшешектей Алаштың ай аруы,
Сәмбі талдай сұңғақ біткен тұлғасы.
Ары, жаны тау суындай тұнығы,
Жанарында күн көзінің жылуы.
Сонау сағым ғасырлардың кербезі,
Қасың қандай, хас Түркінің сұлуы.
Сүмбіл шашы иығына асылып,
Қос шолпысы ақ тамағын жасырып.
Ақ маңдайда ай сағымы ұялап,
Кірпігінен таң шуағы шашылып.
Жасыл жаздың самалындай лебі,
Бала қайың майысады білегі.
Сүйгеніне шын берілген-жүрегі,
Қараша үйдің амандығы-тілегі.
Ақ далада ат жалында жарысып,
Тал бастауда тағдырымен танысып.
Көк Түріктің күндей күлген аруы,
Бара жатыр замандармен табысып.
Сақ, түркінің самал дидар аруы,
Жасын жігер жүректердің дәруі.
Ел басына күн туғанда сел кешіп,
Ай семсері қолына алған қаруы.
Асыл ару батырларға тең келіп.
Ай қабағы келбетіне өң беріп,
Қазақ қызы қырмызы гүл секілді,
Сар даланың самалымен тербеліп.
Маңдайыңнан ырыс бағың арылмас,
Алаш қызы сендей ару табылмас.
Инабаты ерлігіне тең келген,
Қалықтай бер, шарықтай бер қарлығаш.
Авторы: Таңсәуле Әгенқызы.