Өмір деген

Өмір деген - тоқтығы емес қарынның,
Өмір деген - адалдығы арыңның.
Саған тілер жалғыз менің тілегім,
Қадірін біл қолыңдағы барыңның.

Өмір деген - жылау емес түнімен,
Өмір деген - жақсы көру шынымен.
Шын бақытты болғың келсе өмірде,
Иманды бол бар Алланың құлымен.

Өмір деген - мен тірімін адаммын,
Өмір деген - саған шаттық маған мұң.
Бес күн жалған марғау тірлік ішінде,
Бақыт деген - бір күлкісі Анаңның.

Өмір деген - түзете алу қатеңді,
Бақыт деген - көру емес жат елді.
Мейірімге құшырлана қана алмай,
Бақыт деген - бір құшақтау Әкеңді.

Қадірін ұқ қара бақыр тыйынның,
Маңызды емес қымбаттығы киімнің.
Қорғаны жоқ жетімдер көп жалғанда,
Бақыт деген - бар болғаны үйіңнің.

Бақыт бізбен санаспайды десекте..
Бақыт құнын өзің онда есепте..
Бақыт деген - орын алу жүректен,
Бақыт деген - жату емес төсекте.

Сезім деген - тәтті кейде қатал - ақ,
Сенім деген - сену емес жата ғап.
Сенімменен сезім мықты үйлессе,
Мәңгілікке туды дей бер махаббат.

Достық деген - қаңғу емес көшеде,
Доспен бірге көгереді көсеге.
Достық деген - ішу емес арақты,
Шын дос болсаң мерейін бір еселе.

Өмір сүру - сезу өмір шаттығын,
Көре білу қараныңда ақтығын.
Өмір деген - отау тігіп үйленіп,
Өмір деген - есту бала тәтті үнін.

Авторы: Нұрбек Бекұлы.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз!